Соттағы істерді қараудың сапасы жақсарып келеді

Өңіраралық коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық сотының судьялары «Қазақстан Республикасының  Азаматтық процессуалдық кодексінің заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығы мен рөлі» деген тақырыпта бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізді.

Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексінің» жаңа редакциядағы нұсқасына қол қойып, ол 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген болатын. Бұл азаматтар үшін сот ісін жүргізуді жеңілдетіп, даудың барлық жағдайында тараптарды татуластырудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Осы орайда, облыстық соттың судьясы, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысты үйлестіруші Сәуле Қияшева «Қазақстан Республикасының жаңа азаматтық процессуалдық кодексін іске асыру туралы» баяндама жасады.
– Азаматтық кодекстің негізгі мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқығын, бостандығы мен заңды мүдделерін сотпен қарау, дауларды қарап шешуде жеделділікті арттыру, сот актілерінің сапасын қамтамасыз ету. Бүгінде дауды бітімгершілік жолмен шешу міндеті де азаматтық сот ісін жүргізуге жүктеліп отыр. Істі сот талқылауына дайындау сатысы оңтайландырылып, оны жүргізу мерзімі ұзартылды. Азаматтар мен заңды тұлғалардың сотта құқықтарын қорғау кезінде шектеу болмауы үшін бұзылған құқықтарын қысқа мерзімде орнына келтіруге, істерді олардың ауырлығына қарай қайта қарауға қажетті мерзімдер қарастырылған, –дей келе, бұйрықпен үш күн ішінде қаралатын талаптардың тізбесі кеңейтіліп, күрделі емес дауларды жедел қарау мен шешуге септігін тигізіп, азаматтардың бұзылған құқықтарын орнына келтіру процесі қысқартылғандығын айтты. Сонымен қатар, сот төрелігінің жүйесі бұрын бес саты бойынша жүзеге асырылған болса, қазіргі жаңартылған Кодекске сай үш сатылы жүйеге ауысқан. Үш жүйелі сот ісін жүргізу халықаралық стандарттарға сай жасалып отыр. Осының нәтижесінде сот шешімдері жедел күшіне еніп, істі созудың мүмкіншілігін қысқартады.
Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жаңа Кодексті пайдалану негізінде облыстағы соттардың азаматтық істерді қарау жұмыстарында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, істің барлық сатыларда қаралу мерзімі үш айға дейін қысқартылған. Осы ықшамдалған тәртіпте қаралған азаматтық істердің саны өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 2308 іске, сот бұйрығын шығару арқылы жүргізілген істер 2769 іске артқан.
Облыстық соттың судьясы Алтын Шойынбекова «Аппеляциялық тәртіпте сот актілерін қайта қарау» жайында түсінік беріп, ағымдағы жылы өзара келісім-шарт жасасқан тараптардың істерінің көп қаралғандығын айтты. Азаматтық істер жөніндегі бірінші сатыда шығарылған шешімдердің сапасы 1,1 пайызға, ал, аппеляциялық сот алқасы шешімдерінің сапасы  6,9 пайызға жақсарған. Сонымен қатар, қылмыстық істер бойынша аппеляциялық сот алқасы көрсеткіші 2,7 пайызға жақсарған.
Судьялардың алтыншы съезінде Елбасы сот төрелігіне жаңа сипат беретіндей, сот тәртібінде қаралатын даулардың санын қысқартудың маңыздылығына, оларды шешудің баламаларын енгізіп, татуласу рәсімдері мен медиацияны дамытуға көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын.  
–Осы тапсырманы орындау мақсатында Кодексте сотқа дейінгі және соттан тыс тәртіпте дауды реттеу, татуласу  рәсіміне көп көңіл бөлінген. Мәселен, сотқа дейінгі
дауды реттеу тараптарға оны қысқа мерзімде, ең төменгі материалдық және моральдық шығындармен шешуге мүмкіндік береді. Даулардың баламалы түрлерімен шешілген істердің саны артуда. Мысалға, татуласу келісімімен 275 азаматтық іс қаралса, оның 175-і медиаторлардың қатысуымен шешілді, үш іс партисипативті рәсім тәртібінде қаралды, –деп атап өтті «Соттарда татуласу рәсімдерін қолдану туралы» баяндама жасаған облыстық соттың судьясы Роза Ертаева.
Сотқа дейінгі және соттан тыс дауды реттеу институтын қолдануды кеңейту үшін Ақмола облысы әкімдігі мен облыстық сот медиация институтын дамытуға арналған Меморандумға қол қойды. Ондағы мақсат – дауды сотқа дейін реттеу институтын жан-жақты дамыту мен оны енгізудің әрекеттестігі аясында бірлескен іс-шараларды, оның ішінде қоғамдағы шиеленістердің деңгейін төмендетуге септігін тигізетін медиация институтын іске асыру болып табылады. Осы орайда, облыстың барлық аудандық және оларға теңестірілген соттары жергілікті әкімдіктермен осындай Меморандум жасасқан. Оны іске асыру үшін өңірлерде арнайы кабинеттер ашылып, қажетті құралдармен жабдықталған.  

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар