Шаңғы мен биатлоннан алдамыз

Алматы қаласында «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінің базасында Қазақстан Республикасы IV қысқы спартакиадасы аясында шаңғы мен биатлоннан жарыс болып өтті.

Скиатлондағы шаңғы жарысы бойынша облыс құрамасы алты медальдің төртеуін жеңіп алып, алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша көш басына шықты. Қысқы спартакиаданың скиатлондағы шаңғы жарысында әйелдер 15 шақырымды, ерлер 30 шақырымды бағындыруы тиіс болса, өңіріміздің шаңғышылары үздік нәтиже көрсетті. Әйелдер арасындағы жарыста Валерия Тюленова күміс медальді қанағат тұтты. Ерлер жарысында ақмолалық спортшылар барлық жүлделі орындарды жеңіп алды. Бурабайлық Евгений Величко чемпион атанды. Көкшетаулық Олжас Климин күміс жүлдені иемденсе, бурабайлық Николай Чеботько үшінші орыннан көрінді.
Биатлон жарысына республиканың тоғыз өңірінен 125 спортшы қатысты. Шаңғы жолынан өзге спринтте биатлоншылар екі атыс шебін жеңіп алуы қажет. Жеңіске деген мүмкіндік атыс шебінде үздік атқан және шаңғы жолында жақсы жылдамдық көрсеткен биатлоншылар да болды. Осының бәрін орындаған Ақмола облысының спортшылары Тимур Хамитгатин мен Алина Райкова спринтерлік жарыста жеңімпаз атанды. Тимур қысқы спартакиаданың турнирлік кестесінің жоғары сатысынан көрінді. Ол жарыстың әрбір кезеңінде мықтылығын танытты. Ерлер арасындағы жарыста Тимурға тең келетін ешкім болмай, алтын медальді жеңіп алды. Алина Райкова мәрені үшінші болып қиды. Спартакиадада ақмолалық биатлоншылар үш алтын және бір қола медалін жеңіп алды. Жарыстың үшінші күнінің қорытындысында биатлон бойынша Ақмола облысының құрамасы екінші орыннан көрінді.
Жарыс қорытындысында алғашқы күннен көш басында болған ақмолалық шаңғышылар жалпы командалық есепте жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстары өзара бөлісті. Ақмолалық спортшылар өз қоржындарына төрт алтын, жеті күміс және екі қола медаль салды. Ерлер арасындағы жарыста Денис Волотка, Константин Борцов, Олжас Климин және Евгений Величко чемпион атанды. Әйелдер арасындағы скиатлон жарысында Валентина Эбель, Гүлсина Қадырова, Тамара Эбель және Эльмира Мұтағарова күміс медальға ие болды. Скиатлонда Олжас Климин және Валерия Тюленева, еркін жүру жарысында Евгений Величко, спринтте Николай Чеботько, отыз шақырымдық масс-бастауда Эльмира Мұтағарова ерекше көзге түсті. 50 шақырымдық шаңғы жарысында Олжас Климин екінші келді. Скиатлон мен 50 шақырымдық масс-бастауда Николай Чеботько үшінші орыннан көрінді. Бұл спартакиада төрт жылда бір мәрте өткізілетін ірі республикалық жарыс болып табылады. Мұнда Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін 23-ші қысқы Олимпиадалық ойындарына қазақстандық спортшылар іріктелмекші.

Махаббат БОЛЬШИНА,
облыстық спорт басқармасының
баспасөз хатшысы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *