Сағынысып кездесті сыныптастар

 

Жылымды негізгі мектебінің ауласы сөз жеткізгісіз жылулыққа тұнып тұрғандай. Қауышқан құшақтар, сағынысқан жүректер, бал-бұл жанған жүздер…

 

Таяуда аталмыш білім ордасында «Жылдар жүздесуі – 2017» атты тақырыпта мектеп бітіргендеріне он жылдан 50 жылға дейін уақыт өткен түлектермен кездесу кеші ұйымдастырылды. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы, оқушылар осы мәдени іс-шараға жауапкершілікпен дайындалғандығы бірден байқалып тұрды. Ұйымдастыру алқасы балалық шақ, бозбала кезден сыр шертетін ескі фотосуреттерді жинастырыпты. Сондай-ақ, кездесу кешінде аталмыш шараға орайластырылып арнайы түсірілген бейнефильм көрсетілді. Жиналғандар бұл күнде араларында жоқ сыныптастарын сағынышпен еске алып, жанарларынан жас төкті. Беу, дүние-ай, десеңізші! Күні кеше ғана, ақ бантигі желбіреп мектеп табалдырығын аттаған қызғалдақ қыздар бұл күнде бір әулеттің әз анасына айналып отыр. Кейбірінің ғұмыр жолы қысқа болып, өмірден өткен…
Кешке қатысушылар мектеп тарихынан сыр шерткен аталмыш бейнефильмде ауыл мақтанышына айналған Орынбай Шаханұлы, Мүбәрәк Мағзұмов, Тоқболат Кәрімов, Шалғынбай Қазжанов, Дәмелі Сәбитқызы, Шәрия Шамиғанова секілді аяулы ұстаздарды үнсіздікпен тік тұрып еске алды. Мерекелік іс-шараны мектептің мұғалімдері Ажар Омарова мен Гүлдана Шоматова жүргізіп отырды. Салтанатты шараны мектеп директоры Нариман Жылқыбай жүрекжарды тілегін арнап, құттықтау сөзбен ашты. Білім ошағының оқушылары да мәдени шарадан қалыс қалған жоқ. Бірі мың бұралып билесе, енді бірі әсем әнімен көрермен көңілін серпілтті. Әсіресе, мектептің 1-сынып оқушысы Әділ Жылқыбаевтың орындауындағы «Қазақ қыздары» атты әні әсерлі шығып, жиналғандарды өз өнеріне тәнті етті. Кездесу кешінде түлектерге арнап әр сынып арнайы безендірілді. Атап өтерлігі, түлектер арасында жасы 80-ге келген қарт ұстаздар, Майраш Шалабаева мен Ида Кейлер осы салтанатты шараның құрметті қонақтары ретінде шақырылып, ақ жаулықты аналардың аталмыш шараға арнайы келгендіктері зор қуаныш болды. Ақ дастархан жайылып, ақ тілектер айтылды.  Ұлағатты ұстаздар Батырхан Мағауин мен Риза Баубекқызының қосылып айтқан әндері де әсерлі шықты. Мәні зор, ауқымы кең «Жылдар жүздесуі – 2017» атты кездесу кешіне зор үлес қосқан мектеп директоры Нариман Жылқыбайға, «Еске алу» бейнефильмін жақсы құрастыра білген Арайлым Есжановаға, мерекелік шараны ұйымдастыру ісіне үлес қосқан Зайра Бекішова мен Маржангүл Жылқыбайқызына және мектеп ұжымына ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері ақжарма тілектерін арнап, ақ баталарын берді.
Кенжебай ТҰРЫСБЕКОВ,
Жылымды негізгі мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар