Сәкен сері салған ән еді

Дегенін істейтін сұм ажалдың қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар қарт журналистеріміздің бірі, жерлесіміз Есмұхамбет Айтмағамбетов ағамызды да арамыздан алып кеткеніне бір жылдың жүзі болып қалыпты. Газетімізде қаламының айшықты ізі қалған Есмұхамбет аға көзі тірісінде қабілет-қарымы мол болса да, қанағатшыл, басы артыққа қызықпайтын, қарапайымдылығы, адамгершілік асыл қасиеттерімен адам жанын баурап алатын жақсылар  санатынан еді. Бүгін Алматыда өтетін бір жылдық асына орай, жарқын бейнесін сағынышпен еске алып, редакция қоржынында сақталып келген «Сәкен сері салған ән еді» атты тартымды естелігіне  газет бетінен орын бергенді жөн көрдік. 

  Қазақ әдебиетінің белгілі тұлғаларының бірі, жазушы, драматург Сәкен Нұрмақұлы Жүнісовпен мен сонау 1957 жылдың бас кезінде таныстым. 1953 жылы Көкшетау облысының Зеренді ауданында қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетіне, оның журналистика бөліміне оқуға түскенмін. Менен басқа сенері де, асыраушысы да жоқ кәрі әке-шешемнің жағдайына байланысты үш жылдан соң университеттің сырттан оқытатын бөліміне ауысуға тура келді. Сөйтіп, тың игеріп жатқан Қызылту ауданына барып, «Қызыл ту» – «Красное знамя» деген газеттердің редакциясына қызметке орналастым. Сол жұмыста жүріп жатқан күндердің бірінде редакцияға мойнын ақ торғынмен орап, сәнді киінген, жасы өзіммен шамалас бір сұлу жігіт келді. Алдымен, жолыққан кісісі аудандық газет редакторының орынбасары Ғабдрахман Жапаров деген ағамыздан:
– Бұл газеттің әдебиет пен өнер жағында кім істейді? – деп сұрап тұрғанын естіп қалдым.  Бір бөлмеде төрт қызметкер отырушы едік. Ағамыз ең бірінші көзіне түскен мені көрсетіп:
–Міне, мына жігіт айналысады, бұйымтайың болса, сол жігітпен сөйлес, – деді. Сұлу жігіт маған жақындады.
–Мен Сәкен Жүнісов деген замандасың боламын, – деді мен отырған үстелдің қасына жақындап. – Осындағы қазақ орта мектебінде әдебиет пәнінен сабақ беремін. Менің білуімше газет дегенің өзінің үні жететін аумақтағы әдебиет жаршысы және бірден-бір жанашыры бола білуге тиіс. Бұл жөнінен өздерің не бітіріп жатырсыңдар, соны білейін деп кіріп едім редакцияларыңа.
Бұл мәселеге менің жарытымды жауап беруге жағдайым жоқ еді. Өйткені, ол кездегі саясат солай болды ма, кім білсін, әйтеуір, газет материалдары орыс тілінде жазылып, қазақ газетіне соны аударып беретінбіз. Газеттің редакторы да, басқа басты қызметкерлері де орыс ұлтынан немесе орысша жазатын журналист болуы керек. Соны айттым.
Сәкен таңдана басын шайқады. «Бұл қиын екен» деді. Сәл уақыттан соң:
– Қызылту ауданы қалың қазақтың мекені ғой – деп сөзін сабақтады. – Қазір, әрине, тың игеруге келген басқа ұлт өкілдері қосылып, нағыз интернационализм орнап жатыр. Мұның бәрі дұрыс-ақ дейік. Бірақ, бұл жерде негізгі ұлт қазақ екенін ұмытпау керек. Сол үшін де газеттің қазақшасын жүдетпей ұстаған жөн. Қазақша жазылып келген өлең, әңгіме, шешендік сөздер болса, оларды да шетқақпай қылмай, жариялап отыруды ұмытпаңдар. Ол үшін өздеріңді ешкім кінәлай қоймас, – деп ақылын айтты.
Сәкен осындай-осындай ойларын жеткізе келіп, өзінің де босқа қарап жүрмегенін аңғартып өтті. Оның алғашқы шығармасын «Пионер» журналынан жерлесіміздің жазғаны болған соң қызыға оқыған едік. Онда ол балалар өмірін көрсетуге ден қойғанына да назар аударғанбыз. Әңгіме арасында Сәкен балалар әлемі үлкен әрі жұмбақ әлем екенін айтып, бұл тақырыпты бұдан былай да қозғай беретінін аңғартты.  «Балаларды қуантқанға не жетсін!» – деп қойды.
Бұдан кейін мен Сәкенді көпке дейін көре алмадым. Өйткені, осы кездесуден кейін көп ұзамай Алматыға кетіп қалыпты деп естідім. Алматыға қайтып келгеннен кейін Сәкен Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасына түскенін білемін. Өзінің алғырлығымен, ізденімпаздығымен көріне білген Сәкен Жүнісов білім-ғылымның әйгілі ақтангері, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ілтипатына ие болып, оның аспиранты атанады. Сәкеннің қазақ әңгімелерінің қалай туып, қалай дамып келе жатқаны туралы жазған ғылыми мақалаларын сол кезде «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналынан құмарта оқитынбыз. Бірақ, Сәкен әдебиет мәселелеріне байланысты мақалалар жазып, ой айтқанымен, ғалым болуды ең басты мұраты санаған емес. Ол әдебиеттің теориясын жасауды емес, әдебиеттің өзін жасауды мақсат етті.
Мен Сәкен туып-өскен Қызылту жеріне, жоғарыда айтқанымдай, сонау 1956 жылы барып, арасындағы кейбір үзілістерін есептемегенде 18 жыл тұрдым, оның ішінде 10 жылдай аудандық газет редакторы болып қызмет істеген адаммын. Әрбір тасы, әр баласы демесем де, Қызылтудың елі мен жерін, жұрт көзіне түскен белгілі азаматтарын жақсы білемін, олардың көбімен жақын таныс болып кеткенімді әлі күнге тамсана әңгімелеп айтып жүремін. Мәселен, редакцияда бас есепші болып істеген Балташ Ысқақов, №13 механикаландырылған жылжымалы колоннасының бас инженері Зикен Ашуов, аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарған Қуандық Еламанов, оның бухгалтері болған Шұғай Закарин, жергілікті жұмысшылар кооперациясының басшысы Қойшыбай Сарбасов, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы полковник Қойшыбай Кәженов, оның орынбасары, майор Байсейіт Нұрпейісов, аудандық пошта бөлімінің басшысы Сейдахмет Секенов, аудандық халық сотының төрағасы Василий Жежома, осы қызметті одан көп бұрын абыроймен атқарып, сол тұста зейнеткерлер қатарында жүрген Тақау Сейітов, аудандық тұтынушылар одағында қызмет істеген Зәкәрия Әуелов сияқты әйгілі тұлғалардың біріне іні, екіншісіне жақын жолдас, тіпті, туыс болып кеткенімді әлі күнге мақтан етемін. Ал, өзім арнайы сөз қозғап, әңгімелегелі отырған Сәкен Жүнісовпен көп жылға созылған таныс-біліс болуым бір кезде Қызылту кентінде бір бақшаның екі басында – қатар жатқан екі көшенің бойында көрші тұруымыздан басталған еді. Шынында да Сәкен мен менің қайын атам Зәкәрия деген кісінің үйлері бір-біріне жақын болған-ды. Екі үй адамдарының сөйлеген дауыстары анық естіліп жататын.
Мен қайын атамның үйіне жиі келіп, көршілес болған әлгі үйдің тыныс-тіршілігін көріп, кетіп жүремін. Сәкенге еріп, ол үйге барған да кезім болды. Қайын атам үйінің жандары Сәкен үйімен аралас-қоралас болып жататын. Соған байланысты Сәкеннің өзін ғана емес, оның анасы Мағрипа шешемізді, ол кісінің інілері Мұқан мен Наурызбайды, Сәкеннің қарындасы Розаны, інілері Орал мен Абылайды жақсы танитын едік. Жездесі Мұса Тәуекелов аудандық жол бөлімін  басқарып, көпке танымал болды. Сәкеннің әпкесі Зикен де келісті кісі еді.
Дәл қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезі болуға тиіс. Мен сол кезде Қызылту ауданында редактор едім. Бір күні маған Сәкеннің туған нағашысы Наурызбай келді. Мосқал кісі болатын. Сөзін салмақтап сөйлейтін, өз қадірін жақсы білетін, ағайын-туысқа сыйлы жан еді.       
– Аудан басшыларын жиі көріп, өздерімен кездесіп, араласып жүретін жансың ғой, өзіңмен ақылдасайын деп әдейі келдім, – деді. – Осы жуырда ауданымызға бір айлық демалысқа шығып, жиеніміз Сәкен келейін деп жатыр. Өзі ғана емес, келініміз Күләшті ала келмек. Келіннің нағашы жұртқа бірінші келуінің де өз жоралғысы, бізге артар салмағы болады. Лайықты қарсы алу үшін не істеу керек?
– Мен бұған не айта аламын. Не істейтіндеріңізді қонақтар келген соң көре жатарсыздар, – дедім. – Жалғыз-ақ айтарым, Сәкен қазір бұрынғы бала Сәкен, жас Сәкен емес. Ол бүкіл республикаға танылып, мүйізі қарағайдай жазушы Сәкен атанды. «Жапандағы жалғыз үй» әркімнің қолынан түспейтін кітапқа айналды. Романның бүкіл оқиғасы осы Қызылту жерінде өткенін өздеріңіз де танып, біліп, айтып жүрсіздер. Аудан басшылары да қарап қалмай, өз кезектерінде жазушымен кездесу, оқырмандар конференциясы сияқты мәдени шаралар ойластыратын шығар. Ал, сіздер кезек-кезек қонақ қылып, құрмет көрсету жағын ұмытпасаңыздар болды, –  деген тұрғыда өз әлімше кеңес бердім.
Қызылту елі өте меймандос, қонаққа құшағын айқара ашып, бар пейіл-мырзалығын аямай, ақтарыла көрсете білетін жомарт жанды ел. Сәкенін, өздерінің қадірлі де атақты перзенті бола білген сүйікті Сәкенін қарсы алып, құрметтеуді айта жүрерліктей үлкен дода, дүбірлі тойға, сәнімен өтіп, сый-cыяпаты жарасқан салтанатқа айналдырып жіберді. Ана жерде де, мына жерде де, әр үй, әр шаңырақта Сәкен тойы өтіп, Сәкен әні шырқалып жатты. Өз перзентін сағынған ел сол перзентін осылай асқақтата да білді.
Сәкен өзінің келте ғұмырында сый-құрмет пен абырой-атаққа молынан кенеліп өткен бақытты пенде. Бірақ, соған асып-тасты дегенді естіген емеспіз. Оның өзіне ғана лайық, өзіне ғана жарасымды мінезі, өзіне ғана тән ерекшелігі бар еді. Оның бойында ешкімге ұқсамайтын қасиет бар-тын.  Ешкімнің тәлкегіне көніп көрген жоқ. Жайшылықта мінезі шыбынсыз жазға ұқсаған жайсаң, жүзі күн көзіндей шұғылалы болғанымен, кейде тіпті оқыс мінез де көрсете алатын. Сол оқыс мінезі шатаққа айналып, өзіне қатер төндірер жағдайға ұласып бара жатса, одан құтылып кетудің амалын да таба қоятын.
Бір жолы Сәкен Алматыдағы маған ертең тау жақтағы бір үйге бару керек екенін айтты.
– Сонда жуырда ғана танысқан бір жолдасым тұрады. Өзін онша жақсы біле де қоймаймын. Үйіне қайта-қайта қонаққа шақырып қоймай жүр. Ертең соған барып қайтайық. Күн демалыс қой, – деп қолқа салды.  Сәкен соны айтып, маған мән-жайды түсіндіріп өтті.  
– Өзі бір түсініксіздеу жігіт. Сақтанып барайық. Сен бір мәшине тап та, қасыңа тағы бір жігіт ал. Өзі боксер ма, самбист пе, әйтеуір, мықты біреу болсын, – деді одан соң.
Мен айтқанын істедім. Ол уақытта көшеден такси ұстау онша қиын болмайтын және ақысын көбірек беремін десең, айтқаныңның бәрін орындайтын.
Баратын жеріміз тау етегіне қарай орналасқан қисық-қисық тар көшелердің бойындағы жер кепе үйлердің бірі екен. Қазіргі Жандосов көшесінен жоғары қарай болар, шамасы. Жолы қандай жаман. Таксист жігіт ызаға булығып зорға жүріп келеді. Тіпті, әрі қарай барғысы келер емес. Ақыры, жеттік-ау. Сәкен бізге мәшинеден түспей отыруды тапсырды, жүргізушіге алдыңғы есік ашық тұрсын, моторыңды сөндірмей істетіп қой, деп жатыр. Ештеңеге түсіне алмай біз отырмыз аң-таң болып. Әлден уақытта үйдің есігін теуіп ашқандай болып Сәкен шықты ентігіп. Ашық қалған есіктен Сәкенді қуып жетіп ұстамақ болып ұмтылған екі-үш жігіттің қарасынын көріп қалдық. Алдыңғы ашық есіктен жып етіп мәшинеге отырған Сәкен:
– Кеттік! – деді.
Әлгі үйден едәуір ұзап шығып, көңіліміз жайланған соң таксиді қоя беріп Сәкенге қарасақ, түрі – түр емес. Әппақ болып өңі қуарып кетіпті. Үстіндегі қымбат костюмінің бір жеңі түбінен жыртылып, үзіліп түсуге жақын қалған. Оң жақ көзінің асты көгерген сияқты.
– Не болды, айтсаңшы, – деп жарыса сұрап жатырмыз қасымыздағы жігіт екеуміз.
– Ойбой, өліп қала жаздадым. ҚазМУ-дің өзім оқып кеткен аспирантурасында оқимын деген соң танысып, жақындасып едім, олай болмай шықты, – деді.
Сөйтсек, ол өзін ақмолалықпын, ҚазМУ-дің аспирантурасында оқимын, филология ғылымынан диссертация қорғауға дайындалып жүрмін деп таныстырыпты. Осы Алматыда пәтер жалдап тұрамын. Әйелім бар, тұрмысым түзу, келіп отбасымның жағдайын көріп кет деп жүріпті. Соған сенген Сәкенге қайда тұратынын айтып, әдрісін беріпті. Сол тұста Алматыда дос болғансып жүріп, сенімге ие болған соң, жалған әдріс беріп алдап, шақыратындар шығыпты. Сөзіне сеніп бара қалғандарды не өлтіріп кетеді немесе жақсы киімін, бағалы заттарын тонап алады екен деген қауесет тарап кеткенін естігенбіз.

Сәкен әдемі киініп, қолына алтын сағат тағып, алтын сақина салып жүретін кербез жігіт еді. Оның әлгі танысы сондай арам ойлы адамдар санатынан болды ма екен, кім білсін, әлде, басқа бір көздегені бар ма, әйтеуір Сәкен сол жолы арандалып қала жаздаған еді. Оның студент кезінде спортпен айналысқан, бокс, күрес түрлерін жақсы меңгерген мығым жігіт екенін білетінбіз. Өзінің жаңа танысын іздеп барғанда әлгі үйде мүлде танымайтын басқа біреулер отыр екен. Олар Сәкенді ортаға алып тиісе бастаса керек. Содан секем алған Сәкен тез шығып кетпек болып сыртқа қарай беттегенде, әлгілер бұған күш қолданып, жармаса түсіпті. Өзінің қарулылығының, әдіс-айла білетіндігінің арқасында жан-дәрмен сытылып шығыпты. Сәкенмен оның туған жері Қызылтуда, ара-тұра Алматыда кездесіп қалғанда осындай-осындай қызықты сәттерді еске түсіріп, күліп алушы едік.
Тағы да бір жолы мынадай оқиға болды. Сәкен әнді керемет жақсы айтатын. Күміс қоңыраудай сыңғырлап шығатын әрі сұлу, әрі күшті дауысы бар еді. Өз дауысының сондай қасиеті бар екенін білетін ол көп адам бас қосқан жерде, ойын-тойда шырқата ән салудан тартынбайтын. Әсіресе, туған жеріне келгенде қызылтулықтарды әнге қарық қылып кететін. Бірақ, мен әншімін деп кеуде кермейтін, өзі сұранып ән айтпайтын. Ән дегенде құйма құлақтығы бар еді. Неше түрлі қиын әндерді, опералардан күрделі арияларды тез жаттап алып, бұзбай, бұрмаламай айта беретін.
Алматыға бір келгенде өзімнің қашаннан бергі дағдым бойынша Сәкенді тауып алдым. «Алатау» кинотеатрының маңайындағы бес қабат үйлердің бірінде тұратын кезі. Анасы Мағрипаны қолына көшіріп алыпты. Алматыда идеология саласы қызметкерлерінің республикалық кеңесі өтетін болып, бірнеше кісі соған шақырылғанбыз. Кеңеске Қызылтудан келгендерді аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Айдархан Темірбаев бастап келген. Ол кісіні Сәкен жақсы білетін. Сондықтан, бір күні кешке Айдархан екеуімізді қонақ қылмақ болып, сол кезде «Алматы» деп аталатын атақты ресторанға алып барды. Бізге қосып өзінің бір жолдасын ертіп алыпты. Жақсы мәжіліс құрып, жараса әңгімелесіп дегендей түн ортасы болғанша отырып қалыппыз. Сәкен мен қасындағы жігіт такси қарастырмақ болып ілгері озды. Рес-торан маңайындағы алаңқылау жерде дөңгелене жайғасқан бірнеше такси тұр екен. Рестораннан шыққанымызды көріп тұрған олар анайы сөйлеп, біздің ыңғайымызға көше қоймады. Сәкеннің жолдас жігіті соған наразылық білдіріп, артығырақ бір сөз айтып қалды-ау деймін, бір қарасам, он шақты такси жүргізуші моторға от алдыратын ұзын темірлерін сойыл қылып ұстап, бізді айнала қоршап төніп келеді. Ішіміздегі жасы ең үлкеніміз Айдархан:
– Мыналар бізді өлтіретін болды-ау, – деп үрейлене шегініп барады. Сәкеннің жолдас жігітінің де аузына құм құйылғандай. Тек Сәкен ғана жайдары қалпынан айнымай күлімсіреп тұр екен. «Енді не істейміз?» – дегенді айтпақ болып жақындай беріп едім, Сәкен өзінің әдемі дауысына салып шырқай әндете жөнелгенін естідім. Бұл аспаннан әлде бірдеңе құлап түскендей әсер ететін оқиға ғой. Қолдарына ұзын қайқы темірлерін ұстап қатулы қабақ көрсетіп таксистер тұр бізді қоршай төніп. Олардан қорқып бойымызды үрей билеген біз тұрмыз қалтырап. Ал, Сәкен болса, ештеңеге елікпей, асып-саспай ән шырқап тұр. Бұл не ғажап!
Шын ғажап енді басталды. Байқап қарасам, қатулы қабақтар жадырап сала беріпті. Такси иелерінің ашу шақыра, сес көрсетіп қолдарына ұстаған қайқы таяқтарының жоғарыға көтерілген басы төмен салбырап, өздері бір рахат күй кешіп, мәз-мейрам бола қалған. Әуелете шырқалған тәтті ән жайма-шуақ сырғи келіп жерге қонды. Сонда барып есіме түсті. Алматыда сол жылдары итальяндардың «Вернись в Соренто» деген әні шырқала-шырқала шырқау шыңына жетіп, енді бәсеңси бастаған. Италия елінің әсем үнмен кербез төгілетін тамаша әндеріне үйренген мың сан құлақ енді содан да асып түсер сұлу әуен іздегендей еді. Құмарланған көңілдің құшырын қандырғандай болып, тағы бір ән дүниеге келген болуы керек, нақ сол кезде Алматыда жұрт бұрын естіп көрмеген бір асқақ әуен радио арқылы жиі-жиі төгіліп тұратын. Оны сол тұста «Неаполитанская песня» деп атап кеткен еді. Әлгінде Сәкен шырқай айтқан ән сол ән екен. Әннің бүкіл сөзін көңілге қонақтатып үлгермесек те, «Ладзарелла,… Зарелла» деген дыбыстарынан тани кеттім.  Нақ сол ән. Радиодан жиі естіп, үйреншікті бола бастаған құдіретті ән. Италияның «Ладзарелла» деген операсы бар деп еститінбіз. Мынау сол операдан алынған ария болса керек.
Енді  сол әнді Сәкен шырқап тұр. Шырқағанда қалай шырқайды десеңізші! Өзіміз радиодан естіп талай сүйсінгеніміздей қылып, тіпті одан да асыра шырқап тұр. Әншінің өзі айтып тікелей орындаған әнді қазір «жанды дауыс» деп жүр ғой. Мына естігеніміз тап сондай әсерге бөледі. Бізді сескендірмек, қорқытпақ болып қатулана келген такси жүргізушілері тәтті әннің, сол кезде әсершіл көңілдер бір тыңдап қалуға құмар болып жүрген таңсық әннің ықпалды күшіне, керемет әуеніне елтіп, жадырай жарқылдап шыға келді. Ән айтып болған кезде әлі таксистер бізді қоршай қаумалап, «Ой, молодец!» – деп Сәкеннің қолын құшырлана қысып жатыр. Бірінен соң бірі келіп: «Куда вам надо? Садитесь в мою машину, я подвезу!» – деп жатыр. Сөйтіп, ән құдіреті қатулы қабақтарды жадыратып, ашулы жандардың қаһарын су сепкендей қылып басқанын көрдік. Әнші мерейін асқақтатып, аспанға өрлеткен, кикілжің сәттің кірбіңін кетіріп, көңілдерге шуақ орнатқан, дүрдараз бола қалған жандарды жақындастырып жіберген ән құдіреті осындай болса керек-ті. Мұны өнер құдіреті, қайран Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов өнерінің құдіреті-ау деген ойға келдік.
– Мына Сәкеннің арқасында, оның әлгі әнінің арқасында бір өлімнен қалдық-ау! – деді Айдархан Әбдірахманұлы Темірбаев ағамыз әлгі таксилердің біріне мініп, екеуіміз қонақ үйге бара жатқан жолда. –  Өзі жігіттің нағыз сырттаны екен. Туса, осындай болып тусын!
Айдархан ағамыз осы сөзді тұп-тура сол қалпында жиі-жиі айтып жүрді. Алматыдан Қызылтуымызға оралғаннан кейін де отырған жерде, бірнеше адамның басы қосылған мәжілістерде Сәкеннің сол жолғы өнері асқақ жігіттің ғана өресі жетер тапқырлығын, шырқау биікке ән болып көтеріліп, өзі аты-жөні, түр-түсі түгілі заты кім екенін де танып үлгермеген мүлде жат, алыс жандардың жан жүрегін баурап алып, жақын қылып жіберген құдіреті тылсым қасиетін сүйсіне әңгімелеп айтудан танған да, жалыққан да жоқ. – Туса, сондай болып тусын! – деп аяқтаушы еді әрқашан сол әңгімесін.
Көркем сөздің де, көркем ойдың да асқан зергері, атақты жазушы Ғабит Мүсіреповтың дуалы аузынан шығып, иісі қазақтың баршасының құлағында қалған Сәкен сері деген сөз бар еді ғой. Сол Сәкен сері туралы туған талай-талай жыр мен сырдың мен білген бірер үзігі осындай еді. Ол жөнінде айтылар жыр мен сыр ешқашан таусылмақ емес. Өйткені, ол шынында да нағыз Сәкен сері еді ғой!

Есмұхамбет  АЙТМАҒАМБЕТОВ.

Алматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар