Өрлеу сыры – бірлікте

«Достық» үйінде «Қазақстан – 2050» Ақмола облысының демократиялық күштері коалициясының басқосуы болып өтті. Бұл шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева қатысып, сөз сөйледі. Мәжіліске «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов төрағалық етті.

Бұл жолғы басқосудың тақырыбы «Лад» республикалық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Максим Крамаренкомен ұсынылған еді. Шараға қатысушылар «Қазақстан халқының бірлігі – экономикалық әл-ауқатымыздың және өркендеуіміздің негізі» деген тақырыпта ой бөлісіп, пікір алмасты.
«Лад» қозғалысының жетекшісі  жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатқан қазақ елінің ішкі тұрақтылығының маңызды қырларын сөз етті.  
«Көкше» академиясы тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Роза Бұқтығұтова өзінің ғылыми-сараптамалық  зерттеу әңгімесінде қазақ ұлтының қоғамымызда ынтымақты жарастырудағы рөлі жайлы айтып берді. Қазақ ұлтының аясында топтасу – елдің ішкі және сыртқы саясаттағы жетістігінің кепілі болатынын  өз сөзіне арқау етті.
Ал, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының  идеология жөніндегі орынбасары Бақыт Смағұл алашқа киелі мекен болған сайын далада  тәуелсіздіктің көк байрағы асқақтап, азат елге айналған  қазақтың ұлық істерін, тағылымды тарих шежіресін  сөз етті. Қорғалжын мен Ұлытаудағы қазақ хандарының кесенелерінен табылған қабір тастарында нақышталған шексіздік нышаны Елбасының «Мәңгілік ел» идеясының басты символы ретінде айшықталып, Алаштың кешегі және бүгінгі тарихының осылай астасуының таңқаларлық құбылыс екенін дәйектер арқылы жеткізді.
Жиналғандар назарын аударған келелі бір пікірді Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогика колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат білдірді. Ол басқаратын оқу орнында бүгінде қырыққа тарта басқа ұлт өкілдері білім алуда. Жетімдер үйінен де келіп оқып жатқан жас талапкерлер бар. Алғаш колледж есігін ашқанда тілдері жұтаңдау болса, келе-келе қазақшаны өз ана тіліндей тез меңгеріп кетуінің  басты себебі, ол жастарда тіл үйренуге деген құлшыныстың  бар екендігімен түсіндірді.
«Видергебурт» облыстық неміс ұлттық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің  жетекшісі Светлана Корнеева, ауыр атлетикадан еліміздің еңбегі сіңген жаттықтырушысы Батырбек Оздоев, «Мұсылман әйелдер лигасының» мүшесі Қағира
Рахымовалар  Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясаты жайлы толғана сөйледі. Ел бірлігі – ең асыл қасиет екенін, тілі, діні басқа болса да, тілегі бір ұлт өкілдерінің ортақ Қазақстанның болашағы жолында бір мүддеге топтасуының шынайылығын астарлы жеткізе білді.
Парламент өкілі Айгүл Соловьева  адамды ортақ мүддеге тоғыстыратын құндылық – отансүйгіштік екенін  баса айтты.  Ата Заңымызда да ортақ тарихи тағдыр біріктірген мемлекетті құруға ынта білдіргеніміз осыны аңғартса керек.
«Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ел болып, өркениетке жету үшін бірлігімізді нықтап, ынтымағымызды жарастырсақ, бұл біздің басты табысымыз. Облыстың демократиялық күштер коалициясы да осындай  ұлағатты ой-пікірмен тарқасты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар