Соллаль – кәрістердің жаңа жылы

«Қоғамдық келісім» мекемесінде Ақмола облысының  «Чинсон» кәріс мәдени орталығы»  қоғамдық бірлестігі өздерінің «Соллаль»  мерекесін
атап өтті.
«Соллаль» кәріс тілінен аударғанда жаңа жыл мерекесі деген мағынаны білдіреді.  Бұл мейрам   отбасы бірлігінің мерекесі ретінде атап өтіледі.  Отбасының перзенттері қай қиырда  жүрсе  де,  осы күні  ата-аналарының шаңырағына келіп,  жаңа жылды  бірге қарсы алып, сый-сияпаттар жасайды. Көп жағдайда жастар егде адамдардың денсаулықтарына  пайдалы құрал-жабдықтар мен түрлі дәрі-дәрмектерді осы мереке күндері  сыйға тартуды әдетке айналдырған. Жаңа жылдық  дастарханды әзірлеудегі  ас мәзірі де ерекше. Олар үстелдің шығыс жақ бөлігіне  қызыл түсті  тағамдарды қойса,   ақтан әзірленген  дәмдерді дастарханның батыс бөлігіне орналастырады. Ал,  мерекенің екінші күні әр отбасында ток-кук сорпасы әзірленеді.  
Осындай ежелгі дәстүрінен жаңылмаған олар Көкшетаудағы   «Қоғамдық келісім» мекемесінде  жиналып, ата-бабасынан қалған  салт-дәстүрлерін
насихаттады. Ұлттық ойындарын ойнап, әндерін шырқап, билерін  биледі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, бүгінгі таңда  облысымызда 1400-ден астам  кәрістер өмір сүреді екен. Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық  дамуына елеулі үлес қосып келеді. Шара барысында «Сэбэ»   рәсімі туралы көрермендерге кеңірек айтылды.  Аталмыш дәстүр бойынша  үлкендерге иілу – жастардың парызы. Сол себепті,  үлкен адамдарға  құрмет көрсетіліп, туысқандар бір-бірімен  қауышады.  Бұл мерекеде алты ай қыстан аман шыққан кәрістер, арқа-жарқа болып ағайындарымен ұзақ тілдесіп, біріне-бірі жылы лебіздерін білдіреді. Сонымен қатар,  өткен жылы орын алған барлық қиындықтар мен  жамандықтар ескі жылмен кетсін деген ниетпен жаңа киім киеді екен. «Соллаль» мерекелік кешінде қазақ, ингуш, орыс, неміс, өзбек ұлтының да әуезді әндері  шырқалып,  ұлттық билері биленді. Бұл біздің көпұлтты мемлекетіміздің бірлігін одан әрі айшықтай түсті. Бұдан соң, «Чинсон» этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Лим  кәріс мәдениеті жайлы әңгімелеп, жиналған қауымға ізгі тілектерін білдірді.   

Назгүл Рабилова.

Суретті түсірген  Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар