Шаңғыдан танымал өлке

жаңа Сахновтармен қуантса екен дейміз

Сандықтау балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі облысымыздағы осындай іргелі оқу орындарының бірі. Мектепте бүгінде 534 бала спорттың 7 түрінен тәлім алып, шеберліктерін шыңдауда. Олардың арасында облыс, республика, тіпті, халықаралық жарыстардың жүлдегері атанған спортшылар да аз емес.

– Мектебіміз өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап жұмыс істейді. Ал, 2008 жылы жергілікті табиғат жағдайына байланысты қысқы спорт түрлеріне бейімделіп, қайта жаңғыртылды, – дейді мектеп директоры Валерий Ловячин.
Сол жылы шаңғы базасы салынып, қыста шаңғымен, жазда дөңгелекті шаңғымен сырғанайтын арнайы жолдар жасалыпты. Мектеп бүгінде жеті спорт түрі бойынша, атап айтқанда: биатлон, шаңғы жарысы, баскетбол, волейбол, футбол, қазақша күрес, кір көтеру және армрестлинг бойынша тәлім береді. Алғашқы екі спорт түрі басымдықпен үйретіледі. Мектептің негізгі ғимараты село ішінде болғанымен, заман талабына сай сәулетпен салынып, жарақталған  ағаш арасындағы шаңғы базасында да балалар көп дайындықтарын өткізеді. Мұндағы жатақханаға лайықталып жабдықталған бөлмелерде бүгінде Степногорскідегі Бөгенбай батыр атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінен келген 21 бала тұрып, тәлім алуда.
Мектептің материалдық базасы заман талабына сай жарақталған. Ашық ауадағы спорт алаңдарынан бөлек спорт ойындарына арналған әмбебап спорт залдары, тренажерлар қызмет көрсетеді. Мұнда балаларға өз  саласын жақсы білетін білікті мамандар мен бапкерлер тәлім-тәрбие береді. Қазіргі қол жеткен нәтижелер Сандықтау спорт мектебінің деңгейін анық байқатып тұрғандай. Мектеп директоры таяуда ғана Ақтөбеде өткен кір көтеру чемпионатында сандықтаулық Владимир Прохоровтың 85 келілік салмақта бірінші орын алып, жеңіске жеткенін мақтанышпен әңгімеледі. Осы жарыста мектептің тағы бір тәрбиеленушісі Павел Захарчук төртінші орынды жеңіп алыпты.  Мектеп базасында түрлі деңгейдегі жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Оның ішінде сандықтаулық спортшылар Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Владимир Сахнов пен Елена Хрусталева атындағы жүлде үшін өтетін жарыстар әйгілі болып отыр. Биылғы жылдың сәуір айында Балкашин селосының аумағында өткен Е.Хрусталева атындағы біріншілікте мектептің тәрбиеленушісі Эрик Шефер шаңғы жарысынан екі шақырымдық жолда бірінші жүлделі орынды иеленген. Қыздар арасындағы жарыста осы қашықтықта Анастасия Хвощенок бас жүлдені олжалапты. Жеке жарыста алты шақырымдық қашықтықта өзгелерден қара үзіп келген Алина Скрипкина бас жүлдені қанжығасына байласа, үш шақырымдық жарыста Эрик Шефер жүлдегер атанған.
– Мектебімізден  37 cпорт шебері шықса, солардың  21-і еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде сондай биік атаққа ие болғандар, – дейді мектеп директоры. Бүгінде мектеп оқушыларының арасында 2 спорт шебері, 18 спорт шеберлігіне кандидат, 15 бірінші, 84 екінші және үшінші разрядты спортшылар бар.
Елбасымыз халыққа арнаған Жолдауларында салауатты өмір салтын ұстану, бұқаралық спортты дамыту жайына үнемі көңіл бөледі. Ауыл спортын дамытуға атсалысып келе жатқан Сандықтау балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жеткен жетістіктері де, болашақ бағындырар биіктері де аз емес деп айтуға толық негіз бар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар