Спорт саңлақтарына лайықты құрмет

Кеше облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырəлімова 6 сәуір – Халықаралық спорт күніне орай, Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өткен 23-ші қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан және түрлі халықаралық жарыстарда жеңіс биігінен көрініп жүрген ақмолалық спортшылармен және олардың жаттықтырушыларымен кездесті.

Салтанатты шараға қатысқандардың арасында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылары, биатлон, шаңғы, күрес және бокс спорты түрлері бойынша танымал спортшылар Алина Райкова, Роман Еремин, Денис Волотка, Тимур Хамитгатин,
Евгений Величко, Валерия Тюленева, Денис
Петренко, Мөлдір Базарбаева, Жансая
Балтабекова, Бекбол Нұрланұлы және олардың жаттықтырушылары болды.
Құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары байрақты бәсекеде ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген ақмолалық спорт саңлақтарына шынайы алғысын білдірді. Сонымен қоса, облыс əкімінің сыйлығымен жəне Алғыс хатымен марапаттады.
– Соңғы жылдары облысымызда спортты дамытуға зор көңіл бөлініп келеді. Осының арқасында спортшыларымыз халықаралық жарыстарда еліміздің көк байрағын желбіретуде. Сіздердің жеңістеріңіз біздерді жігерлендіріп, ұлттық рухымызды оятуда, – деді Айна Мысырəлімова.
Өз кезегінде спортшылар да осындай құрмет көрсеткен облыс басшылығына ризашылықтарын білдіріп, алдағы дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғай беретіндіктерін атап өтті.
– Қайда жүрсек жанкүйерлік танытатын жерлестеріміздің қолдауы біз үшін өте ыстық. Облысымызда халықаралық деңгейдегі спорт алаңдары көптеп ашылуы жергілікті әкімдік тарапынан салаға зор көңіл бөлініп отырғандығын білдіреді. Бұл бізге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, алдағы жарыстарда да жеңіс жолында аянбай тер төге беретін боламыз, –
деді танымал биатлоншы Алина Райкова.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары өңірде спортқа әрдайым қолдау көрсетілетінін, сондай-ақ, алдағы уақытта спорт кешендерін салуға баса назар аударылатынын атап өтті.

Аслан Оспанов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *