Шынайы құрмет, жоғары баға

 Өткен сенбі күні  облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен облыс әкімдігінің жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай бір топ журналистер марапатталды.

  Облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысына облыстық басқарма басшылары мен облыстық, қалалық, аудандық газеттердің басшылары, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері қатысты. Облыс әкімі Сергей Кулагин кеңес отырысын ашып, жүргізіп отырды.
– Өңірдегі БАҚ-пен біз соңғы уақытта жақсы жұмыс істеудеміз. Аймақтың дамуын, әлеуметтік-экономикалық  ахуалын сіздердің жазған материалдарыңыздан анық аңғаруға болады. Журналистер, сіздер біздерге қолдау көрсетіп, әрқашан түсіністікпен қарайтындарыңызға зор сенім артамын, – деді облыс әкімі Сергей Кулагин.
Отырыста облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов облыстағы ақпараттық саясаттың жүзеге асырылуы жайлы баяндама жасады. Шешен ақпараттық саясаттың басым бағыттарына тоқталды. Өңірде 99 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген.  Ал, республикалық БАҚ-тың 23 меншікті тілшілері жұмыс істеуде.  Мемлекеттік БАҚ жалпы өңірдегі ақпарат кеңістігінің 45 пайызын құрайды.  Осы орайда, Нұрлан Жаңбыршыұлы мемлекеттік саясаттың бас-ты бағыттарының бірі бәсекеге қабілетті ақпарат кеңістігін құру екендігін атап өтті.  Облыстың даму бағытын айқындау мақсатында республикалық, облыстық БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаттарын өткізу де оң жолға қойылды. 2014 жылдан бері «Ақмола Медиа орталығы»  жұмыс істеуде.  Орталықтың жұмысын жандандыру мақсатында нақты іс-шаралар қолға алынғандығы отырыста кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, жиында пошта қызметі де оң жолға қойылғандығы айтылды. Ал, соңғы үш жылда тұрғындарды сандық телевизияға көшіру іске асырылуда. Бүгінде 60 мыңнан астам абонент «Отау тв» жерсеріктік желісіне қосылған. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов ақпараттық саясатты жүзеге асыруда қала мен аудан әкімдері тарапынан БАҚ өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс екенін хабарлап, облыс имиджін көтеру мақсатында меншікті тілшілермен өзара тығыз қарым-қатынас орнатуды сөз етті. Облыс әкімі Сергей Кулагин облыс тұрғындарымен қатар, барлық әлеуметтік мекемелер ұлттық сандық эфирлік телевизия желісіне көшірілуі тиіс екенін тағы бір нақтылады.  
Кеңес отырысында «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық радио хабарларын тарату дирекциясының директоры Винер Арсланбеков облыс аумағында цифрлық жерсеріктік теледидар қызметін ілгерілету туралы баяндама жасаса, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Аққожина да бұқаралық ақпарат құралдары туралы өзінің ой-пікірімен бөлісті. Ал, «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры Арсений Дүйсенов «Қазіргі заманғы медиа ортада электронды БАҚ дамуының негізгі трендтері» туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, облыстық филиалдың күрмеуі қиын мәселелерін де сөз етті. Бағдарламалар түсірілімі үшін қосымша студияның қажеттілігі мен телевизияның осы заманға сай етіп жабдықтау үшін қомақты қаражат  қажет екенін жеткізді.
Кеңес отырысында Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, бірқатар журналистер облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Алтын қалам» байқауының жеңімпаздары түрлі аталымдар бойынша арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаздардың арасында облыстық «Арқа ажары» газетінің қызметкерлері  Бақыт Смағұл, Аслан Оспанов, Ақмарал Жанғалиева мен ардагер әріптесіміз Дәуренбек Шөрентаев бар.
 Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруда журналистермен қоян-қолтық жұмыс істейтінін айтып, барлық ақпарат шынайылыққа құрылуы тиіс екенін хабарлады. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тағы бір мәрте кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел игілігі жолында аянбай қызмет етіп жатқан журналистерді мақтаныш ететінін жеткізді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар