Өсірілген өнім ысырапсыз жиналады

Елбасының биылғы халыққа арнаған Ұлт жоспары – 100 нақты қадамында алға қойылған 5 институционалды реформаның бірінде ауыл шаруашылығын дамыту жайы ерекше аталып өтті.

Ел экономикасында елеулі орын алатын ауыл шаруашылығы саласын өркендету мемлекеттік маңызы бар мәселе ретінде қаралуы орынды. Сондай-ақ, мұның өзі ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген біздерге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Аграрлық аймақ саналатын Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Биылғы жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 4547,9 мың гектарды құраса, оның 4147,5 мыңы дәнді және дәнді бұршақ дақылдарына тиесілі. Сонымен қатар, 244,3 мың гектар майлы дақылдар, 132,8 мың гектар мал азығы, 18,7 мың гектар картоп және 4,4 мың гектар көкөніс өсіру де қолға алынған.
Ағымдағы жылы облыстағы егістік алқаптарда фитосанитарлық жағдай өте күрделі болды. Әсіресе, арамшөптермен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары ауруымен және зиянкестермен күреске зор көңіл бөлінді. Айталық, облыста жоспарланған егістік алқаптың 4,5 миллион гектары немесе 108,3 пайызы химиялық өңдеуден өтті.
Оның ішінде республикалық бюджет есебінен италияндық шегірткеге қарсы 374,2 мың гектар немесе 100 пайыз алқапта өңдеу шарасы жүргізілді. Облыстық бюджет есебінен кәдімгі шегірткеге қарсы 47 мың гектар, бидай құртына қарсы 82,6 мың гектар және шалғын көбелегіне қарсы 6,4 мың гектар егістік алқап өңделді.
Қазіргі кезде, септориоз және астықтың сұр көбелегіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.  Осы күні септориозға қарсы белгіленген 860,1 мың гектар егістік алқаптың 95 пайызы өңделді. Оның 500 мың гектары республикалық бюджет есебінен, 314,3 мыңы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер есебінен жүргізілген.  
Егінді қорғау мақсатындағы жұмыстар одан әрі жалғасуда. Биылғы жылы бірінші, екінші және үшінші кезең бойынша өңдеу жұмыстары  барысында 618,8 мың гектар немесе  100 пайызы өңделген болса, оның 104,5 мың гектары химиялық жолмен жүзеге асырылған. Сондай-ақ, төртінші кезең бойынша 35,2 мың гектар парға қалдырылған жерді өңдеу жұмыстары жүргізілді. Келер жылы жақсы өнім алу үшін қолға алынған бұл шараларды егін орағы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда облыс бойынша барлық егістік алқаптың 2768,1 мың гектары немесе 66,2 пайызында астық шығымы жақсы, 1264,7 мың гектарда жағдай қанағаттанарлық, 115,8 мың гектарда көңіл көншітпейтін болса, 31,5 мың гектарда шығынға ұшыраған.
Жалпы, мамандар ауыл шаруашылығы  дақылдарының шығымына қарап, орташа есеппен әр гектарынан 10 центнерден шаққанда 4,1 миллион тонна астық  алынады деп болжанып отыр.
Өңірде күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүргізілуде. Биылғы науқанға 8561 астық комбайны жұмылдырылады деп жоспарланған, оның 1129-ы алымдығы жоғары шетелдік техника болып отыр. Бұл техниканың қазір 97 пайызына жуығы дайын. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникасы мен астық орылатын алқапты ескеретін болсақ, 1 комбайнға жүктеме 484,5 гектардан келеді. Егер ауа райы тосын мінез танытпай, жұмыс дұрыс ұйымдастырылып жатса, тәулігіне 170 мың гектар алқаптағы астықты еңсеру арқылы науқанды 27 күннің ішінде толық аяқтауға мүмкіндік бар.
Ал, жаткаға келетін болсақ, облыста оның саны 2582, оның 98 пайызы, жүк көлігінің 98 пайызы және трактор тіркемесінің 98 пайызы жұмысқа  әзір. Сонымен қатар, облыс аумағында механикаландырылған қырман, авто-жүк таразылары және астық кептіру орындарының да дайындығы пысықталуда.
Шаруашылықтардың озық технологияны пайдалануға ынтасының арта түсуі, алымдылығы жоғары шет елдік техникаларды қолдану – осылардың бәрі егін шығымдылығын арттырып, оны жинауды неғұрлым қысқа мерзімде шығынсыз өткізуге игі ықпалын тигізетіні анық. Осы ретте облыста ауыл шаруашылығы кешендерімен машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта соңғы 3,7 жылда облыс шаруашылықтары көктемгі және күзгі науқанға қажетті 966 комбайн, 892 трактор және 173 көктемгі егіс кешенін сатып алған. Ал, биылғы жылдың 7 айында осындай 95 комбайн, 47 трактор қосылды.
Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілуде. Күзгі егін орағын ойдағыдай өткізу үшін 75,6 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,5 мың тонна дизель майы және 7,9 мың тонна бензин қажет. Бүгінгі таңда қажетті жанар-жағармайдан 40,8 мың тонна көлемінде дизель отыны, 3,7 мың тонна дизель майы және 6,7 мың тонна бензин қоры жасалынған.
Облысқа науқанға қажетті кепілдендірілген дизель отынының 77 мың тоннасы бөлінген. Аудан әкімдерінің өтініші бойынша жанар-жағар майды жеткізіп беретін 11 оператор және ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарынан дербес 5 оператор айқындалды.
Мұндағы әрбір оператормен ірі ауыл шаруашылығы құрылымына науқан кезінде бөлінетін дизель отынының көлемі айға бөлініп, мұнай өңдеу зауытына бекітілген. Мәселен, маусым-тамыз айына бөлінетін 63 мың тонна дизель отынының 46 мың тоннасының ақысы төленіп, жеткізілді. Қазір бұл бағытта еш кедергі байқалмайды.
Егін орағы кезіндегі ең басты мәселе ол астық қабылдау кәсіпорындарының  дайындығы. Осы орайда, биылғы науқанға лицензиясы бар  60 астық сақтау кәсіпорыны қатысатын болады. Бұл кәсіпорындарда 3,9 миллион тонна астық сақтауға болады. Оған қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өзінде 1,9 миллион тонна көлемінде астық сыятын қоймалар бар. Осыдан-ақ, алынған астықтың  далада қалмайтынын байқауға болады.
Өңірде элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығын ұлғайту немесе жаңадан салу сияқты жұмыстар да ұдайы назарда.
Мәселен, биыл Көкшетау қаласындағы «Ақмола Бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сыйымдылығы 24 мың тонна астық сақтау кәсіпорыны іске қосылды. Жарқайың ауданының Тасты Талды ауылында сыйымдылығы150 мың тонна элеватор қалпына келтірілуде.
Жалпы, биылғы жылы астық сақтау кәсіпорындарында сыйымдылықты қосымша 120 мың тоннадан астам ұлғайту көзделген.  Облыс-та барлығы 210 астық кептіру орны бар.  Онда тәулігіне 86 мың тонна бидай кептіріліп, сақталады. Қазірдің өзінде астық сақтау орындарында өткен жылдан қалған  655,7 мың тонна тұқым сақтаулы. Бұл – соңғы жылдардағы қуантарлық көрсеткіш.
Өткен жаздағы ауа райының қолайсыздығы шөп дайындау науқанын ойдағыдай өткізуге кері әсерін тигізгені белгілі. Сондықтан, биылғы жылы шаруашылықтар жеткілікті мөлшерде бір жарым жылдық шөп қорын дайындап алды. Облыс бойынша 1614,2 мың тонна немесе жоспарланған бір жарым жылдық мөлшердің 100,8 пайызы деңгейінде шөп әзірленді. Оған қоса, тиісті сабан және жем қоры да жасалынатын болады. Жалпы алғанда, төрт түлік биыл қыстан қысылмай шығады деген сенім бар.
Осылайша ежелден ірі аграрлы аймақ саналатын Ақмола облысы диқандарының биылғы күзгі ораққа тас-түйін дайындығы мен ұйымдастыру жұмыстарының тиісті деңгейде болуының арқасында науқан уақытылы, әрі ысырапсыз өткізілетініне сенім мол.

Мұрат БАЛПАН,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар