Ресейден жүлдемен оралды

Ресей Федерациясының Орел қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Дельфийлік ойындарына қатысып келген ақмолалық Бауыржан Нұрмұханов алтын медальға қол жеткізіп, еліміздің абыройын асқақтатты.

Халықаралық Дельфийлік ойындардың негізгі мақсаты мәдени әртектілікті қолдап, ұлттық мәдениетті сақтау, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында қарым-қатынас орнатып, орындаушылардың кәсіби тұрғыда өсуін және шығармашылық қабілеттерін дамыту болып табылады. Осы орайда, Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжінің дәстүрлі ән бөлімінің 2 курс оқушысы Бауыржан Нұрмұханов бағы мен бабын сынады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен дәстүрлі ән аталымы бойынша 59 жас өнерпаз қатысты. Екі кезеңнен де сүрінбей өткен Бауыржанның өнерін қазылар алқасы жоғары бағалады. Ол аталмыш  аталымда Біржан салдың «Айтпай», Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ», Балуан Шолақтың «Ғалия» әнін нақышына келтіре орындап, дәстүрлі ән аталымы бойынша тұңғыш рет алтын медаль еншіледі. Халықаралық Дельфийлік ойындарында он бес аталымның он екісіне қатысқан қазақстандықтар бір алтын, төрт күміс, екі қола медаль алғанын айтып өткеніміз жөн.
–Дельфийлік ойындардың республикалық іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, Ресейде өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Байқау жоғары деңгейде өтті. Әрине,  шәкіртім Бауыржанда қобалжу болды. Шыны керек, жеңіс тұғырынан көрінеміз деп ойлаған жоқпыз. Тек, дипломант атанып, өзіміздің бағымыз бен бабымызды сынағымыз келді, – дейді Бауыржанның жетекшісі дәстүрлі әнші Эльмира Төлеубаева. Тағы бір айта кетерлігі, дәстүрлі ән аталымы бойынша екінші және үшінші орындарды Татарстан мен Мәскеу қаласының өнерпаздары иеленді.

«Арқа ажарының» өз ақпараттары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар