Шашыңды қима, жан қалқа…

Инабаттылық пен ибалық, кішіпейілділік пен кісілік, ізеттілік пен ізгілік бір бойынан табылатын қазақ қыздарының көркі қолаң шашы десек асыра айтпағандығымыз. Алайда, қазіргі таңда тілерсегіне дейін төгілген бұрымын ақшаға айырбастап, келілеп сататын қыздарды көптеп кездестіруге болады.

«Әшекейі жоқ әйел жапырағы жоқ ағашпен тең» – демекші, бұрымын әсемдеп шашбаумен өрген бұрынғылар қыз баланың шашына қайшы тигізбеген. Қызғалдағының қолаң шашын бақытына балаған.
Не нәрсенің насихаты жақсы болса, өтімді болатыны бар. Әсіресе, жастар тым әсершіл келетіні де жасырын емес. Облыс орталығындағы қала көшелерін бойлай тізілген автобус аялдамаларында көздің жауын алатын  «Шаш сатып аламыз» деген мәтіндегі  жарнамалар қаптап тұр. Ақшадан көбінесе жастар тапшылық көретіні белгілі. Содан болар, мұндай жарнамаға студент жастар алданып, жылдар бойы өсірген шашын азын-аулақ тиын-тебен үшін қиып тастаудан тайынбайды. Обал-ақ, көзі қиып, қалай қияды десеңізші. Біз осы орайда, облыс орталығындағы білім ордаларын аралай жүріп, бота көзі мөлдіреп, тал шыбықтай бұралған, бұрымы беліне түсіп, иманы жүзінен төгілген   Әнел Сапаровамен арнайы танысып, сөзге тартып көрдік.
– Мен әжемнің баласымын. Содан болар ол кісі мені бауырына басып, өзі тәрбиелеп өсірді.  Әжем бір жасымнан шашыма қайшы тигізбеді. Кекіл де қойғызбады. Жұрт көзінен таса жерде ғана бұрымымды тарқатып, тарауға рұқсат беретін. Шаш өсіру оңай емес. Ерекше күтімді қажет етеді. Айранмен, жауынның, қардың суына жуғызатын. Қалада неше түрлі сусабындар бар. Алайда, сүтпен, жұмыртқамен жуғанға жетпейді. Бір күні әжем мені шақырып алып, «Балапаным, мен өмірден өтсем де, айтар аманатымды аяқасты етпе, жаным. Әйелдің бақыты – бұрымында. Шашыңды қиғаның, бақытыңды қиғаның. Ешқашан шашыңды жайып жүрме, жамандықтың белгісі. Тұрмыс құрғанша, қос өрім қылып, тұрмысқа шыққан соң, бір өрім қылып өріп жүр, жаным,–деді. Осы күнге дейін әжемнің аманатына адалмын, – дейді Әнел өз ойын ортаға салып.
Шаш сатып алатын салондарды аралап шықсам да бірде-бірі қанша келі шаш сатып алғандықтары туралы ақпарат бермеді. Қыздардың бұрымын келілеп жинап, сатып жүргендер қолаң шаштың киесі болатынын біледі ме екен?. Әй қайдам?!..            
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар