Шабыт – өнерпаздың қанаты

Ауданның Қоянды ауылдық аймағында Қытайдан, Моңғолия мен Өзбекстаннан келген біздің көптеген өнерпаз қандастарымыз тұрады. Бойларын өнердің шабыты билеген сол кісілердің қолдарынан шығып жатқан дүниелер Астанада, облысымыз бен ауданымызда өтіп жатқан түрлі көрмелердің көркі болғанын көпшілік жақсы біледі.

 

Қоянды орта мектебінің еңбек пәнінің мұғалімі Бақшагүл Байдолдақызының қарапайым қолжетімді материалдардан жасаған дүниелері көпшіліктің көңіліне жақсы әсер етеді десек, қателеспеген болармыз. Мектеп оқушылары Бақшагүлдің өткізетін күнделікті сабақтарына үйір. Жаңа технологиялар бойынша жасалған тың туындылары қазірдің өзінде Көкшетау қаласында, елордамыз – Астананың көрмелерінен өзінің лайықты орнын алды.
–Мен кәдімгі газет қағазынан, салфетка мен пластмасса шөлмектері қиындыларынан да ұлттық өрнегі бар шағын дүниелерді жасап шығарамын,– деді Бақшагүл Байдолдақызы әңгімеге ден қойған бізге жымия қарап. – Америка елінің символы ақбас бүркіт, Қорғалжынның қызыл қоқи қазы, ақбоз ат пен қырғауыл осындай дизайн тәсілімен жасалды,–дейді ол.
Инновациялық технологияның қырын жан-жақты меңгерген Бақшагүл мектеп оқушыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Оның бір шәкірті Жанерке Аманжолқызы Көкшетауда облыстық білім басқармасы өткізген «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысып, жоғары жетістікке қол жеткізді. Қоянды мектебінің 10-сынып оқушысы Ләззат Сейітхан да Астана қаласында ұйымдастырылған «Хобби ЭКСПО-2017» көрмесінде «Бастапқы техникалық модельдеу» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды.
– Шабыттың шынайы таза қасиет екеніне әрбір өнерлі адам өмірде көз жеткізіп жүр, – деп әңгімесін сабақтады ауыл мектебінің ұстазы Бақшагүл Байдолдақызы. – Анам Қонай да ісмер адам. Шабыттанған кезде ән айтып, тоқыма немесе кесте жұмысын қолға алса, көздеген дүниесін оп-оңай дөңгелетіп жіберетін. Анамыздың қасиеті біздің де бойымызда бар. Текемет, сырмақ, алаша тоқу, киіз басу, көрпе тігу сияқты барлық қазақ өнерін меңгерген кісілердің бірі боламыз,–деді ол.
Ісмер жанның қолынан шыққан дүниелердің ішінен Бәйтерек, қазақтың киіз үйі, домбырасы, түрлі аяқ киімдер мен қыз жасаулары, сәукеле анадайдан көз тартады. Астана қаласында жас ұстаз жекеменшік мектепте оқушыларға, ал, Еуразия университетінде ынтасы бар бірсыпыра студенттерге дизайн бойынша дәріс береді. Әңгіме арасында біз өнерге көп көңіл бөлетін жанның ұсыныс-тілегін де қойын дәптерімізге жазып алдық. Мысалы, Қоянды мектебінде оған жаңа қазіргі заманғы технологияны дамытатындай толыққанды жағдай жоқ екен. Ол үшін мұғалімнің арнайы құрал-сайманы, жеке кең кабинеті де болуы керек. Түрлі бояуларға, желім мен қажетті материалдарға қаражат бөлінсе, істі өрістетуге мол мүмкіндік туар еді.
Айтулы өнердің өрісін кеңейтіп отырған Бақшагүл Байдолдақызының алға қойған жоспарлары көп. Ол биылғы жазда Астана қаласында өтетін Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға әбден ынталы. Бұл жерден өнер адамының алар тәлімі мол болатыны белгілі.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар