Әскери қызметкерлер ынтасы

Елбасының билік тармақтарын бөлу туралы Үндеуі мен Қазақстан халқына арнаған биылғы  Жолдауының мән-маңызын әскери қызметкерлерге кеңінен түсіндіру мақсатында «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Ғалым Бекмағамбетов Көкшетау қаласында орналасқан №5510 әскери бөлімінде болды.

Аталмыш іс-шара әскери бөлім басшыларының ұсынысымен  ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы  құрамына кіретін осы бөлімде  өткен кездесуге  200-ге тарта әскери қызметкер қатысты. «Нұр Отан» партия-сы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов әскерилер алдында партияның атқаратын міндеттері мен қызметі туралы айта келе, конституциялық реформаларға байланысты билік тармақтарын бөлу мәселесіне кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, көпшілік арасында  дау тудырған Конститутицияның 26-бабы мен  Парламент депутаттарына берілетін кейбір өкілеттіктер жайында сөз қозғады.
–Бүгінде әлеуметтік желілерде қасақана дау тудырып, сол арқылы арзан бедел жинауды көздейтін адамдар да бар. Қазір әлеуметтік желі үлкен күшке айналып отыр. Оның пайдасы мен зияны да бар. Қоғамда дау-дамай тудырмау үшін нұротандықтар түрлі ұжымдар мен аудиторияларда кездесулер өткізіп, талдау, түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді ол  өз сөзінде.
Сонымен қатар,  баяндамашы Елбасы Жолдауының басым бағыттарының маңыздылығына тоқталды. Басты құжатта биыл бес басым бағыт белгіленген. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы керек деп, ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аудару қажеттігіне басым көңіл бөлгендігін айтты. «Ақмола өңірі аграрлы аймақ болғандықтан, бұл жаңалық бізді қуантуда» деді Ғалым Мәдешұлы. Сондай-ақ, ол субсидияның бөлінуі қайта қарастырылып, әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақының өсетіндігі әрине көпшіліктің көңілінен шығып жатқандығына назар аударды.  
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына қарттар мен әлеуметтік әлсіз топтардың өкілдері көптеп келеді. Оларды мазалаған басты мәселелердің бірі – дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы. Бүгінде әр дәріхана өз бағасын қоюда, Жолдауда көрсетілгендей алдағы уақытта баға біріздендіріліп, заң нормаларымен реттелетін болады.
Іс-шара соңында әскери қызметкерлер көкейлерінде жүрген өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, реформаға қатысты өздерінің пікір-көзқарастарын білдірді. Әскери бөлімнің жетекшісі, подполковник Руслан Темірқанов  жеке құрам атынан алғыс білдіріп, алдағы уақытта да серіктестік жалғасатындығына сенім білдірді.
Динара ДҮЙСЕН,
«Нұр Отан» партиясы облыстық
филиалының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар