Үш ауылдың түлегі едік

Бар саналы ғұмырын қазақ баспасөзінің дамып, өркендеуіне арнаған аға әріптесіміз,  қарымды қаламгер Сайлау Көшкенұлы Көшкенов  3 ақпан күні  70 жасқа толғалы отыр.

Өз еңбек жолын Зеренді аудандық «Коммунизм нұры» газетінде әдеби қызметкер болудан бастаған, кейін журналистика саласындағы осы алғашқы қадамы ондаған жылдар бойы облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде сәтімен жалғаса түскен абзал жан қолынан қаламын тастамаған қырық жылдан астам уақыт ішінде белсенді шығармашылық қызметімен танылып,  әсіресе, публицистика, сын-сықақ жанрларында өндірте еңбек етті. Бұған ардагер  журналистің қаламынан туған үлкенді-кішілі 30-дан астам кітабы айғақ. Біз бүгін қуаныш иесін осы мерейтойымен құттықтап, «Арқа ажары» газеті редакциясында еңбек етіп жүрген іні-қарындаста-ры атынан  зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, мол бақыт, отбасының амандығы мен шаттығын тілейміз. Сонымен бірге, алда да жаныңызға сергек ойды серік ете беріңіз деген ниетпен төмендегі мақаласын оқырмандар назарына ұсынамыз.

 

Иә, Бағдат, Совет үшеуміз де түйдей құрдаспыз деуге болады. Өзім «Даңқой» елі аталатын Қарағаш ауылында сонау соғыстан кейінгі қырық жетінші жылдың қысында дүниеге келсем, Бағдат Мәлгаждаров менен үш-төрт ай бұрын көрші қоныстанған Қарғалы қыстағында, ал, өзімнен тура бір ай, екі күндей үлкен Совет Балтабай біздің елден он бес шақырымдай жердегі Жаңатілек ауылында туған екен.

 

Тағдырдың жазуымен Бағдат, Совет және мен 1962 жылғы күзде біздің ауылдағы Қарағаш сегізжылдық мектебінде таныстық. Өйткені, Қарғалы мен Жаңатілекте тек бастауыш сыныптар ғана болғандықтан, екеуі де бесінші сыныптан бастап біздің елде оқыды. Артынан сол оқуымызды үшеуміз де аудан орталығы Чкалов орта мектебінде жалғастырып, он бір жылдықты осы білім ордасында тәмамдадық. Кейін Бағдат Батаұлы туған ауылы – Қарғалыдан Чкалов селосына көшіп келіп, қашан зейнеткерлікке шыққанша сондағы аудандық мемлекеттік сақтандыру мекемесінде агент, соңынан сол мекеменің басшысы лауазымында қызмет істеді. Ал, Совет Хамитұлы болса, со кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтына жуырда ғана 70 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өткен өз жерлесі Сансызбай Алпысбайұлымен оқуға түсіп, арасында Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» («Заря коммунизма») газеті редакциясында менімен бірге қызмет істеп, кейіннен әуелгі бетте Көкшетау облысының Чкалов, соңынан Красноармеец ауданына қарасты «Заречный», одан бертін біздің аудандағы Абай атындағы кеңшарларда бас экономист болып еңбек етті.
Әйтеуір үш дос, үш құрдас қай қиырда, қай шетте жүрсек те, бір-бірімізбен жиі телефон шалысып, хабарласып тұрдық. Үшеуміз де 50 жылдық тойымызды да, 60 жасқа толғанымызды да хал-қадерімізше бірге атап өттік. Бағдаттың 60 жылдық тойына арнап:
Интернатта бірге оқыған құрдаспыз,
Жүрегіміз бірге соққан сырласпыз.
Өткен күндер түссе еске алдымен,
Түседі еске Мәуенжан мен Мұңдаш қыз –
деп өлең шығарған екенмін.
Жаңылыспасам, Бағдат сол аудандық сақтандыру мекемесінен, Совет Хамитұлы Чкалов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, артынан аудандық салық инспекциясының басшысы лауазымдарында қызмет істеп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан құрметті еңбек демалысына шықты. Қазақи дәстүрмен бала-шаға, мал-дүние деп жүріп, Бағдат құрдасым да Чкалов ауданы тарқаған соң Көкшетау қаласына қоныс аударса,  Совет дос әлі күнге осындағы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында баспасөз хатшысы болып еңбек етіп жүр. Қазіргі Ақмола облысы аумағынан соғысқа қатысқан, қан майданда шейіт болған ардагерлер жайлы мағлұмат беретін он бір томдық «Зерде» кітабын (книга «Памяти») шығарған редакцияның жұмыс тобына жетекшілік етіп, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Олай дейтініміз, бұл кітапқа сексен мыңдай соғысқа қатысқандардың аты-жөні кірген. Совет досым сонымен бірге  «Өздеріңе арналды», «Жалғыз қарағай – Жаңатілегім», «Нұр мен көлеңке», тағы басқа да әдеби шығармалардың авторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақынжанды азамат. Екеуімен де жиі хабарласып, аман-саулығымызды білісіп тұрамыз. Ойын-тойларда, дүрмекті мерекелерде, қыстық омыртқада да жиі бас қосамыз. Еншалла, тіл-көзден сақта дейін, құдай қосқан қосағымыз Мұңдашпен, Жұмабикемен, Мәуенмен бірге үшеуміз де өз кіндігімізден тараған ұрпақтарымыз – бала-шағамызды аяғынан қаз тұрғызып, жеткізіп, солардан немерелер сүйіп отырмыз. Немере демекші, Бағдат досым таяуда немерелерінің бірін аяқтандырып, Алла жазса шөбере де сүймекші. Сонымен бірге, Бағдат дос менімен құда да болады. Оның ұлы Бауыржан інім Қуандықтың қызы – Гүлзираның жолдасы. Немерелер де бар.
Жерлестері Бағдатты «Екінші Ермек Серкебаев» деседі. Осынысы шындық. Бағдаттың дауысы қандай. Интернатта оқып жүрген кездің өзінде-ақ хорға қатысып, талай мәрте фестиваль лауреаты атанған. Шын мәнісінде ол өнерлі азамат. Әсіресе, халық әндерін мәнеріне келтіре айтады. Кей-кейде оңаша отырып, өткен күндер, сонау жалынды жастық шақ есіме түскенде, мектеп-интернатта оқып жүрген кезгі іштей ыңылдап немесе өңешімізді созып айтатын «Қайдасыңдар, достарым» әні тіл ұшына қайта оралады.
Совет құрдасым оңаша сұхбаттаса қалғанда ішкі сырын ақтарып, «Алла тағала бізге қанша ғұмыр берсе, достығымыз, жолдастығымыз ұзағынан жарасып, бірге бақытты ғұмыр кешейікші. Біздің осы өнегемізді ұрпақтарымыз жалғастыратын болсын», – дейді. Құдай қаласа, бір жылғы жерлес төл құрдастар өзіміздің 70 жылдық мерейтойымызды атап өткелі отырған шақта «достар, дос-тар, жүрсің қайда, бірге еді ғой жанымыз. Еске алысып осындайда, кел, шырқайық бәріміз!..» деп әуелете ән салғың келеді-ау, осы!..

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
сатирик-жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар