«Әртістеріміз өнерді, осы жерді сүйеді»

Ақмола облыстық орыс драма театры директорының міндетін атқарушы
Бейбіт Бақтыгереев:

Киелі Көкше топырағында 1977 жылы негізі қаланып, алғаш Көкшетау, кейін Ақмола облыстық орыс драма театры атанған бұл өнер ордасы туралы айтылар сөз көп. Театрдың жаңа маусымы алдында ұжымды игі ізденістерге жұмылдырып отырған Бейбіт Бақтыгереевті сөзге тартқан едік.

– Әңгімеңіздің әлқиссасын өнер  ұжымының жеткен жетістіктерінен бастасаңыз.
– Өткен театр маусымында орыс драма театрының алған асуы, жеткен жетістігі көп дей аламын. Біз үшін маусым жемісті болды. Қазақстан Республикасы Театр қайраткерлері одағының ұйымдастыруымен «Еңлікгүл – 2014» фестивалінде біздің театр әртісі Людмила Скуратова-Нидзельская жылдың ең үздік әртісі атағын жеңіп алды. Былтыр халықаралық деңгейдегі үш фестивальге қатысып, жүлдемен оралғанымызды да ерекше мақтанышпен айтып өткім келеді. «Зойкина квартира» спектаклімен Йошкар-Ола қаласында өнер көрсеттік. Онда да біздің театр әртісі Анна Бронникова ең үздік әйел рөлін сомдауымен көзге түсті. Ресейде заманауи драматургияға бейімделген 500 театрдың ішінен халықаралық деңгейде ең үздік 38 театр іріктеліп алынды. Біз сол үздіктердің қатарындамыз. Бұл біз үшін зор мәртебе.
– Енді өзіңіз басқарып отырған өнер ұжымына тоқтала кетсеңіз.
– Ұжымда 39 өнер адамы бар. Барлығын да дарын иелері деп айтсам еш қателеспеймін. Жартысынан көбі әйелдер мен қыз-келіншектер. Жылдар бойы жемісті еңбек етіп, талай биік белестерден көрінген Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Виктор Крылов, Надежда Слепцова сынды өнер майталмандарымызды, сондай-ақ, Василий Гречанников, Людмила Скуратова–Нидзельскаялардың есімдерін ерекше айтып өтуге болады. Театрдың бас режиссері Ольга Луциеваны кемел талант иесі дер едім. Ұжымда жас әртістердің де алар орны ерекше.  Олардың ішінде Андрей Красноштанов, Андрей Владимиров, Анастасия Малицкая бар. Өткен жылы театр маусымының ашылуына Ресейден дарынды өнерпаз Оксана Науменко келді. Әртістерімізді бір-бірінен бөле- жарғаным емес, бірақ есімдері аталған өнерпаздардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, бір адамның бар шаруаны тыңдыруы мүмкін емес. Жұмыла еңбек еткенде ғана ұжым биік белеске көтеріледі. Осы мақсатта қоян-қолтық жұмыс істеудеміз.
– Жалпы, репертуарларыңызда қанша спектакль бар?
– Бүгінгі таңда репертуарымызда 26 спектакль бар. Ал, ескіріп, консервацияға түскен қойылым қаншама. Араға уақыт салып, оларды елеп-екшеп, өңдеуден өткізген соң қайтадан көрермендердің назарына ұсыну да  ойымызда бар. Жалпы, бюджеттен қойылымдарды қоюға жылына 2 миллион 500 мың теңге қаржы бөлінеді. Бұл–көлге тамған тамшыдай ғана. Декорациясы аз бір спектаклді қою үшін кем дегенде бір миллион теңге қажет. Ал, біз бір жылда 7-8 спектакль сахналаймыз. Биылдың өзінде «Примадонна комедиясы», «Сказка о мертвой царевне», «Абылай хан», «Алые паруса», «Синбадтың жаңа хикаялары» деген 5 спектакльді қойдық.
– Жаңа маусым «Пять премьерных вечеров» деген атаумен ашылмақшы. Бес күн қатарынан Гриннің «Алые паруса» спектаклі көрермен назарына ұсынылады.  Кішкентай көрермендерімізді де ұмытқан емеспіз. Оларға  «Синдбадтың жаңа хикаялары» ертегісі қойылады.
– Өнердің қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Шешімі табылмай жатқан күрмеуі қиын мәселелер де бар шығар?
– Дұрыс айтасыз, әр ұжымның өз мәселелері болады. Бәрі жақсы деп айтуға да болмас. Дегенмен, кездескен қиындықтардың бәрі уақытша деп ойлаймын. Театр сахнасын дыбыс және жарық беру аппаратымен жаңарттық. Өкініштісі, ғимарат театрға бейімделмеген. Өздеріңіз де жақсы білесіздер біз «Көкшетау» мәдениет сарайының бір жағында отырмыз. Сахна құрылысы дұрыс емес. Заманауи көпадамдық мюзикл жасай алмаймыз. Соған қарамастан, жоқтан бар жасап, көштен қалмауға ұмтылудамыз. Тағы бір мәселе, әртістердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да мәз емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті әкімдік тарапынан 10 шақты әртіске пәтер берілген еді. Бірақ, бүгінгі таңда жас әртістеріміздің көбінде баспана жоқ. Пәтер жалдап, күн көреді. Ал ай сайын алатын жалақылары орташа есеппен небары 37 мың теңге. Бұл жарытымсыз жалақыға қалай күн көрмек? Сондықтан, жағдайларын ойлап, тапқан азын-аулақ тиын-тебенімізді жинастырып, қосымша еңбекақыларына  төлеп отырмыз.
Театр әртістеріне «пәтермен қамтамасыз етеміз, жалақыларың жоғары болады» деген сияқты уәделермен әсіресе, көршілес Ресей елінен шақыртулар көптеп түсіп жатады. Бірақ, еңбекақының аздығына қарамастан, олар өнерді, осы жерді  сүйеді. Осындай түсінігі мол жандарға әрқашан басымды иемін.
– Мақсат, жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– Енді алдағы жоспарларымызға ойысайын. Алдағы уақытта үлкен халықаралық фестивальдерге қатыссақ дейміз. Ол үшін репертуарымызды жаңартуды, ұйғарып отырмыз. Қалада балаларға арналған ойын-сауық, демалыс орындары жоқтың қасы. Өзін-өзі тану бағдарламасының негізінде театр жанынан 1-4 жасқа дейінгі балаларға арналған қуыршақ театрын ашу ойымызда бар. Батыс елдерінде мұндай үрдіс әлдеқашан дамыған. Біз де осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Қуыршақ театрында балалар тек спектакльдерді тамашалап қоймайды, олардың өздерінің де сол қойылымдарға жағдай  жасаймыз.
– Кез-келген өнер ұжымының бағасын әрине, халық береді. Дегенмен, өз мүмкіндіктеріңізді іштей қалай бағалайсыз?
– Өткен маусымда Астана қаласында екінші халықаралық «Сахнадан сәлем» фестивалі өтті. Онда біз көрермендерге «Эдит Пиаф» спектаклін ұсындық. Дәл осы спектакльді Астананың орыс драма театры да қойды. Бірақ, қазылар алқасы бізге жоғары баға берді. Қазақстандағы театрлардың  барлығын білемін. Олардың көбімен араласып тұрамын. Деңгейлері де  жақсы таныс. Мақтанғаным емес, салыстырып айтар болсақ, біздің деңгейіміз астаналық театрлардан кем емес. Бұл ұжымның жемісті еңбегі деп білемін.
– Орыс театрлары драмалық шығармаларды таңдауда көп қиындық көрмейді. Өйткені, орыс тілінде жазылған мұндай туындылар мол. Тек дұрыс таңдай білу қажет. Қазір заманауи технологиялардың заманы. Ғаламтордың де мүмкіншілігі жоғары. Компьютермен жұмыс істей алатын әрбір адам ғаламтор желісіне кіріп, шет елдік қойылымдарды тамашалай алады. Бұл әрине қуанышты жағдай. Бірақ, біз кеңес дәуіріндегі үйреншікті қалыппен жұмыс істеп жатырмыз. Театр маусымының ашылуына  кассада билет жоқ. Осының өзі-ақ бізді қанаттандырып отыр.
Ал, кейбір облыстарға жолым түсе қалғанда көретінім,  театрларына көрермен таппай қиналады. Бұл нағыз рухани күйзеліс, күйреу дер едім.
– Театрдың бір өрісі – гастрольдік сапарлар. Өздеріңізде бұл мәселе қалай шешілуде?
– Гастрольдік сапарға шығу үшін үкіметтен ақша бөлінбейді. Бірақ, біз жылына екі мәрте облыстың аудандары мен  ауылдарын аралаймыз. Ол жақта бізді кәдімгідей асыға тосып жүретін, тұрақты көрермендеріміз де бар. Қолдаушысы бар өнер ешқашан жетім болмайды. Жыл басынан бері 18 мың көрерменді қамтысақ, соның тең жартысы облыс аудандарынан. Жақын облыстарға да гастрольге шығып тұрамыз. Петропавл, Теміртау, Қарағанды, Астана жастар театрларымен байланысқа шығып, өзара қарым-қатынасты нығайту мақсатында меморандумға қол қойдық. Қазір Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігімен де тікелей байланыс орнатып жатырмыз. Санкт-Петербург, Ялтада өтетін театр фестивальдеріне шақырулар келіп жатыр. Алматы қаласына да гастрольге шығу ойда бар.
– Әңгімеңізге рахмет. Театрдың жаңа маусымы жемісті ізденістерге толы болсын!
Сұхбатты жүргізген
Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА.

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар