Үшжақты әріптестік нығаятын болды

«Ақпараттық-ресурстық орталықтың жұмысын қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асыру аясында облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстел отырысында облыстағы мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнестің үшжақты әріптестігі картасының тұсаукесері болып өтті.

 

Өңірдегі әлеуметтік саясатты жүзеге асыру бойынша мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдар мен бизнестің салааралық әріптестігін нығайтуға ықпал ету, біріккен әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобалар мен шаралар арқылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында өткізілген дөңгелек үстел отырысына облыстық басқармалардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес компаниялар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Отырысты «Sara» қоғамдық қорының төрайымы Сара Баймағанбетова ашып, жүргізіп отырды. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Архат Айбабин өз сөзінде бүгінгі таңда азаматтық қоғам тұжырымдамасында қойылған басым мақсаттардың бірі мемлекет пен бизнестің әріптестігі аясында азаматтық қоғамды үшжақты дамыту болып табылатынын атап өтті.
– Бүгінгі күні мемлекет үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік қатынасты дамыту жөнінде мақсат қойды. Бұл бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестік қатынасты құру ісінде маңызды болып отыр. Қайырымдылық шарасы тәрізді көптеген мәселелерді шешу қажет. Бұл шара тек қана мерекелерде өткізіледі. Үкіметтік емес ұйым мен бизнес мұндай және өзге де шараларды жиі өткізу керек деп есептейміз. Бүгінгі таңда бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар өздерінің белсенді ұстанымын жетілдіру керек. Бұл жөнінде азаматтық форумда ұсыныстар мен ескертулер айтылды. Осы орайда, дөңгелек үстел отырысы бұл бағытқа өз үлесін қосады деп үміттенеміз,– деді Архат Айбабин. Бұдан кейін отырыс жұмысына сәттілік тілеген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркебұлан Баяхметов «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Бурабай ауданындағы филиалына қайырымдылық жасап жүрген кәсіпкер Ботагөз Таукенованы Алғыс хатпен марапаттады. Отырысқа қатысушылар «Sara» қоғамдық қорының төрайымы Сара Баймағанбетованың облыстағы мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнестің үшжақты әріптестігі картасының тұсаукесеріне назар аударды. Тұсаукесерде үшжақты әріптестіктің тепе-теңдігі, әріптестіктің мемлекеттік органдарға, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнеске не беретіні  жөнінде атап өтілді.
– Әріптестік бұл келісім-шарт. Үшжақты әріптестіктің міндеті өзара үлесті молайту болып табылады. Қазақстанның үкіметтік емес саласы 25 жыл бойы қайырымдылықпен айналысып, тәжірибе жинақтады. Енді дамудың жаңа кезеңі басталды. Әлеуметтік әріптестік ерекше қатынас болып табылады. Бұл әлеуметтік жағдайды өзгертуге бағытталған қоғам мен экономиканың өзара жұмысы болмақшы. Сондықтан, әріптестіктің жаңа түрін іздеу қажет,– деді Сара Баймағанбетова. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Шынар Мусина әлеуметтік көмек көрсету кезінде бизнеске жасалатын жеңілдіктер, үкіметтік емес ұйымдар төлейтін салық жөнінде айтып берді. Бұдан кейін үкіметтік емес ұйым үшін бизнес өкілдері ұсыныс жасады. Мәселен, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Рүстем Қалышев «Sara» қоғамдық қорымен бірге жұмыс істеп, көптеген жобаларды жүзеге асырғандарын, алдағы уақытта жұмысшы мамандығын насихаттайтын бейнеролик түсіргілері келетінін атап өтті.
– Бес жыл бойы №13 және №18 орта мектептің оқушыларын Щучинск-Бурабай курортты аймағына саяхатқа апарып жүрміз. Бұл оқушылар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары. Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауында жұмысшы мамандығының беделін көтеру жөнінде айтылған. Осы орайда, еңбек адамдары жөнінде бейнероликтер жасағымыз келеді, – деді Рүстем Қалышев. Осы жерде бұл жобаны қолдаушылар да табылды. Сондай-ақ, дәрігер Гауһар Кәмалиева мүмкіндігі шектеулі балалардың орталығын ашу жобасын ұсынды.
– Қызым алты айлығында инсульт алып, жүре алмай қалды. Дәрігерлер дәрі беруден өзге ем жасай алмады. Сөйтіп, өз қиыншылығыммен жеке қалдым. Кейін өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі ұл тәрбиелеп отырған Аяулым есімді анамен таныстым. Онымен сөйлесе келе ананың қолынан бәрі келеді деген сенім пайда болып, қызымды жүргізуге әрекет жасадым. Дене шынықтырумен айналыстық. Еңбегім зая кетпеді. Қазір он жастағы қызым аяғын бас-
ты. Осындай балалардың жан-жақты дамуы үшін арнайы орталық ашқымыз келеді. Ол үшін бізге көмек қажет,–деді дәрігер. Осы орайда, «Восточные сладости» кондитер цехының басшысы Рафик Касумов көмек сұрай келген адамдарға қолым ашық деген ниет білдірді. Отырыс барысында «Муай Тай» Ақмола федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Добычин ата-аналарының қарауынсыз қалған балаларды спортқа тартып жүргенін, тұрғын үйдің жертөлесінде ашқан спорт залына спорттық жабдықтар қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, мұнда Көкшетау мен Щучинск қалаларында балалардың аулалық клубы жоқтығы жөнінде де айтылды. Отырыс соңында аталмыш жобалардың жүзеге асырылуы талқыланды.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар