Құштарлық

 Жарық, кең бөлме. Қабырға бойымен созылған шкафтың сөрелерінде кітаптар тізіліп тұр. Жазу үстелінің үстінде қаз-қатар дәптерлер қойылған. Ал, терезеден түскен шұғылалы күннің шуағы бөлмеге ерекше рең беруде. Әрине,  осы көрініске көз салған кез-келген адам үшін бұл ұстаздың бөлмесі екені айдан анық еді.

Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару  екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Бұл үшін жүректің батырлығы мен табандылығы болуы қажет. Осының бәрін Базаргүл жақсы түсінеді. Сонау мектеп партасынан бастап, өмірін ұстаздықпен өрнектеуге деген құлшынысы арта түскен-ді.
Осылайша, жүрегінің түбіндегі ақ арман облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне оқуға түсуіне түрткі болды. Ол ойланбастан шет  тілдер факультетіне құжаттарын тапсырып, өмірінің жаңа парағын жазуға кірісті. Сол кездің өзінде-ақ зерделі бойжеткен көп тілді меңгерудің жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын негізгі тетік екенін түсініп, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі боламын деп таңдау жасады. Университет қабырғасында оқып жүргенде Германия, Америка елдерінен еріктілер келіп, оның өзге тілді жетік меңгеруіне өзіндік үлестерін қосқан.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, жас маман алғашқы еңбек жолын Зеренді ауданындағы Абай ауылының орта мектебінде бастайды. Мұнда талай шәкіртті баулып, білім биігіне көтеріп, ұлағатты ұстаз атанды. Осы бір даңғыл жолға түскен алғашқы кездері жайлы сұрағанымызда,  іркілместен бойында қуаныш пен қорқыныштың арпалысқанын алға тартты. Мұның өзіндік себептері де бар екен. Алдымен, арманының орындалғаны жанын бақытқа бөлесе, сынып ішінде көздері жәудіреген оқушыларды көргенде, санасын үрей де билеген. Бүгінде сол оқушылар білдей бір оқу орындарының студенттері атанды. Тіпті, шетел асып, білім қуғандар да бар. Он екі жыл еңбек өтілінде ұстаз Әсет Әбуов, Аида Мейрамова, Ділдә Сәрсенбаева және Әділхан Әбуов сынды оқушыларды кеудесін кернеген мақтанышпен атап өте алады. Бұл  өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатынын дәлелдеп-ақ тұрғандай.
Ол оқушыларды жалықтырып жібермес үшін әр сабақты олардың қызығушылықтарына қарай орайластырады. Осы ғұмырында қаншама шәкіртін білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік шуағын дарыта білген ұстаз білім ордасында шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленіп, жаңа дәуірдің жаңа үрдісіне сай еңбек етіп жүр. Ісімен үлгілі, қарапайымдылығымен құрметті Базаргүл Біләлова өзінің еңбек жолында оқушылардың ағылшын тілі пәнінен білімдерін жан-жақты дамытуға және шығармашылық ізденіспен жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызып, олардың тілге деген қызығушылықтарын арттырып келеді.
Үстіміздегі жылы облыстық «Үздік педагог-2015» байқауына қатысып, 19 ұстаздың ішінен топ жарып шыққаны оның кәсіби шеберлігінің мінсіз болғаны деп ауыз толтырып айтуға болады. Сайыста барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, біліктілігін көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Ол бұл жауапты сын-сайысқа қатысу себебін өз сөзінде  бағын сынап көргісі келгенімен түсіндірсе де,  біз  мұны бақпен қатар, ұстаз еңбегінің жемісі деп бағалаймыз. Осы мамандыққа деген құштарлық әлі алға бастауда.
Жан жары, тарих пәнінің мұғалімі  Қаныбек Біләлов оны әрдайым қолдап отырады. Сондай-ақ, қайын енесі Санар Біләлова да талай шәкірттің бағын ашқан ұлағатты ұстаз. Ол да үнемі өз тәжірибесімен бөлісіп, кеңес береді.  «Адам баласы ұрпағымен бақытты» демекші, адал қызмет етіп, шәкірттерінің сүйікті мұғаліміне айналған ол бүгінде төрт баланың анасы. Үлкен ұлы Рахат көз қуанышына айналып, ағылшын тіліне деген мектепішілік, аудандық олимпиадаларға белсене қатысып отырады. Ендеше, білімді ұрпақ тәрбиелеy жолында еңбек етіп жүрген өнегелі педагогтың зерделі де зерек шәкірттері көп болсын демекпіз.

Ырысгүл АШУОВА

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар