Ұшақпен жеткізілген ұлағат

Биыл Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, Көкше топырағының төл перзенті Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толмақшы. Заманында Мәлік ағаның мұраларын тірнектеп жинап, жарқыратып көрсеткен жанашыр жанның бірі ол кісінің келіні, Мәлік Ғабдуллин музейінің бұрынғы басшысы Мәриям Кенжеахмет еді. Жуырда осы кісімен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Құрметті Мәриям Кенжеах-метқызы, сіз өміріңіздің сан жылдарын Мәлік ағаның мұраларын жинауға арнаған адамсыз. Мұражай ашып, еңбектерін кейінгі ұрпаққа насихаттауды алдыңызға мұрат етіп қойдыңыз. Сол ұлан-ғайыр шаруаларға бүгінгі күннің биігінен қарасаңыз нені байқауға болады?
– Мәлік Ғабдуллиндей батыры бар ел қандай бақытты! Мен сол ұлтымыздың дара перзентінің соңында қалған әр сөзін, алтынға бергісіз мол қазынасын жинап, туған елімен қайтадан қауыштыруды алдыма мақсат етіп қойған жанмын. Сол жолда әлі де тер төгуге дайынмын. Сөз арасында мына бір жайды айта кеткен орынды болар. Тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында Көкшетаудағы батыр мұражайын жаңадан салдырсам деген ой келді. Бірақ, ол оңай-оспақ шаруа емес еді. Әуел баста жоспарда жоқ нәрсе. Қаржы бөлінбесе, санаңда тұрған қиялдың бәрі бекер. Сөйтіп, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың қабылдауында болып, «Ғабдуллин музейінің төбесі құлап, ортасына түсті», – деп әзіл-шыны аралас айтуыма тура келді. Шынтуайтында, төбе қалқиып орнында тұрғанымен, ғимараттың әбден тозығы жеткен болатын. Сөйтіп, үш айдың ішінде ағаштан құйылған әдемі де әсем музей үйі жаңадан салынды. Осы күні музей салдыру туралы бастаманы біз көтеріп едік дейтіндер көбейіп кетті. Сол белсенділердің музейді салу кезінде қайда жүргені беймәлім.
– Алматыдағы кітап қорын үй астындағы жертөледе дым тартып, бей-берекет шашылып жатқан жерінен жинап әкеліпсіз. Оны Көкшетауға жеткізуге ұлтжанды азамат Балташ Тұрсынбаев жеке ұшағын беріпті деген аңызға бергісіз әңгіме бар. Осы жайды таратып айта кетсеңіз.
– Шынында да, бұл оқиға аңыз тәрізді. Мәкеңнің соңында қалған мол мұрасы, әр жылдары жазған еңбегі, жинаған кітап қоры. Соны шамам келгенінше шашау шығармай, Алматыдан Көкшетауға жеткізбек болдым. Жертөледе дым тартып жатқан еңбектерді көргенде көңілім жаман құлазыды. Бірнеше күн бойы іші суық, қаракөлеңке жертөледе отырып, ғалымның еңбектерін сұрыптап, жинастырдым. Өкінішке орай, талай дүниесі қалып қойды. Мүмкіндік жеткенше өзім қажет-ау деп есептеген заттарды далаға шығарып, буып-түйіп қойдым. Енді қарасам көлікке сиятын дүние емес екен. Осы игілікті жұмыстың барысынан хабардар болған қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев ағамыз Мәлік мұраларын Көкшетауға жеткізу үшін әскери ұшақ берді және сарбаздарға тапсырма беріп, жиналған кітаптардың бәрін тегіс ұшаққа тиетіп берді. Осылайша, қымбат қазына Көкшетауға жеткізілді. Мен осы күнге дейін Балташ Молдабайұлының қайраткерлігіне тәнтімін. Осы күні дәл осындай жағдайды, жақсылықты қай шенеунік істей алар еді. Тағы бір барғанымда ағай амандық-саулық сұрасқан соң «Батыр ағаның еңбектерін жинастырып жүрсің ғой, айтып-жазарың көп болсын» деп маған алтын қалам сыйға тартты. Сол қалам күні бүгінге дейін мұражайда сақтаулы тұр. «Жақсыдан шарапат» деген осы. Сол жақсылықтың арқасында баға жеткізгісіз қыруар қазынаны Көкшетауға аман-есен алып келдік.
– Батырдың ерлік істерін жалпақ Ресей мойындаған. Қазақ батыры туралы ол елде қандай деректер бар болуы мүмкін? Осы жайын қаузаған адам бар ма?
– Осыдан он шақты жыл бұрын Ресейдің Подольск қаласына арнайы сапармен бардым. Ондағы мақсатым Мәлік Ғабдуллин туралы тың деректер жинау еді. Бұл қалада Ұлы Отан соғысына қатысты қыруар жәдігерлер сақталған әскери мұражай бар. Бізді мұражай директоры Игорь Пермяков жылы шыраймен қарсы алды. Келген мақсатымды айттым. Сол жолы көріп-білгенім Ұлы Отан соғысы кезіндегі мол деректер осында жинақталған екен. Мәлік Ғабдуллин туралы естеліктер мен әскери құжаттардың бірталайын осы музейден алып келдім. Ресейліктер Мәлік батырдың соғыс жылдарындағы ерлігін әлі күнге дейін зор мақтанышпен айтады. Ал, жеткізілген жәдігерлер қазір музейде сақтаулы тұр. Ал, Ресейдегі қазақстандық жауынгерлер туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып. Оны түбегейлі зерттеп, қайта қарау керек.
– Сіз Мәлік Ғабдуллиннің мұрасын жинап, зерттеу жұмыстарымен айналысқан жансыз. Батыр ағамыздың былайғы ел біле бермейтін қандай қасиеттерін айтар едіңіз.
– Бір ғана мысал айтайын. Мәлік Ғабдуллин майдан даласының батыры ғана емес, Отанға деген адалдығымен, қарапайым азаматтық тұлғасымен дараланған жан. Шығыстың қос шынары атанған қазақтың қыздарынан шыққан екі батыр қызымыз бар. Солардың бірі майдан даласында атой салған қаһарман қазақ қызы – Мәншүк Мәметова. Ал, енді осы Мәншүкке батыр атағын беру керек деген кезде әскери қолбасшылардың кейбіреуі қарсылық танытқаны тарихи шындық. Сол кезде жаңағы пікірге қарсы шыққан жалғыз біздің жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин еді. «Егер Мәметоваға батыр атағы берілмейтін болса, мен өз жұлдызымды тапсырамын» деген сөзді Мәліктің айтқанын былайғы жұрттың көбі біле бермейтіндігі ақиқат. Бәлкім, шын батырлық деп осындай қасиетті айту керек шығар. Мәншүктің батыр атағын алуға тікелей Ғабдуллиннің қатысы бар дейтін әңгіменің тарихи шындығы осы.
– Соңғы жылдары батыр ағамыз туралы қандай еңбектер жазылды?
– Менің өмірлік серігім, қаламгер Жанатай Бекенов Мәлік Ғабдуллиннің немере інісі. Қазақы қалыпта айтатын болсақ, мен батырдың келінімін. Мәліктің ерлігін айтып, мұрасын жинақтауда Жанатайдың атқарған еңбегі өлшеусіз. Газет бетіне шыққан тарихи-танымдық мақалаларының өзі бірнеше кітапқа жүк болар еді. Оның қаламынан туған «Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі» және «Қанай би ұрпақтары» атты екі кітап жарыққа шықты. Осы шығармаларда батыр Мәлік, ғалым Мәлік туралы көптеген тың деректер бар. Әсіресе, қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы мен Мәліктің арасындағы айнымас адал достық әдемі айтылады. Қазақ ерлерінің Отан соғысындағы теңдессіз ерліктері де Жанатайдың еңбектеріне арқау болды. Өз басым Мәліктің мәңгілік әлемі енді басталды дер едім. Ол кісінің ұшан-теңіз әдеби мұраларын жинақтап, жарыққа шығару мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуы керек. Әйтпесе, ғасырлық тойы екен деп құр әншейін ас ішіп, аяқ босатудың ешқандай қажеті жоқ.
– Батыр ағаның ғасырлық тойына жасалып жатқан дайындық төңірегінде не айтар едіңіз? Негізгі салмақ туған мекенінде отырған ағайынға түсетін шығар.
– Батырдың 100 жылдық мерейтойы күллі қазақ елінің мерейін аспандататын, тағылымы мен тәлімі мол той болып өткерілуі керек. Өз басым бұл ауқымды шара мемлекеттік деңгейде өткізілетін мерейтойлардың санатында шығар деп топшылаймын. Олай дейтінім, қазір зейнет демалысындамын. Бұрынғы өзім қызмет жасап, басшылық қылған Мәлік Ғабдуллин музейінің бүгінгі жұмысынан бейхабармын. Ең бастысы, бір басына бірнеше қасиет қонған баһадүр Мәлік сынды маңғаз ердің мерейтойы абыроймен өтсе екен деген тілек қой.
– Әңгімеңізге рахмет!

Бақытбек Жұма-Әли,
 журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар