Құрылысшыларға құрмет көрсетілді

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Достар» мәдениет сарайында өткен Құрылысшылар күніне арналған салтанатта құттықтау сөз сөйлеп, еңбегімен көзге түскен бірқатар құрылысшыларды төсбелгімен, медальмен және Алғыс хатпен марапаттады.

Мерекелік шараға келген жұрт алдымен, өңір құрылысынан сыр шертетін көрмені тамашалады. Шара басталғанға дейін қазақстандық сазгерлердің құлақтан  кіріп, бойды алатын әндерін тыңдады, құрылысшылар жөніндегі бейнероликті тамашалады. Облыс әкімі құттықтау сөзінде құрылысшы мамандығы ерекше сый-құрметке ие екенін айтып өтті.
– Мемлекет басшысы өз сөзінде тұрғын үй құрылысы экономикамыздың жаңа локомотиві екенін атап өтті. Сондай-ақ, сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында адамдар өмірінің сапасы жақсаруда. Құрылысшылар қаламыздың қайталанбас көркін жасап, биік әкімшілік ғимараттар, демалыс кешендерін, тұрғын үйлер мен сауда супермаркеттерін тұрғызуда. Сіздер сапалы тұрғын үй, әлеуметтік және өнеркәсіп салаларының жаңа нысандарын саласыздар. Ескі ғимараттарды қалпына келтіріп, келешек ұрпақ үшін сақтауға көмектесесіздер. Қазіргі заманғы технологияны игеріп, жаңа құрылыс материалдарын енгізіп, өз салаларыңызды дамытудасыздар. Еңбектеріңіздің нәтижесін пайдаланған мыңдаған адамдардың алғысына бөлендіңіздер. Бұл жерде аға ұрпақ үлесін, сала ардагерлерінің ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды. Асқар Хасенов, Амангелді Қаймулдин, Владимир Комиссарчук, Сергей Шафар, Фарид Ғалымов, Татьяна Савенко, Виктор Мартынов және өзге де еңбек ардагерлері сонау бір қиын кезеңде өздерінің мамандықтарына адал болды. Құрметті еңбек ардагерлері, сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін,–деген аймақ басшысы биылғы құрылысшылар мерекесі еліміздің тарихында маңызды орын алатын «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өткізілуімен тұспа-тұс келгенін айтып өтті. Астананың жаңа ғимараттары мен көрменің нысандарында да біздің құрылысшылар қолының ізі қалды. Облыстың құрылыс ұйымдары бай тәжірибеге, даңқты дәстүр мен қуатты әлеуетке ие.
– Сіздер «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруға белсене қатысудасыздар. Құрылысшылар еңбегінің арқасында Көкшетау қаласының көркі өзгерді. Құрылыс қарқыны артып, ғимараттарды қалпына келтіру белсенді жүргізілуде. Бірінші жартыжылдықта өңірде жүргізілген құрылыс көлемі өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 101,5 пайызды құрады. Биылғы жылы 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бюджет қаржысы есебінен тағы 860 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ағымдағы жылы әлеуметтік саланың 34 нысанының құрылысына 9,5 миллиард теңге бөлінді. Көкшетау қаласындағы Неке қию сарайы осы айдың ішінде пайдалануға беріледі. Сарыарқа шағын ауданы көз алдымызда өсіп келеді. Келесі жылы бұл шағын ауданда 900 орындық мектеп пайдалануға беріледі, – деген облыс басшысы «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен «Намыс» компаниясының бас директоры Сәкен Жұманалинді (суретте), «Кокшеводоканалпроект» серіктестігінің директоры Талғат Тәшімовты, «Жақия» серіктестігі директорының орынбасары Руслан Тумгоевты және «Инсект» серіктестігі бөлімінің басшысы Майра Игенбаеваны, «Еңбек ардагері» медалімен «Кокшеэлектромонтаж» серіктестігінің директоры Омар Сарыжігітовті, «Кокшетау горсельпроект» серіктестігі бөлімінің басшысы Александр Лыковты, «Ақмола Геодезия» серіктестігінің техникалық директоры Александр Григорьевті және бірқатар құрылысшыларды Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, облыс әкімінің атынан еңбек ардагерлеріне гүл шоқтары табыс етілді. Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар