«Саясында сексен көл, иісі жұпар аңқиды-ау» деп ақын жырға қосқан Көкше өңіріндегі сексен көлдің жартысы әлдеқашан тартылып батпаққа айналған.

«Саясында сексен көл, иісі жұпар аңқиды-ау» деп ақын жырға қосқан Көкше өңіріндегі сексен көлдің жартысы әлдеқашан тартылып батпаққа айналған. Ал, барының өзі бүгінде ластанып, баяғы мөлдірлігі мен тұнықтығынан айырылған.

Осыған қарап, біздің табиғатты қаншалықты тиімді пайдаланып жүргеніміз аңғарылатын сияқты. Жылына бір миллионнан астам адам келіп демалатын, суына шомылатын Бурабай тауын жағалай орналасқан көлдердің суы да жыл санап тартылып бара жатқаны, ластану деңгейі дабыл қағарлық дәрежеге жеткені айтылып та, жазылып та жатады.

 

«Су атасы – бұлақ» деген сөзді халық текке айтпағаны анық. Айдындардың бәрі жер қойнауынан шымырлап шығып, жылғалармен жол салып ағып жататын бұлақтардан бастау алады. Жаздың қайнаған ыстығында бұлақтың тіс жарардай суық суын сіміргенде шөлің қанып, жан сарайың да жадырап сала беретіні бар. Сондайда, табиғаттың осы таңғажайып құбылысына таңдайыңды қаға тамсанасың.
Бурабай өңірі бұлақтарға бай және ғалымдар тарапынан жете зерттеле қоймаған аймақ. Щучинск-Бурабай курортты аймағында демалатын адамдардың саны да, салынып жатқан құрылыстар қатары да өсіп келеді. Осыған орай, су қорларын пайдалану қарқыны артып, мұның өзі бұл аумақтағы көлдердің суының тартылуына әсерін тигізіп отыр. Бурабай аймағындағы көлдердің суы таулардан аққан қар суымен бірге, жер астынан шығатын бұлақтардың суы-
мен де толығады. Өкінішке орай, көл суын толықтырып отыратын бұлақтардың көздері жыл санап бітеліп, қатары да азайып келеді. Бұған негізінен адамдардың қоршаған ортаға жанашырлықпен қарамауы әсерін тигізуде деп санайды Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Владимир Архипов. Бурабай өңірінде туып-өскен, бар өмірін осы өлкеде өткізіп келе жатқан ғалымның айтқанына құлақ салсаң, адам деп аталатын екі аяқты пенделердің өздері қойнауынан өсіп шыққан табиғат анаға жасап жатқан қиянаты мен қысастығына қаныға түскендей боласың.
Бұлақтарды ағу қарқыны мен бағдарына қарай маусымдық және ырғақты деп бөледі ғалымдар. Бұлақтардың осындай ағу тәртібі Бурабай өңірінде анық байқалады. Владимир Алексеевич айтады: «Бурабай орман шаруашылығы техникумында оқып жүрген студент кезімізде оқытушыларымыз орманға апарып сабақ өткізетін. Орман ішімен Бурабай, Қатаркөл, Қылшақты көлдеріне жаяу баратынбыз. Ұстаздарымыз жол-жөнекей бізге осы көлдердегі тіршілік пен оның ерекшеліктері жайлы жан-жақты әңгімелеп береді. Осыдан 30 жылдай бұрынғы сол біздің студент күнімізде осы аумақта қадам басқан сайын тау-тастың арасынан шымырлап шығып, жылға-жылғаны қуып ағып жататын бұлақтар өте көп болатын. Ал, бүгінде сол бұлақтардың көбі тартылып, мүлдем жоғалып кетті».
Ертеректе осы өңірде қызмет етіп, ғылыми зерттеулер жүргізген Г.Лаптев сияқты ғалымдар Бурабай өңірінің орман-тоғайлар мен өсімдіктерге бай, табиғаты көркем болуының себебі, осы аумақтағы суы таза қайнарлардың көп болуынан деген тұжырым жасапты. Мұндай бұлақтардың суының дәмі тіл үйіретін тәтті және суық болады. Суының суық болуы оның өте тереңнен шығатынын аңғартатындай.
Бұл өңірде дәмі ерекше бұлақтар да баршылық. Оларды емдік қасиеті бар минералдық көздер санатына жатқызуға болады. Біраз бұлақтар су құрамында темірдің аса көптігімен ерекшеленеді. Ақылбай жолының 12-ші шақырымындағы бұлақ дәл сондай. Оның суының 1 литрінде 16 миллиграм темір бар екен.  Профессор П.Петров Бурабай өңіріндегі біраз бұлақтардың суы родонды екендігін анықтаған. Громотуха өзені мен Бармашинодағы бұлақтар осындай родонды сулы қайнарларға жатады. Суы тастай салқын және тіл үйірердей дәмді болғандықтан, жұртшылық ауыз суға сол бұлақтардың суын пайдаланған. 1928 жылы Бурабай курортының директоры В.Якубович Бармашин қайнарының минералды суын газдандыру тәжірибесінен өткізеді. Сөйтіп, одан асханалық тамаша су алынады. Бүгінде бұл бұлақтардың бірде-бірі жоқ. Бәрі адамдардың салдыр-салақтығынан, жаны ашымастық әрекеттерінің салдарынан көздері жабылып, әлдеқашан тартылып қалған.
Бұлақтардың тірлігі көбіне адамдарға тәуелді болып жатады. Өкінішке орай, оны адамдар онша ұғына қоймайды. Осы өңірде тұратындардың айтуынша, ертеректе туберкулезге қарсы диспансер орналасқан маңайда екі бұлақ болған. Щучинск қаласының тұрғындары осы бұлақтардан су алып, үнемі пайдаланып жүрген. Міне, сол бұлақтарды қала басшыларының нұсқауымен бульдозермен аршып, тазартпақ болады. Тереңнен жол тауып шығып жатқан қайнар көзі шынжыр табанды трактормен тапталған соң бітеліп, мүлдем тоқтап қалды. Осылайша біз сол тамаша бұлақтарды өз қолымызбен құртып тындық.
Щучинск-Бурабай жолының бойында да дәмі тіл үйірер бір бұлақ болған екен. Жолмен өткен жолаушылар да, демалушылар да осы бұлақ суынан дәм татпай кетпейтін. Оның жанына ағаштан әсемдеп жасаған сая орнатып, сәкілер де қойылған. Бірақ, бірнеше жыл бұрын  әлдекімнің басына бір тамаша ой келіп, осы бұлақтың үстіне бетоннан ұстын орнатпақ болыпты. Осы темірбетон қабырға орнатылған соң-ақ, ауыр салмақ басқандықтан болар, бұлақ суы тоқтады да қалды. Щучинск қаласының маңындағы тас кеніштеріндегі жарылыстар да көптеген бұлақтардың құрып кетуіне әсерін тигізгені анық.
Бұлақ – бұл жай ғана су көзі емес, ол біздің табиғатымыздың ажырамас құрамдас бөлшегі, өзен-көлдердің қайнар көзі, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің сақтаушысы. Бурабай өңіріндегі бұлақтар қазір қамқорлыққа аса мұқтаж. Жоғалып кеткен бұлақтардың аумағын тазартып, қамқорлыққа алса, оның көзі қайта ашылар еді. Қазақ «бұлақ көрсең, көзін аш» деп тектен-текке айтпаған ғой. Бұлақ көздері ашылса, жылдан-жылға тартылып бара жатқан Бурабай аймағындағы өзен-көлдердің суы да толығып, оның қоршаған ортаға тигізер игі әсерінің болары сөзсіз.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар