Шымырлар шыныққан ортада

Астананың іргесіндегі Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр басқаратын «Родина» агрофирмасында» жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетумен қатар, спорт пен дене шынықтыру мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда күнделікті жұмыстан бос уақытта спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстану бұлжымас дәстүр. Осыған байланысты демалыс және мереке күндерінде шаруашылықтың көптеген тұрғындарын спорт залында, ал, жаз айларында спорт алаңдарында көруге болады.

Мұның өзі еліміз бойынша алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың көш басынан орын алған родиналықтарға еселі еңбек етуге де, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тату-тәтті өмір сүруге де көп септігін тигізіп келеді деп айтсақ, артық емес. Өйткені, белсенді қозғалыс пен жақсыға құштарлықтың бәрі осы спортта.
Шаруашылықта өткізілген биылғы 16-ыншы спартакиада Целиноград ауданының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Оның ауылдағы тамаша спорт кешенінде өтуі де агрофирма басшылығының спортқа зор көңіл бөлуінің айқын бір көрінісі. Мұнда шаруашылықтағы баладан бастап қартқа дейін спортпен айналысады. Өйткені, соған барлық жағдай жасалып отырса, адам да оның игілігін көруге асығатыны өз-өзінен белгілі жай.
Жоғарыдағы біз айтқан спартакиада немесе қысқы шағын олимпиадаға жыл сайын агрофирманың барлық өндірістік буындары, сонымен бірге, мәдени-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері, жергілікті орта мектептің оқушылары мен осы шаруашылықтан жоғары оқу орындарына оқуға түсіп, білім алып жатқан студент жастар қатысады. Шаруашылыққа қарайтын екі ауылда да тұрғындар спортпен белсене айналысқандықтан, олардың арасынан осы спартакиада, тіпті, одан да ірі жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жиі ұшыратуға болады. Айталық, Зеленый Гай ауылының спортшылары ауыл жастары арасындағы жарыстың бірнеше дүркін жүлдегерлері. Ал, Садовый ауылының ұжымы футбол, шағын футбол, шахмет пен теннистен аймақтық жарыстарға тұрақты қатысып отырады. Ауыл құрамасының капитаны Вадим Сафронов бір өзі бірнеше спорт түрімен айналысатын әмбебап жігіт.
Шаруашылықта өткен биылғы спартакиадада мал шаруашылығы саласының қызметкерлері де жақсы өнер көрсетті. Бұдан басқаша болуы мүмкін емес еді. Өйткені, бұл команданың құрамында да қол күресі, бильярд, спорттық балық аулау және дойбыдан облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары бар. Сонымен бірге, трактор-егіс бригадасының құрамынан да кір спорты мен армрестлингтен аудан чемпиондарын көруге болады.
Жергілікті орта мектепте де оқушыларды спортқа баулу басты назарда. Александр Гуменюк жетекшілік ететін мектептің құрама командасы ауданды былай қойып, облыстық жарыстарда да жүлделі орындарға қол жетізумен келеді. Жалпы, агрофирмадағы қай жұмыс учаскесін алып қарасаңыз да, еңбекпен қоса, спортпен тыныстаған бір-бір озық ұжымды көресіз. Солай демекші, агрофирманың өз спартакиадасына да аты айтып тұрғанындай, «Автогараж», «Басқарма», «Бюджеттік сала», «Ардагерлер» және «Жастар» командаларының қатысуы тегін емес. Мұндағы ардагерлердің өзі бильярд, дойбы сияқты спорт түрлерінен алдыңғы орындарды ешкімге бермейді.
Ал, биыл осы ардагерлер командасының капитаны Любовь Владимировна Попелхова ауданның 90 жылдығына өзіндік тарту жасамақшы. Сөйтіп, ол бастаған біраз ардагерлер «скандинав адымымен» тоқсан жылдыққа тоқсан шақырым жолды жаяу жүріп өтпекші. Мұндай бастамашыл топтың қатарында соңғы өткен 16-ыншы спартакиаданың алауын жаққан ардагер спортшы, тәжірибелі педагог Дмитрий Николаевич Казмалы сияқты туған жер патриоттары да болатындығы анық.
Өндірісі өрге басқан шаруашылықтың осылайша спорт пен дене шынықтыруды жақсы жолға қойғаны родиналықтарға қоғамдық белсенділікті арттырып, салауатты өмір салтын ұстанудың арқасында жаңа жетістіктерге жетуге жағдай туғызатынына сенім мол.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Целиноград ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *