Риза көңіл, ізгі ниеттің алғысы

Биыл қатарынан екінші жыл атап өтілген Алғыс айту күні көктемнің алғашқы шуақты күнімен қатар келіп, көңілдерді ерекше бір жылы әсерге бөледі. Жер-жерде осы айтулы оқиғаға байланысты өткізілген іс-шаралар да адамдарды өзіне тартып, мына нарықтың қатал заңы билеген алмағайып заманда халықтың бір-біріне деген мейірім-шапағатының қаншалықты қымбат әрі қажет екендігін айқын көрсетіп берді.

Ақмола облыстық мұрағат және құжаттандыру басқар-масы мен мемлекеттік мұрағат өткізген кездесу «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» деп аталды.
 Көпұлтты Қазақстанның бірлігін нығайту, қазақ халқы мен өзге этностардың салт-дәстүрі мен мәдениетіне, тарихына сыйластықпен қарау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, түрлі этностар арасында достықты қалыптастыру, «Мәңгілік ел» құндылығы негізінде қазақстандық патриотизмді
насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға облыстық мәслихаттың депутаты, «Той – дастархан» ЖШС-нің директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Елена Мащинская, «Бари» армян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Рузанна Дегоян және мұрағат қызметкерлері қатысты.
– Қиын-қыстау кезеңдерде жер аударылған өзге ұлт өкілдеріне қорған болып, бауырына басқан қазақ халқына олар әрқашан риза. Сол бір ауыр шақтарда қазақ халқының көмек-қолдауының арқасында аман қалған осындағы барша этностардың ризашылығы мен алғысы ұлтаралық  өзара сыйластық пен достыққа, келісім мен татулыққа негіз болып отырғаны сөзсіз, – дей келе,  облыстық мұрағат және құжаттандыру басқармасының басшысы Мәрзият Тохаева жиналған қауымды Алғыс күнімен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Облыстық «Үздік мұрағатшы» байқауына демеуші болып, қолдау көрсеткен Елена Мащинская мен  «Бари» армян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Норик Магломянды Алғыс хатпен марапаттады. Іс-шара барысында «Ризамын қазақ халқына, ризамын елім, саған!» атты бейнефильм мен күштеп жер аудару қасіретін баяндайтын  деректі бейнероликтер көрсетілді. Кеш соңында қонақтар мұрағат қызметкерлеріне өздерінің ізгі тілектерін айтты.
Ырысалды Шамшиева.

Аудан орталығы Ерейментау қаласында Алғыс айту күні қайырымдылық шараларымен ұштастырылды.
Осы күні татар-башқұрттардың «Янарлық» қоғамы қаладағы «Мелодия» дәмханасына жиналып, ән-бимен өрілген әдемі шара өткізді. Жиналған жұртшылық алдында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кәмила Ахмедиярова, қоғамдық кеңестің төрайымы Зейнеп Жүсіпова  сөз сөйлеп, бірлігі мен татулығы жарасқан елімізде барлық ұлттар мен ұлыстардың ана тілдері мен ата дәстүрлерін сақтап, еркін өмір сүрулеріне  жағдай жасалып отырғандығын атап өтті.
Осы күні ауданның іскер әйелдері клубы өкілдері «Шын жүректен» мерекелік акциясын өткізді. Светлана Чернышева, Торғын Әлиева және Талғат Қалиев сияқты кәсіпкерлердің демеушілігімен тегін түскі ас ұйымдастырылды.
№2 орта мектеп-лицейінің оқушылары жалғызбасты қариялардың үйлеріне барып, аулалары мен үй маңайының қарын күреп, тазартуға көмектесті. Алғыс күнгі осындай қайырымдылық шаралары ауданның басқа елді мекендерінде де болды.

Раушан БАРЖАҚСЫ.
Ерейментау қаласы.
Аудандық  жастар орталығында өткізілген  «Татулығы жарасқан, тағдыры бір халықпыз» атты жиын да мазмұндылығымен ерекшеленді.
Мерекелік шараға ауданда өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері қатысты.
Олар тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударған түрлі халықтардың атынан қасиетті қазақ жері мен оның халқының қонақжайлылығына тағзым етті.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асылбек Байжұма көктемнің осындай игілікті мейраммен  басталуының өзіндік мәні бар екендігін айта келіп, сол бір тарихи қуғын-сүргін, күштеп жер аудару жылдарындағы қиыншылықтарға тоқталды. Сол кездегі ауыртпалықтарды  бірге бастарынан өткерген қазақ халқы мен қоныс аударылған ұлттар бүгінде бір шаңырақтың астында бірлігі жарасып өмір сүріп жатыр.
Шара барысында миллиондаған өзге ұлт өкілдерін өз бауырына басып, бір үзім нанын бөліскен қазақ халқының дархандығы мен алғыс айту күнінің маңыздылығын бейнелейтін «Қазақ еліне мың алғыс!» бейнеролигі жұртшылық назарына ұсынылды. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдері өз тілдерінде бір-біріне мерекелік құттықтаулар айтып, қазақ еліне алғыстарын білдірді. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Руслан МАХАНОВ,
Аршалы аудандық тілдерді оқыту
орталығының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар