Сот үкімі: қылмыс пен жаза

Аршалы аудандық сотында 2017 жылы халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 269 шетел азаматтарына қатысты әкімшілік істер қаралды. Олардың ішінде Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан республикаларының азаматтары бар.
Аршалы аудандық сотының шешімдерімен әкімшілік құқық бұзушылық үшін 269 шетел азаматтары кінәлі деп танылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабына сәйкес 7 адамға әкімшілік айыппұл салынды. Ал, 259 азамат қамауға алынып, 3 азамат Қазақстан Республикасының шегінен шығарылды.

***
Өткен жыл ішінде Бурабай аудандық сотында 220 қылмыстық іс қаралып, 141 азаматқа қатысты жаза түрлері тағайындалды.
29 адам бас бостандығынан айырылып, 8 азамат шартты түрде сотталды. Ал, 29 адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 50 адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, 16 адамға айыппұл салынды.
Сондай-ақ, 68 адамға қатысты қылмыстық істер бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Оның ішінде 56 қылмыстық іс сотталушылардың жәбірленушілермен медиация тәртібінде татуласуына байланысты тоқтатылды.
***
Зеренді аудандық сотында 88 жүргізушілерге қатысты көлік құралын алкогольді немесе есірткілік масаң күйде жүргізгені үшін әкімшілік істер қаралды.
Олардың ішінде 80 жүргізуші алкогольдік масаң күйде, 8 жүргізуші есірткілік масаң күйде болған.
Сот қаулыларымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқаруы) әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 88 адам кінәлі деп танылып, әрқайсысына 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде жазалар тағайындалды.

***
Есіл аудандық сотында көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған бола тұра, автокөлік құралын басқарған азаматтарға қатысты 41 қылмыстық іс қаралды.
Сот қаулыларымен Есіл ауданының 41 тұрғыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы) қылмыстық құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танылып, 8 азаматқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы, 33 азаматқа әкімшілік айыппұл тағайындалды.

Ақмола облыстық сотының
материалдары бойынша дайындаған
Асылай Қадырқызы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *