Ұрпағымызды ойласақ, екпе егуден бас тартпайық

Қазіргі таңда балаларына екпе жасатудан бас тартатын ата-аналар қатары өсе түскен. Әсіресе, дәстүрлі емес діни ағымдарға ерушілер қатарында мұндай жағдайлар жиі кездеседі.

 

Былтыр көктемде кішкентай қызыммен ауруханаға түсіп қалдым. Кезекші дәрігердің тексеруінен кейін аурухана палатасына баруға әзірленіп жатыр едім, бір тұмшаланған келіншек ауырып қалған баласына екпе жасауына қарсылық білдіріп, келіспей тұрғанын көріп, ішімнен мұнысы несі деп ойладым. Кезекші дәрігер баласына дәрі беріп, екпе жасап емдеу қажеттігін түсіндіріп жатыр, бірақ, әлгі келіншектің көнетін түрі жоқ. Сөйтіп тұрып, дәрі ішуге рұқсат беріп, екпе жасаудан бас тарту туралы арызын жазып берді.
Кейін облыстық балалар ауруханасында жұмыс істейтін құрбымнан осындай жағдайлардың жиі орын алып тұратындығын естідім. Емханалар мен ауруханаларда тұмшаланған кейбір дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері балаларының ауырып, қиналып тұрғандарын көрсе де, екпе жасауға немесе ота жасауға рұқсат бермей, біраз уақыт бас тартып жүретіндігін айтып берді. Тіпті, сәби жаңа туған кезде берілетін арнайы екпелерден де бас тартатындар да жиі кездеседі екен.
Бұл шынымен ойландыратын мәселе. Баламыздың денсаулығы үшін дәрігерден бұрын өзіміз безектеп, арнайы тексерістерден қалып қоймауын, әр екпесін уақытылы алуы үшін қам жеп жүргенде, олардың мына қылықтарына мен әбден таң қалдым.
Жақында Целиноград ауданының әкімдігінде осындай мәселелерге қатысты «Қазіргі заманғы қоғамдағы медицина мен діннің өзара қарым-қатынасы» тақырыбында дөңгелек үстел болды. Сол жолы аудан әкімінің орынбасары Алма Айтқожина:
– Көптеген жылдар бойы біз медицина мен дінді өзара тығыз байланыстырып келдік. Діндегі құлшылық пен наным-сенім, дәстүрлердің барлығы адамдарға қамқорлық, қайырымдылық жасаумен түсіндіріліп келді. Алайда, қазіргі таңда діни ағымдарды ұстанатын ата-аналардың балаларына екпе егуден бас тартуы жиілеп кетті. Бұл ересектердің екпені бала денсаулығына зиян келтіреді деп қате түсінуінен, – деді.
Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған аудандық орталық емхананың бас дәрігерінің орынбасары біраз жайды сонда жиналған жұртшылыққа түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бұл үрдіс олардың тәжірибесінде соңғы жылдары жиілеп кеткен. Бүгінде ол денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналуда. Көптеген азаматтар бұл әрекеттерін дінмен байланыстырып, нақтырақ айтқанда білімсіздіктерінің салдарынан балаларына екпе жасатпай жатқан көрінеді. Бұл мәселені Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі шеңберінде қараса, пайдалы болар еді. Алайда, заң бойынша ата-аналардың келісімінсіз балаларға ем-шаралар жүргізуге болмайды. Сондықтан да, дәрігерлер оларды балаларына екпе жасатуға мәжбүрлей алмайды. Мұндай жағдайда, денсаулық сақтау мекемелерінің мамандары мен психологтары олармен түсіндіру-ақпараттандыру жұмыстарын ғана жүргізе алады екен.
–Өзімнің өмірлік тәжірибемнен дәрігер ретінде айтарым, екпе егілген бала жұқпалы ауруларға шалдықпайды. Ауырған жағдайда да бәрібір науқасы жеңіл түрде өтеді. Ал, балалардың ауыру себебі көпшілігі вакцинадан емес, вакцина алар алдындағы дәрігер бақылауының салғырттығынан дер едім. Яғни, кейбір әріптестерім, бала екпе алар алдында денсаулығына, әсіресе, жүйке жүйесіне жіті назар салғаны абзал, – деді аудандық орталық емхананың бас дәрігерінің орынбасары А.Айтбаев.
Қосшы ауылының имамы Ыбырай Қазанғаповтың сөзіне қарағанда, балаларға екпе жасаудан бас тарту дұрыс емес. Сіздер қаншалықты инъекция жасасаңыздар да, сіздердің өмірлеріңіз бен өлімдеріңіз бір Алланың қолында деген рас. Бірақ, кез-келген мұсылман ауырып жатқанда қол қусырып отырып, Алладан құр тілегеннен ештеңе шықпайды. Ем іздеу қажет. Мен де осы мәселе туралы жиі естіп жүрмін. Вакцинация жасаған дұрыс. Денсаулық сақтау министрлігі екпе жасаудың барлық тиімді жақтарын, бас тартқаннан кейінгі жағдайды барлығын толық түсіндіру жұмыстарын уақытында тиісінше тиімді жасауы тиіс. Сонда ғана халықтың ешқандай сұрақтары болмайды, мұндай келеңсіз мәселелер де азаяр еді деп өз ұсынысын жасады.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары аудан бойынша екпе жасатпаған ата-аналардың тізімін алып, тиісті мекемелерге түсіндіру шараларын жүргізуді тапсырды.
Қазақстанның әрбір азаматы алдын алу екпелері туралы толық ақпаратты медициналық қызметкерлерден кез-келген уақытта ала алады. Екпе алар алдында дәрігер қарауынан, қажет болған жағдайда толық медициналық зерттеуден өткен абзал. Дәрігердің ұйғарымы бойынша ем қабылдап, екпе алып, дәрі-дәрмектерді пайдаланған жөн. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлер де екпе алмаған немесе одан бас тартқан адамдарға мониторинг жүргізіп отырулары тиіс. Не үшін бас тартып жатқандығын анықтаулары тиіс.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 1059 ата-ана балаларына екпе салдырудан бас тартыпты. Олардың екі жүздейі діни себептерді алға тартқан. Қалғандары интернет желісінен түрлі келеңсіз пікірлерді оқып алып, әртүрлі себептерді келтірген. Жалпы, облыста балаларға екпе жасауға республикалық бюджеттен 1 177 667 теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттен оған 105 миллион теңге көлеміндегі қомақты қаржы бөлінеді.
«Жұқпалы аурулар, инфекция деген адам таңдамайды. Егер егу жұмыстары жүргізілмесе, бұл генофонға кері әсерін тигізеді екен. Сондықтан, қарсылық көрсеткендерге де мұқият түсіндіру жұмыстарын қолға алып, міндетті түрде егу жұмыстарын жүргізу керек» дейді медицина мамандары. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйенетін болсақ, жыл сайын вакцинаның арқасында 3 миллиондай сәби ажал тырнағынан аман қалып, 750 мыңдай бала мүгедектіктің құрығына түспейді. Бұл – сарапшылардың вакцинасыз кезеңмен, уақытылы вакцина егілетін бүгінгі кезеңді салыстыра келе түйіндеген статистикасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінде жыл сайын түрлі сырқаттан көз жұматын адамдардың үштен бір бөлігінің өлімі жұқпалы аурулардан болатыны айтылған. Әлем бойынша шамамен 2 миллион сәби қазіргі таңда вакцинасы табылмаған түрлі жұқпалы аурулардан көз жұмады екен. Міне, әлем халқы вакцинасы жоқ жұқпалы аурулардан зардап шегіп жатқанда, алдын алу вакцинасы белгілі қауіпті дерттерден сақтандыратын екпелерден ата-аналардың бас тартуы ақылға сыйымсыз. Қазіргі таңда 27 түрлі ауруды алдын алудың вакцинасы анықталған. Яғни, жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі бірден-бір құрал халықты егумен толық қамту екенін жұртшылықтың жаппай түсінуі қажет.
Ал, діни ағымдарды жамылып, балаларына міндетті екпе жасаудан, өздеріне де қажетті жағдайларда дәрі-дәрмектерді пайдаланудан бас тартқандарға қатысты заңға өзгертулер енгізілсе немесе айыппұл төлеу туралы ұсыныстар жасалса, балалардың шаттыққа толы күлкілері көбейер еді. Өйткені, дені сау ұрпақ – ертеңгі болашағымыз.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар