Шаңырақтың шайқалуы азаяды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің әлеуметтік жағдайын нығайту мақсатында ұсынған бес әлеуметтік бастамасы халықтың көңілінен шығып отыр. Әсіресе, алғашқы бастама «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» мәселесі жас-тар тарапынан ғана емес, ересектер тарапынан да қолдау табуда.

Егер осы уақытқа дейін тұрғын үй мәселесімен түрлі банктердің табалдырығын тоздырып, бір баспана алуға зәру жандар кем дегенде алатын үйлерінің 30 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерінде қаржы жинауы керек болса, «7-20-25» бағдарламасымен алдын ала пәтер құнының 20 пайызын ғана банкке төлейді. Бұл 1 немесе 2 бөлмелі пәтер аламын деушілерге аса қиындық тудырмайтын болады. 7 пайыздық мөлшерлеме екінші деңгейлі банктердің беріп жатқан ипотекаларының 14-16, кейбірінің тіпті 20 пайыздық мөлшерлемесінен әлдеқайда тиімді. Қазіргі жас отбасыларға бұл үлкен көмек.
Мәселен, елімізде шаңырақ көтеріп жатқан жастардың әрбір үшіншісі бес жылға жетпей, бір-екі жылдың ішінде ажырасып жатады. Шаңырақтың шайқалуы, айырылысу деген қоғамда үлкен мәселеге айналып, отбасын сақтаудың түрлі инс-титуттары қалыптастырылды. Бірақ, ажырасу көрсеткіштері әлі де азаяр емес. Оның ең басты бір себебі, баспананың, жас отбасылардың өздерінің пәтерлерінің болмауынан. Жастардың баспана мәселесі шешілсе, елімізде жетім бала, толық емес отбасы, бойдақтар саны әлдеқайда азаяр еді.
Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын үй құрылысына да зор серпін берері айқын. Нәтижесінде мыңдаған қазақстандықтар үшін баспана алудың қолжетімділігі артады, көбінің баспаналы болсақ деген арманы орындалады. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап бұл бастама іске асырыла бастайды деп күтілуде. Қазірдің өзінде «Тұрғын үй жинақ банкіне» барып, осы бағдарлама бойынша пәтер алу үшін мамандар кеңесіне жүгініп жүрген жастар көп.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысының «жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасына тоқталар едім. Жыл са-йын еліміз бойынша бөлінетін 54 мың грантқа қосымша келесі 2018-2019 оқу жылында тағы да 20 мың грант қосылады. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға бөлінбекші. Бұл Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік бермекші. Бұл ретте, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары даярланады. Бес бастаманың бірі арқылы студенттердің білім алуымен қатар, алаңсыз жатақханада тұруына да жағдай жасалатын болады. Қазір жоғары оқу орындарының студенттері мен колледждердің оқушыларын жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі біздің облыс орталығында да өте өзекті мәселеге айналып отыр. Елбасының тапсырмасына сай 2022 жылдың соңына дейін ақмолалық студент жастардың жатақхана мәселесі біржола шешімін табады деген үміттеміз. Ал, мұның өзі олардың жоғары және орта арнаулы білім алуға деген ынтасы мен құлшынысын арттырып, білікті мамандар қатары толыға түспекші.

Берік РАҚЫШЕВ,
«Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *