Шерағаң – Шерхан Мұртазаның екі шапағаты

Аманхан Әлімұлы елімізге есімі танымал ақын, публицист. Ұзақ жылдар республикалық іргелі басылымдарда қызмет атқарған ол бүгінде «Ақиқат» журналының бас редакторы. Оқырмандарымыздың назарына Аманхан Әлімұлының халық Шерағаң атап кеткен талантты жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның соңынан ерген інілеріне жасаған қамқорлықтары жайындағы естелігін ұсынып отырмыз.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басы. Ол кезде бесінші курста оқимын. Диплом жазып жүргенмін. Жазда жас ақындардың үлкен бір
жиынынан соң бір топ жас ақын көпшілік алдында, сол кездегі Ленин, қазіргі Республика сарайында өлең оқитын болдық. Басты әңгімені созып алмау үшін, оқиғаны асықтырсақ.
Сарайда өлең оқылды. Кеш жақсы өтті. Тыңдарман қауым жас ақындарды аса жылы қабылдады. Сонымен, оның арты белгілі. Бір пәтерде аты шулы жуыс басталып, таң атқанша той-думан болды. Құс ұйқылы жастар ұйқымыздан тұрғанда шала мас едік. Кешегінің екпіні бар. Сол бетімізбен, сол жастардың бір тобы Қазақстан Жазушылар одағындағы атақты «Қаламгер» барына тарттық. Ойымыз бас жазып, кешегі сәтті өткен кешті жууды одан әрі жалғастыру. Ол кезде «Жазушы» баспасы, «Жалын» жастар журналы Одақтың ғимаратында. Атақты ағаларымыз да сонда. Барда отырыс одан әрі жалғасты. Әңгіменің қысқасы, сол жолы Есенғали досым екеуіміз қазіргі бір ақын ағамызға соқтықпаймыз ба? Оның арты шуға айналды. Есенғали сырттан оқиды. Елден келген. Мен болсам жергілікті кәдуілгі студентпін. Диплом қорғап жүрген кезім.
Сонымен, іс сотқа кететін болды. Жәбір көрген ағамызда қайту жоқ. «Құртамын, соттатамын» дейді. Бізді айыптаушылар да көп, ақтаушылар да жоқ емес.
Жаны ашып, араша түсіп жүргендер бар. Оның басы Қадыр, Әбіш, Қалтай, Сайын, Жарасхан секілді ағаларымыз. Жанашыр болып жүрген Сағи, Дүйсенбек секілді ағаларымыз өзінше бір төбе. Жарасхан ағамыз, «Оны ұрғанша мені ұрмайсыңдар ма? Сотқа бермей, сендерді күніге бір қорқытып, бірге шараптатып жүретін», – деп қалжыңдайды. Ал, қалжың біздің немізді алған?! Жылай алмай жүрміз. Екеуіміз де іштен тынамыз. Бір күн түрмеде жатып шыққаннан кейін, судья қаладан шықпауға қолхат алып босатқан. Сөйтіп жүргенде, тергеуші «оқитын жерлеріңнен мінездеме алып келіңдер» дегені. Декан Темірбек ағайдың беретін мінездемесі белгілі. Алдына бара алмай, қашып-пысып жүргеніміз өзінше бір әңгіме. О кісі де үндемейді. Бәленің бәрін біліп отырғанынан хабардармыз. Сонда да, о кісі не шақырмайды немесе басқа да әрекеттің сырын білдірмейді. Үнсіз. Біз одан әрі қорқамыз. Дауыл алдындағы тыныштықтай.
Ол кезде Шерхан аға Жазушылар одағының хатшыларының бірі. Сол кісіге бардық. Жағдайды айттық. Шерағаң онсызда бұл оқиғадан хабардар екен. Мінездеме беретін болып, Ким деген істі жүргізіп жатқан судьямен сөйлесіп, келісті. Өзі хатшы қызға диктовка жасап отырып, «шығармашылық мінездеме» берді. Мақтады. Болашақта жаман ақын болмайтынымызды айтты. Екеуміздің шиеттей бала-шаға, қысқасы, отбасымыздың да барын назардан тыс қалдырмады. Аяңыз, деді. Сосын ақын ағамызды шақырып, «жастарды кешір» деді. Қойыңызшы, әйтеуір сол жолы Шерағаңның, сосын ағамыздың кешірімімен, көпшіліктің тілегімен бір ыңғайсыз жағдайдан құтылдық. Бұл Шерағаңның маған тигізген бірінші шапағаты еді.
Екінші шапағаты. Сол, жоғарыдағы оқиғадан соң еш жер жұмысқа қабылдамай қойды. Бос жүріс. Диплом қолда. Декан Темірбек ағай ол оқиға туралы жақ ашпаған күйінде, оқуды бітіргізді. Бірақ, ол туралы бір жерде қатты жаныма тигізе, әзіл-шынын араластырып, өзінің әдеттегідей өткір тілімен шаншып өткені бар. Ол өзінше бір әңгіме.
Қош, сонымен, әйелім жұмыс істейді, Отбасына менен шығыс болмаса, кіріс жоқ. Оның үстіне оған ана зәһәрды қосыңыздар. «Лениншіл жас» газетіне шығайын деп тұрған өлеңдерім «қорғасын» күйінде шашылып кеткен. Білмейтін жастарға айтарым, о кезде басылым материалдары қорғасын әріптермен терілетін. Соны айтып отырмын. Қайда бармайын, әлгі аты шулы оқиға алдымнан шығады. Шерағаң о кезде «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторлығына ауысып кеткен. Сөйтіп жүргенде, кезекті бір отырыстан соң, ана зәҺәрды іше-іше «болып-толған» күйімде Шерағаңның кабинетіне кіріп кетіппін. Есім жиы-
лып, көзімнің алдындағы әлемді тұмшалаған шел кеткенде қарасам, қарсы алдымда тас мүсіндей, оданда әрі образбен айтқанда, өң-түсі сыр бермейтін Буддадай болып Шерағаң отыр. О кісіге не айтқанымды білмеймін. Мен есікке таяу орындықта отырмын. Содан орнымнан атып тұрып, сыртқа шыға жөнелдім. Сөйтіп, Одаққа екі-үш күн жоламай, төртінші күні бармаймын ба? Барсам, қарсы жолыққан, сол кездегі Шерағаңның хатшы келіншегі Алтын «Аманхан, Шерағаң сені іздеп жатыр» деді. Мен болған оқиғаның жай-жапсарын сұраймын, одан. Ол «мені тыңдамай Шерағаңа кіріп кеттің, жай-күйіңді айтқан сияқтысың» дейді.
Сонымен, Шерағама кірдім. Бас төмен, еңсе түсулі. Тік қарау жоқ. Тұрмын. Бір кезде Шерағаңның «Иә, батыр, сол келіннің бір сомымен жүріп, ішіп жүрсің бе? Келінге күн қарап қалған-ау, байқаймын! Не істейміз?» дейді. Мен үнсізбін. Сұрағының жауабын өзі тапқандай, телефонның құлағына қол жүгіртті. Телефонның арғы жағындағыға, «Уәлихан, Аманханды білесің бе?» деді. О кезде «Қазақстан пионері» газетінде редактор Уәлихан Қалижан ағам білем деген болуы керек, «Онда сол Аманханның күні келінге қарап қалыпты. Күніге бір сомды малданып жүр екен. Соған қол ұшын бермесек болмас» деп, дауысын соза маған қарады. Мен жерге қарадым. Сөйтіп, қашанда біреуге қол ұшын беруге әзір Уәлихан ағам да, сөзге келмей жұмысқа қабылдады. Бұл Шерағаңның маған тиген екінші шапағаты еді. Сөйткен, ардақты абыз ағама Алла қуат берсін!

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *