Спартакиада – сынақ алаңы

Таяуда Ақкөл ауданында ХХХІ-ші облыстық «Хрустальный колос» қысқы спартакиадасы өткізілді. Облыстың 17 ауданы мен екі қаласынан делегациялар қатысқан дүбірлі дода барынша тартысты өтті. Алдымен, Ақкөл қаласының орталық алаңында салтанатты ашылуы болды.

 

Салтанатты ашылуда облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жиналғандарды спартакиаданың басталуымен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
Бірден айта кетейік, шайбалы хоккей, коньки жарысы, допты хоккей, футзал, президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы тәрізді бірнеше спорт түрлерінен өткізілген жарыста спартакиадаға қатысқан әрбір аудан мен қалалардың командаларының әлеуеті бірден көзге ұрып, көрініп тұрды. Айталық, жарыс өткізілген Ақкөл ауданының спортшылары спартакиада барысында ұйымдастырылған барлық спорт түрлерінен шеберліктері әбден шыңдалған, тәжірибелері толысқан спортшылар екендігін айқын көрсете білді. Осыған орай, жинаған ұпайлары да қомақты.
Спорттың осы түрлеріне ерекше көңіл бөліп отырған Зеренді және Сандықтау аудандарының өкілдері де бір-біріне жетеқабыл екендіктерін жарыс барысында өз шеберліктерімен дәлелдеп берді. Ал, Астрахан, Егіндікөл, Жақсы аудандарының спортшылары орташа деңгейде өнер көрсетті.
Жалпы, спорт сайыстары өткен алаң әр ауданда спорттың қай деңгейде дамығанын немесе мешеулегендігін айқын аңғартатын әділ төреші деуіміз керек. Өйткені, спортшылардың шеберлігінің қаншалықты шыңдалғандығын, тәжірибелерінің қаншалықты толысқандығын сайыс барысында салмақтап, бағалауға әбден болады. Әрі аудандардағы елді мекендерде бұқаралық спорт түрлерінің дамуына қаншалықты көңіл бөлініп отырғандығын дәл осы жерде көре аласыз. Әрине дүбірлі додада кей-кейде баптың орнына бақтың жанып жататындығы рас. Осы орайда, көш соңында қалған Жарқайың, Целиноград, Қорғалжын аудандарында жағдайдың оншалықты мәз еместігін айта кетуге тиістіміз. Барынша тартысты өткен сайыс нәтижесі екшеліп, бағалары беріліп, қорытындылана келе,  жалпыкомандалық бірінші орынды Ақкөл ауданының, екінші орынды Зеренді ауданының, үшінші орынды Сандықтау ауданының командалары иеленді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.       

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретте: жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алған Ақкөл ауданының спортшылары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар