Шын талантымен танымал

Манарбек Бұрмағановтың жеке сурет көрмесі бұл жолы облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде ашылды.

Көрменің ашылуында Еуразия дизайнерлері одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Манат Есмағұлов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Хайролла Қамбаров, Қазақстан Суретшілер одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Юрий Попов сөз сөйлеп, Манарбек Бұрмағановтың шығармашылығына кеңінен тоқталып, өнер туындыларына жоғары баға беріп, жүрекжарды тілектерін арнады. Көрмеде «Қазақ хандығының негізін қалаған Ұлы Абылай хан», «Кенесары», «Тұмар ханым», «Көкшетау – Сарыарқа жүрегі», «Ірге тас» сияқты тарихқа тұнып тұрған кескіндеме туындылары мен қатар сыршылдық пен сұлулық үндескен лирикалық тақырыпта да суреттері көптің көңілінен шықты. Әсіресе, «Махаббат», «Аран», «Күншығыс», «Тырналар» сияқты тағы басқа көптеген картиналары адам жанын сөз жеткізгісіз сұлулыққа баурай біледі. Еңбекшілдер ауданының Кішкентай ауылында ұстаздар әулетінде дүние есігін ашып, жастайынан өнерге ғашық боп өскен бала Манарбек қолы епсекті, суретші әкесіне еліктеп өскен. Ауыл мектебіндегі сегізжылдық мектепті бітіргесін, Омбы қаласындағы кәсіби-техникалық училищеге түсіп, сонымен қатар, сол қаладағы бейнелеу өнері студиясына барып, сондағы үйірмелердің сабағынан қалмай қатысып, өнерін шыңдай түскен. Туған жерінің тылсым табиғатымен сырласып, сайын даланың тау-тасын, қырат-дөңесін жатқа біліп өскен, сол бейнені шынайы таза қалпында жүрегінде сақтай білген Манарбек Бұрмағановтың қай суретін алып қарасаңыз да, сыршылдыққа тұнып тұр. Ол тек қана кескіндемеші ғана емес, сонымен қатар, мүсінші, ағаштан түйін түйген қолөнер иесі. Санқырлы таланты бар Манарбек аға мұздан ойып мүсін, шыныдан да бұйым жасайды. Оның туындылары алыс-жақын шетелдердегі өнер мұражайларында жаһұтты жәдігер ретінде сақталған.    
Ол үнемі ізденіс үстінде. Күн-түн демей өнер туындысын ел көңілінен шығарамын деп көз майын тауысып, еңбек етуден еш жалыққан емес. Талант пен қажырлы еңбегінің арқасында бүгінде ел ықыласына бөленуде. Еселі еңбек әсте ескерусіз қалмайды. Cырлы суреттің сиқырлы әлеміне бойлап, епсекті қолымен өңіріміздің сұлулығын мүсіндеген шебер, шәкірт тәрбиелеп, тәлім берген ұстаз Манарбек Бұрмағановтың халқына әлі де берері мол. Көрмеге қойылған туындылар өзінің нәзіктігімен, әсемдігімен көздің жауын алады. Суретшінің өзіндік қолтаңбасы бар. Оның тарихи туындылары адамды қиял қанатында сөз жеткізсіз ғажайып өнер әлеміне жетелей түскендей.
Ғажайып тылсым сырға толы көрмені тамашалаймын деп келген қауым осындай сұлулыққа тұнған туындылардан рухани қуат алды.

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар