Ұстаздың ерлігі

Кірпігі-кірпігіне ілінбей, дөңбекшіп ұйықтай алмай көп жатты. Көзін жұмса болғаны, өмірі көз алдында кинолентадай тізбектеліп, мың сан ой жанына сая бермеді.  Күйбең тіршілік,  балаларының болашағы, қаржының тапшылығы…   

 

Ас үйге барып, су ішпек болғаны сол еді, телефон безілдеп қоя бермесі бар ма. Балалар оянып қалар деп жүгіре басып тұтқаны көтерді. Сөйтсе, көршісі Ержан екен.
 – Дәулет Алексейдің үйі жанып жатыр, – деді де телефон тұтқасын қоя салды. Жайсыз хабарды естісімен, шүпілдетіп екі шелекке су толтырып алып, көрші үйге қарай жүгірді. Аздап абдырап қалғаны да бар. Жанұшырып жүгіре жетсе, қою қара түтін жатын бөлмеден шығып жатыр екен. Аулада Алексейдің ұлы мен қызы жылап тұр. Кіп-кішкентай қос бүлдіршін қорқыныштан қалт-құлт етеді. Ержан солардың жанында. Ештеңе сұрамастан Дәулет қою қара түтінге көміліп, өрт ошағына ұмтылды.
– Үйге кірсем түтіннен ештеңе көрінбейді. Көрші болғасын үйінде талай болғанмын. Қай бөлме қалай орналастырылғанын жақсы білемін ғой. Бірақ, сонда да өрттің ортасынан табыламын деп кім ойлаған. Көзім қарауытып кетті. Қабырғаны жағалай, жатын бөлмеге қарай жүре бердім. Төргі бөлмеден шыға берісте Индира сұлық жатыр. Сүйреп далаға шығарайын деген сәтте, өрт шыққан жақтан Алексейдің ыңырсыған дауысы естілді. Алдымен Индираны екі қолынан сүйреп далаға шығардым. Өзім де қара түтінге тұншығып әрең жеттім. Ендігі мақсатым Алексейді өрттен аман алып шығу еді. Сол мезетте өзімді де, өз балаларымды да ойлайтын шамам болған жоқ. Білмеймін бойымда бір қайрат пайда болғандай. Осы екі арада өрт те өрши түскен. Не де болса тәуекелге бел байлап, жанып жатқан үйге қайта кірдім. Алексей жатын бөлменің босағасында жатыр екен. Арқасы отқа шалынған. Екі қолынан сүйрелеп далаға шығардым. Сол сәтте көзім қарауытып, басым айналып, аяғымнан әл кетті,–дейді Дәулеттің өзі сол қарбалас күнді еске алып.
Дәулет Әкімжанов Ақкөл ауданына қарасты Новорыбинка  орта мектебінің дене шынықтыру және технология пәнінің мұғалімі. Біз Ақкөл ауданына іссапармен барғанда осы азаматты арнайы іздеп барып, жақынырақ танысуды жөн санадық. Алдымыздан жеңгеміз аңқылдап, ақ дастарханын жайып қарсы алды. Ауыл адамдарының кеңпейілдігі-ай шіркін! Дәулет аға болса өте қарапайым, көп сөзге жоқ, іске мығым азамат екендігін аңғартты. Бес баланы тәрбиелеп отырған бұл адамдар бүгінгісіне қанағат етіп, болашағына зор үміт артады.     
Кішілігі мен кісілігі мол ағаның өзі сол күнгі оқиға туралы онша-мұнша шешіліп айта бергенді де ұната қоймайды екен.
Келіншегі Айманның айтуынша, Дәулет өрттен қос көршісін құтқарғаннан кейін оларды жедел жәрдем көлігі аудан орталығына жеткізіп, тиісті медициналық көмек көрсетілген. Алексейдің арқасы 60 пайыз күйіп кеткен екен. Екеуі де жансақтау бөлімінде жатып, қазір аман-есен елге оралған. Өрт сөндірушілердің арқасында көрші үйлерге зақым келмеген. Ауыл адамдарының ауызбіршілігі жақсы ғой. Бәрі де бір үйдің адамдарындай Алексей мен Индираға қолұшын беруге тырысып-ақ жатыр.     
– Дәулет бізді ажалдан арашаламаса екі баламыз жетім қалар еді. Көршің болса осындай болсын! Ауыл әкімі бастап, ел қостап барлық жағдайымызды жасап бағуда. Әзірше басқа үйде тұрып жатырмыз. Жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін өз үйімізге ораламыз ғой. Бір түсінгенім адам баласы бүгін бармын деп күпірлік танытпауы керек екен. Ажал аяқ астында. Сол түні телевизор тоқ көзінен ажыратылмай қалыпты. Розетка қызып кетіп, өрт содан туындаған. Түнгі екілер шамасында оянсам, үйдің іші көк ала түтін. Жанталасып балаларды киіндіріп далаға шығардым. Алексей болса, өртті сөндірмек болған кезде телевизор жарылыпты. Мен оны құтқарамын деп өзім де өрт ортасынан шыға алмай қалдым. Дәулет болмағанда не болар еді. Газет арқылы басымызға күн туғанда қолұшын берген Новорыбинка селолық округінің әкімі Арман Оразовқа, ауыл тұрғындарына, әсіресе, Дәулеттің өзі мен оның отбасына зор алғыс білдіргім келеді,–деді Индира ағынан жарылып.
Дәулет Жексенбайұлы жан-жақты тұлға. Ол білім нәрін себезгілеткен білікті мұғалім ғана емес, қолы епсекті шебер де екен. Бұл өнерді әкесі Жексенбайдан үйренген. Ағаштан түйін түйген қолөнерші ата кәсіптің арқасында отбасын асырап отыр. Оны ауылдастары он саусағынан өнер тамған ағаш ұстасы деп те құрметтейді. Енді міне, жамағатқа үлгі болған ержүрек қайсарлығымен де ел аузында жүр. Дәулеттің үлкен ұлы Ербосын Щучинск қаласындағы педагогикалық колледжінің екінші курс оқушысы. Ал, Бауыржан, Еркежан, Азиза үшеуі мектеп жасындағы балалар. Кенжесі балтілді Мансұр төрт жаста.
– Әкеміз өте сабырлы, қарапайым, ақкөңіл адам. Үнемі бізге әсіресе, ұлдарға білгенін үйретуден еш жалыққан емес. Орынсыз сөйлеп кеуде соғып, теріс қылық танытқанын көрген емеспіз. Өте қарапайым адам. Біз әкемізді өзімізге мақтан әрі үлгі етеміз,– дейді тұңғышы.        
Есіл еңбек ескерусіз қалмайды деген бар. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың 2017 жылғы 15 маусымындағы №168 бұйрығына сәйкес адам құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен қайсарлығы үшін Дәулет Әкімжанов «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталыпты.
Иә, жақсы адамдар жанымызда жүр. Кей-кейде көп нәрсеге жіті көңіл бөлмей, назар аудармайтынымыз бар. Мәселен, қалың қалада тұратын қазақ көршісі түгілі өз бауырымен де етене араласпайтын болды.  «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген. Қалай дегенмен де ұлт мәдениеті мен ұрпақ тәрбиесінің үлгілері ұялаған – ауыл адамдары атадан мұра болған ата-дәстүрді берік ұстанып келеді деуге негіз бар. Өз жанын шүберекке түйіп, көршісі үшін отқа түскен Дәулеттей жандар өскелең ұрпаққа өз өнегесімен үлгі.
Р.S. … Ауылдың балалары көпшіл келеді. Әңгімемізге ара-арасында төрт жасар Мансұр да араласып қояды. Бал тілді балдырғанның қылығына сүйсініп, бізде оны сөзге тартқанды жөн көргендейміз.
– Мансұр өскенде кім боласың? – дейміз оны сұрақтың астына алып.
– Әкем сияқты батыр боламын, – дейді ол ерекше мақтанышпен.
Иә, «Әке көрген оқ жонар» деген осы-ау шамасы.
     
Новорыбинка ауылы,            
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар