Сахнада – журналистер

 

Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында  Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне арналған «Екі жұлдыз» атты қызғылықты шара өткізілді. Оған кәсіби әншілермен бірге, ақпарат құралдарында қызмет етіп жүрген журналистер қатысты.

 

Әнші мен журналистің бірлесе ән салуы көрермендерді  қызықтырғандығы анық. Күткендегідей болды. Жұртшылықты сөз өнерімен тәнті етіп жүрген қалам иелері өнерден де құр алақан емес екен. Кәдімгі сахна шеберлері тәрізді. Сынықсүйем кемдігі жоқ. Шараға жиналған қауым қаламгерлердің бойындағы өнерге тәнті болды. Шоу-бағдарламаға 8 жұп қатысып, өзара бақ сынасты.  
Байқаудың қорытындысы бойынша үшінші орынды облыстық статистика басқармасының бас маманы Азамат Жүнісов  пен «Любимый город» газетінің тілшісі Айя Калягина иеленсе, екінші орынды  
«Достар» мәдениет сарайының әншісі   Қайрат Кенжетаев пен «Мобильная газета» үнпарағының тілшісі Грозина Кристина жеңіп алды. Бірінші орын «Хабар» агенттігінің облыс бойынша меншікті тілшісі Дамир Шайдаров пен облыстық филармонияның әншісі Ләззат Едрісоваға бұйырды. Ал, бас жүлде  әнші, композитор Вадим Белый мен «Степной маяк» газетінің тілшісі
Марина Пушкареваның еншісіне тиді.
Төл мерекелеріне орай бойларындағы талап пен талантты орынды көрсете білген өнерпаз журналистер әуелете ән шырқап көпшілік көңілін бір көтеріп тастады.  Байқаудың соңы «Достар» мәдениет сарайы ұжымының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар