Соғыста із-түзсіз жоғалғандар тізіміне қосылып, кейін хабарсыз кеткен жауынгер Әбілқасым Жаманбаев туралы дерек 76 жыл өткеннен соң табылып отыр

1914 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Чистополь ауданының Гаршин ауылында туған Әбілқасым Жаманбаев соғыстың алғашқы күндері 1941 жылғы 18 шілдеде Рузаев аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынып, 1942 жылғы ақпаннан бастап із-түзсіз жоғалғандар тізіміне қосылған. Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақстандық сарбаздың сүйегі Ресей жерінде табылғаны туралы хабар бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Хабар жетпеді ме, марқұмның туған-туысқандары әлі табылмай отыр.
Қызыләскер Әбілқасым Жаманбаев туған Гаршин ауылы қазір Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның қарауына енеді.
«Арқа ажары» газеті осы жайды оқырмандарымыздың назарына ұсына отырып, баршаңызды жауынгердің туған-туысқандарын іздестіруге жәрдемдесулеріңізді сұраймыз!

Айта кетейік, жұмысшы-шаруа қызыл әскерінің құрамында болған отандасымыздың сүйегін ресейлік іздестірушілер Гайтолово елді мекенінің маңынан тапқан. Оның қару-жарақтары мен тұрмыстық заттары да сол жерден табылған. «Табыстыру» іздеушілер жасағының командирі Сергей Барсуковтың хабарлауынша, жауынгердің оқылатын мойынтұмары бар көрінеді.
–Ол топырақтың астында, 30 сантиметр тереңдікте жатыр. Оның қасында жеке бұйымдары: қазанша, қасық, шыны торсық, газтұтқыш табылды, сондай-ақ, екі қол гранатасы бар, – дейді жасақ командирі Сергей Барсуков табылған заттардың суретін қоса жіберіп. Сарбаздың мойынтұмарындағы мәліметтерге қарағанда, ол – 1914 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Чистополь ауданының Гаршино ауылында туған Әбілқасым Жаманбаев. Жауын-гер соғыстың алғашқы күндері 1941 жылғы 18 шілдеде Рузаев аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынып, 1942 жылғы ақпаннан бастап із-түзсіз жоғалғандар тізіміне қосылған. «Соғыстан кейінгі жылдарда әкесі Әубәкір Ысмайылов оны көп іздесе керек. Тек, арада 76 жыл өткеннен соң ғана сүйегі табылып отыр. Қазақстанның тағы бір батыры Отанына оралады деп сенеміз. Оның туыстары табылса екен», – дейді іздеушілер.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *