Серпін күтіледі

Өткен сенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин Ақкөл ауданы мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағында болып, ақкөлдіктердің даму қарқынын және бурабайлықтардың  «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысушыларды қарсы алуға дайындығын пысықтады.
Аймақ басшысы алдымен, «Үшбұлақ» серіктестігінің құс фабрикасында болып, цехтарын аралап көрді. Кәсіпорын жылдық жобалық қуаты бойынша 90 миллион дана жұмыртқа өндіруі тиіс.  Алайда, өткен жылы 37 миллион, биылғы жылдың төрт айында 17 миллион дана ғана жұмыртқа өндірілген. Облыс басшысы өз сөзінде құс фабрикасы Астананың азық-түлік белдеуі аумағында орналасқанын, ал, бұл өнімді өткізудің жақсы мүмкіндігі болып табылатындығын айта келе, өндіріс көлемін ұлғайтып, экспортқа шығарудың жолдарын қарастыру, еңбекақыны көтеру жөнінде тапсырмалар берді.
Одан әрі облыс әкімі аудан орталығы Ақкөл қаласындағы жүзу бассейні, аудандық мәдениет үйі мен жаңа емхана тәрізді бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Емхананың бас дәрігері Болат Жүнісовтың айтуынша,  емдеу орны тұрғындардың медициналық көмекке деген сұранысын толық өтей алады. Еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында аудан әкімінің гранты бойынша бес студент білім алуда. Олар оқу бітірген соң осындағы мамандар қатарын толықтырады.  Облыс әкімі травматологиялық бөлімшенің материалдық-техникалық жабдықталуын нығайтуды тапсырды. Бұдан кейін «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығында болды.
– Біздің мекеме ғарыштағы космостық аппараттарды басқару ісін жүзеге асыратын қазақстандық алғашқы орталық,–деді өз сөзінде «Республикалық космостық байланыс орталығы» акционерлік қоғамының вице-президенті Бауыржан Құдабаев. Мұнда аймақ басшысына осы кешеннің жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ, ұшу басқармасы орталығында «KazSat-2» және «KazSat-3» космостық аппараттар жүйесінің нақты уақыт режиміндегі жұмысы да көрсетілді.
Облыс басшысы аудан активінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін талқылады. Биылғы жылы ауданда мал басы азайғаны байқалады. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспары орындалмаған. Осыған орай, аудан басшылығына бірқатар салалардағы көрсеткіштерді жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Мәлік Мырзалин осы міндеттермен бірге, Мемлекет басшысының «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласының басым бағыттарына да тоқталып өтті.
Аймақ басшысы  Щучинск-Бурабай курорттық аймағында Абылай хан алаңын, суға шомылу аумағын, орталық базар мен адам көп келетін өзге де нысандарды аралау барысында бірқатар ескертулер жасап, көпшілік орындарды абаттандыру, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қысқа мерзімде шешуді тапсырды.
– Астаналық облыс ретінде ақмолалықтар халықаралық көрмені ұйымдастыруға және өткізуге лайықты үлесі қосулары тиіс. Біз шетелдік меймандарды ойдағыдай қарсы алып, жоғары деңгейде қызмет көрсете білуіміз керек,– деді аймақ басшысы өз сөзінде.

 

Рамазан Тілеуов.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар