Саятшылардың сән-салтанаты…

Облыс орталығында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Қансонар-2016»  саятшылар сайысы болып өтті. Дүбірлі додада Алматы облысының үкілеп қосқан құсбегісі Сағыныш Баетбай алтын медальмен  марапатталып,  ақшалай сыйлыққа ие болды.

Биылғы  құсбегілер сайысына еліміздің  Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Қарағанды және Ақмола облыстарымен қатар Астана қаласынан барлығы 25 саятшы қатысты. Жарыс бірнеше бағытта өрбіді. Алдымен жас балалар сұңқар мен қаршығаны қолға қондырса, үлкендер бүркітпен аң аулап, өзара бақ сынасты. Атақты құсбегі Мәсіп Батырханұлы атындағы дәстүрлі жарысқа еліміздің әр өңірінен бүркіт, ителгі, қаршыға баптай келген 25 құсбегі екі күнге созылған сайыста қыран құстарды қолға шақыру, еркін ұшыру тәрізді кезеңдерде бақ сынады. Атадан мұра болып қалған бұл ұлттық спорт додасында бақ сынасқан спортшылардың арасында жасы жетпіске жетсе де, жарысқа түсіп, ұлттық өнерді ұлықтауға өзінің үлесін қосуды мақсат тұтқан Зеренді ауданының Ортақ ауылынан келген Жайсаңбай Әбсәләм ақсақал да жастарға осы бір ісімен үлгі-өнеге көрсете білді.
Марапаттау салтанатында атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлының немересі Шынарбек Бүркітбайұлы сөз сөйлеп, құс баптау мәселесіне кеңірек тоқталып, атадан мұра болған осы бір ұлттық құндылыққа қылау түсірмей кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету әрбір ұлтжанды азаматтың парызы дегенді баса айтты. Аталмыш салтанатқа Астанадан арнайы келген Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасының Бас бапкері Базарбек Күнтуған мен ұлттық спорт түрлерінен Ақмола облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Қойшин жеңімпаздарды марапаттады.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын», демекші Мәсіп Батырханұлы атындағы Бас жүлдеге алматылық Сағыныш Баетбай лайық деп танылды. Жүлделі екінші орынды ақмолалық Қанат Шүлембаев иеленсе, қола медальді алматылық Өмірхан Баетбай қанжығасына байлады. Төрешілердің шешімімен сұңқар баптаған саятшылар арасында Жамбыл облысының спортшысы Нұрбек Шақыр жүлделі 1-ші орыннан көрінсе, 2-ші орын Ақмола облысының спортшысы Ислам Әбсәләмға берілді. Доданың ең жас әрі алғыр, болашағынан зор үміт күттіретін спортшысы ретінде көзге түскен Валихан Әбілмансұр төрешілердің шешімімен Мәсіп Батырханұлы атындағы медальмен марапатталды. Додаға қатысушылардың барлығы ұйымдастыру алқасының арнайы дипломдары мен ақшалай сыйлықтарына ие болды.

 «Арқа ажарының»  өз ақпараты.

Суретте: жарысқа қатысқан саятшылардың бір тобы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар