Үш алып күш

Әлем тыныштығын ұстап тұрған теңестіруші үш алып күш бар. Оның біріншісі – махаббат. Адамға туа бітетін ата-анаңа, қоршаған ортаға, адамзат баласына, табиғат әлеміне деген сүйіспеншілік.

Махаббаттың ұлылығын, тектілігін  ақын Мағжан Жұмабаев бір ауыз өлеңмен былай жеткізген:
Сүйші сәулем, сүйші тағы, тағы да,
Жылы, тәтті у дарыды жаныма.
Бұл ләззәттің бір тамшысын бермеймін,
Дүние малы, патшаның да тағына.
Бұл сезім патшаға да, малшыға да, байға да, кедейге де, пақырға да, барлығына бірдей әсер ететіні түсінікті. Сондықтан, адамзат баласының түсіністікте, бірлікте болуының бірінші негізі – махаббат. Екінші күш – ғылым, білім, мәдениет. Бұлай дейтініміз, адам неғұрлым білімді, мәдениетті болса, солғұрлым әлемге, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайды.
Үшінші  ұлы күш – дін, имандылық. Тек иманды адам ғана адамзат баласының мұң-мұқтажын, мүдделі  мәселесін дұрыс түсініп, адамгершілік, мейірімділік жасауға дайын тұрады. Алланың құзырына бармайтын адам жоқ. Өмірге келген әр пенде бақилық болуы хақ. Дінге берілген адам өмірінің соңғы кезеңін қорқынышпен өкініп өткізбейді.
Біз білетін, соңына сөз қалдырған дарынды адамдар өмірінің соңғы кезін жалғыздықпен өткізген. Мұқағали: «Ақындардың  бәрі жалғыз» десе, Абай: «Ағайын бек көп, айтамын ептеп, сөзімді ұғар пенде жоқ. Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным» дейді.
Дінге шын берілген адамда ондай жалғызсырау болмайды, қоршаған діндес бауырлары оған серік болады, жалғыздығын бөліседі, фәниден бақиға жеңіл сезіммен қорықпай аттанады.
Міне, осы үш алып күш адамзат баласын бір-біріне достық сезіммен, адалдық жолында жүруге жетелейді. Алла тағала адам баласына өлшеулі өмірін берекелі өткізу үшін үш қасиет берген. Олар – сезім, қуат, ақыл. Бұл үшеуі барлық адамда біркелкі емес. Бірінің ақылы, бірінің қуаты, бірінің сезімі молдау не кемдеу болады. Осыған байланысты адамның өмірде жасайтын іс-әрекеті де әртүрлі.
Ақыл адамға туа бітеді, ол тозбайтын құндылық. Білім жүре келеді, әрқашан толықтыруды, жетілдіруді  қажет етеді. Ақылдың тозбайтын құндылық екенін іс жүзінде  дәлелдегендердің бірі Сингапур елінің көсемі Ли Цуан Ю. Ол туған елін түзу жолмен басқарып, 31 жылдың ішінде (1959-1990) тұрмысы төмен кедей елдің қатарынан бірінші дәрежелі бай елдер деңгейіне көтерді. Бүкіл әлемнің үлкен елдерінің басшылары осы Ли  Цуан Ю-дің ел басқарудағы өзіндік жолын қолдап отыр.
Тәуелсіз Қазақстан елі де аз жылдың ішінде  үлкен табыстарға жетіп, экономикасын көтеріп, қазіргі дамыған елдердің қатарына қосылды. Біздің еліміз жер көлемінен ғана емес, жерінің астындағы, үстіндегі байлығы, көп ұлтты халқының ауызбірлігі, татулығы жағынан да әлемге үлгі боларлық толыққанды мемлекет болып отыр. Бұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған оңтайлы саясатының нәтижесі.
Адамзат баласының дамуына ұмытылмас із қалдырған Шыңғыс хан ешқандай дінге де қиянат жасатпаған. Коммунистер көсемі Ленин дінді адам баласының сана-сезімін жаулап алатын апиынға теңеп, дінге қарсы күресті. Мүмкін соның зардабы болар, өлер алдында екі жылдай төсектен тұра алмай қиналды, өлгеннен соң осы уақытқа дейін тәні жер қойнына берілмей келеді. Осыларды ой елегінен өткізіп, діннің адамзат баласының бас бірлігіне, әлемнің тыныштығына тигізер пайдасы ұшан-теңіз екеніне көзіміз жетеді.
Осы үш алып күш әлемді тепе-теңдікте ұстап тұр, үшеуінің бір-бірінсіз қуаты кем, бірін-бірі толықтырып тұрады.

Жақсылық ӘМІРЖАНҰЛЫ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар