«Құрмет» орденімен Құрметтелді

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Дәулет Қысталасов 95 жастағы қарт майдангер, сала ардагері Әміржан Сайытовтың үйіне арнайы барып, жоғары мемлекеттік награда – «Құрмет» орденін табыс етті.

Қостанай облысында дүниеге келген отставкадағы полковник   өз әскери қызметін 1940 жылы Приморский өлкесінің  Шкотов станциясындағы 92-інші атқыштар дивизиясының 317-інші атқыштар полкінен бастаған. Бір жылдан кейін  Қиыр Шығыс округіндегі кіші лейтенанттар курсына жіберіліп,  оны бітірісімен 72-інші танк полкі жеңіл танктер  взводының командирі болып тағайындалады.  Артынша  ол 204-інші  танк бригадасының командирі болды.  Ал, 1945-1946 жылдары Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында Жапониямен болған ұрыстарға қатысты.  Майдангердің осы Ұлы Отан соғысында, жапон милитаристерімен  болған шайқастарда көрсеткен ерлігі бағаланып, ол «Германия-ны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Кейін КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің жедел құрамды даярлайтын курсынан өтіп,  Тува автономиялық облысы бойынша оперативтік өкіл болды. 1956 жылы  Көкшетау қаласына келіп, жұмысын жалғастырады. Аталған департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Ыбыраевтың да осы салаға келуіне түрткі болған Әміржан ақсақал. Соңынан ерген жастарға жол көрсете жүріп, ол талай лаңкестік жолындағы азаматтың ел тыныштығын бұзуына жол бермеді.  Отставкадағы полковник  он ведомстволық медальдың иегері. Ардагер атамыз тоқсан жасқа дейін «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамында нұсқаушы болыпты. Алайда, былтыр жолда көлік қағып, содан аяқтарынан әл кетіпті.
Президенттің өзі қол қойған осы жоғары марапатты тапсырған ҚР ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Дәулет Қысталасов соғыстан аман оралып, осы органда жұмыс істеген 56 азаматтың ішінен көзі тірісі Әміржан ақсақал ғана екендігін айтты. Сондықтан, оның есімі департаментте жуырда ғана орнатылған даңқ ескерткішіне енгізіліп отыр.
– Сіз біз үшін тірі аңызсыз. Барлық жеке құрамға, әсіресе, жас қызметкерлерге сіздің Отан үшін аянбаған жанқиярлық ерлігіңіз, осынша жасқа келсеңіз де, еңсеңізді түсірмей, тік ұстай білген зор рухыңыз үлгі. Біз өзіңізбен мақтанамыз, – дейді ол.
Майдангердің қызы Юлия әкесін назардан тыс қалдырмай, ұдайы көңіл бөліп отыратын азаматтарға алғысын жеткізді. Қария дастархан басында сонау сұрапыл жылдардың естеліктерімен бөлісті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар