Сахнада – оперетта

«Көкшетау – тал бесігім» ІV музыкалық фестивалі аясында өткен Гранд-отель «Оперетта» классикалық концертін  өнер сүйер қауым жылы қабылдады.

Оперетта желісі бойынша әншілер «Гранд-отель»  мейманханасында мейман болып,  олардың арасында пайда болған сезімдерді сахнада жүрек қылын тербетер әуендермен асқақтата білді. Осылайша  әртістер ауызекі сөйлеспей-ақ, өздерінің ойлары мен эмоцияларын әндермен жеткізді. Мәселен, мәдениет саласының үздігі Валерия Болиева мен Серікболсын Бекмолдин «Часы» опереттасынан алынған Розалин мен Генрихтың дуэтін орындады. Мұндағы басты идея екі жұптың арасындағы ақ адал сезімді насихаттап,  ғашықтарды бірін-бірі құрметтеуге шақыру. Халықаралық байқаулардың жүлдегері Махаббат Мұхамеджанова болса,  «Сильва» опереттасындағы Сильваның әнін шырқады. «Гәкку» би ансамблінің бишілері де концертте өз өнерлерін ортаға салып,  көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлады. Әнші Данияр Жолбарысов  орындаған классикалық ән де көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Опереттаның мақсаты – адамға эстетикалық тәрбие беріп, адам өзі үшін өмірдегі басты құндылықтарды анықтап, жақсылық пен ізгілік жолында аянбау қажеттігін айтады.  Театрландырылған көріністер мен музыкалық қойылымдарға толы бағдарламаны көрермендерге фестивальдің көркемдік жетекшілері  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және Сергей Баукин мен облыстық филармонияның симфониялық оркестрі, сценарий Челябинск қаласынан келген Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Александр Мордасовтың негізгі идеясына құрылған. Қойылымның режиссері Болат Абдрахманов болса, сахнаны Игорь Литасов безендірген.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева өнер қырандарының әлемдік классикалық музыканы орындау шеберліктеріне, олардың әртістік қарым-қабілеттеріне жақсы баға беріп, қатысушыларға Алғыс хаттарды табыс етті. Ал, осы кешке көрермен болып келген Көкшетау қаласының тұрғыны Құбайдолла Көшкенов:
– Мен зейнет жасындағы адаммын. Біздің облыстық филармония әншілерінің өсіп-өркендеп жатқанына келген сайын көзім жетеді. Адам баласы қанша жасқа келсе де, оған рухани азық алу міндет. Өз танымымды дамыту үшін осы оперетта  концертіне келгеніме өкінбеймін. Әлі де жергілікті өнерпаздардан жақсы туындылар күтемін, – деп өз ойын білдірді. 

Назгүл Рабилова.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар