«Сұранысты» да, «ұсынысты» да жою қажет

Мәдениетті адам балмұздақтың орамасын қоқыс жәшігіне жеткенше бірнеше жүз метрге дейін өзімен бірге алып жүреді. Ораманы   аяқ астына тастауға дәті бармайды. Шенеунікке пара беру әрекеті де адамдар үшін осынша күрделі болуы тиіс.

 

Және жазаланудан, қоғам тарапынан кінәланудан қорыққандықтан емес, түйсікте қалыптасатын ішкі тойтарыстар арқылы.  Кез-келген мемлекетте кездесетін осынау кеселге қарсы тұрудың кешенді тәсілі  2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына тән.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында дәл осы кешенді тәсілді атап отыр: «Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет».  Қазіргі таңда превентивті сипаттағы шараларды қолданудың тиімділігін айтуға болады. Аталған шаралардың әрқайсысы сыбайлас жемқорлықтың туындауына себепші болатын себептер мен жағдайларды жоюға, жұртшылық санасын өзгертуге, жемқорлықтың кез-келген көрінісін іштей қабылдамауды қалыптастыруға бағытталған. Дей тұрғанмен, лауазымдық қылмыс жасауын тоқтатпаған, коммерциялық ұйымдардың мүддесін қолпаштауға баратын шенеуніктер  әлі де баршылық.
Мемлекеттік мүлікті қолдану, бюджет қаражатын жұмсау, әлеуметтік сала объектілерінің құрылысындағы, жөндеудегі, көлік қатынастары салаларындағы мемлекеттік сатып алу рәсімдері әлі де  жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекел салалары болып табылады. Аталған, сонымен бірге, басқа да салалардағы сыбайлас жемқорлық көріністері бюджетке зиянын тигізуімен қоса, мемлекеттік, салалық бағдарламалардың бұзылуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Ең сорақысы – халықтың билікке деген сенімін жояды, әлеуметтік проблемалардың  шешілмеуіне, сөйтіп, шиеленіс туындатуға дейін апарады.     Қолданыстағы заңнама жемқор шенеуніктерді қатаң жазалау шараларын қарастырады, оларды жедел анықтау жүйесі жетілдірілуде. Алайда, «Сұраныс ұсынысты туғызады»,  бұл – нарықтық қатынастарға тән, алайда,  адамдар арасындағы кез-келген қатынастар саласында да қолдануға тұрарлық аксиома.
 Мемлекеттік тапсырысты алу, тендерде жеңіп алу үшін айналмалы жолдарды іздейтін кәсіпкерлер нақты сыйақы алу арқылы «көмектесуге» келісетін шенеуніктердің  пайдасынан зияны артық екенін ұғынуы керек. Және  күн санап заңның бұзушылығымен жасасқан келісімдер мен шарттардың әшкереленуі мен күшін жою қаупінің арта түсуіне ғана байланысты емес.  Кәсіпкерлердің бір мезеттік пайда түсіремін деп, өзінің іскерлік бедел-абыройынан жұрдай болуы әбден мүмкін. Айналма жолдарды іздегендер өздерін құқықтық қорғаудан өз еркімен айырады. Рейдерлік шабуыл жағдайында құқық қорғау органдарына жүгінулері екіталай. Заң аясында жұмыс істеуге үйренбегендер бәсекелестік ортада жеңіліске ұшырайды.
Жол қозғалысы ережелерін бұзушы өзін тоқтатқан полиция қызметкерімен «мәміле»  жасасудың алдында басқа жүргізуші де дәл осылай жасауы мүмкін екенін естен шығармауы керек: жүргізуші құқығы жоқ, банкеттен масаң бойында шыққан, автокөлігінің ақауларын уақытылы жөндемеген… Жазатайым жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, оның кінәсінен кез-келген адам, біздер, біздің туыстарымыз бен жақындарымыз зардап шегуі мүмкін.
Азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық сауаттандыру жүйесі аталған себеп-салдарлық байланысты тұрғындардың санасына жеткізуге бағытталған, бұлар: бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, мемлекеттік теле және радио арналардағы бағдарламалар, тікелей эфирлер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы  тегін заңгерлік көмек көрсету, кездесулер, түрлі қоғамдық іс-шаралар.
Департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік тобы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ филиалының, «Атамекен» Ұлттық палатасының өкілдерімен бірлесіп еңбек ұжымдарымен, облыс тұрғындарымен түрлі диалог алаңдарында кездесулер өткізеді. Департаменттің қоғамдық қабылдауының оң тәжірибесін де атап өткен жөн.

Берген БЕСПАЛИНОВ,
Ақмола облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар