Су бөгеті нығайтылуда

Жібек жолы ауылының маңындағы «Безымянная» су бөгетін нығайту жұмыстары қолға алынды.

Аталмыш ауылдың оңтүстік-шығыс жақ тұсында орналасқан  су бөгеті 1968 жылы салынған болатын. «Безымянная» аталатын бұл нысанның ұзындығы 2 шақырым, биіктігі 3-4 метр, орталық тұсында су ағызатын екі шлюз орналасқан.  Нысан 2016 жылға дейін иесіз тұрды. Қазіргі кезде Аршалы ауданының коммуналдық меншігіне алынып отыр.
Жақында осы су бөгеті шлюзінің апатты жағдайына байланысты аудан әкімі Азамат Тайжановтың шешімімен аудан аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Аталған бөгеттің гидротехникалық құрылысындағы бетон және шлюздердің бұзылуынан гидродинамикалық апат қаупі туындаған.
Ауданға жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Марат Күлдіков, облыс әкімінің орынбасарлары Дәурен Әділбеков пен Жанболат Смайылов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтың қатысуымен көктемгі су тасқыны кезінде апатқа жол бермеу мақсатында инженерлік шараларды жүзеге асыру бағытында  көшпелі жедел мəжіліс өтті.
Онда аталған бөгеттің барлық учаскелері зерттеліп, төтенше жағдайға жол бермеу жолдары қарастырылды. Осы мəжіліс қорытындысына сай шлюздердің маңына елді мекенді су тасқынынан қорғау үшін қосымша жасанды бөгет тұрғызылып, су өткізетін диаметрі 1000 миллиметр екі құбыр орнату жөнінде шешім қабылданды.  Бұл аталған шлюздерге түсетін ауыртпалықты азайтпақ.  Сондай-ақ, төтенше жағдай орын ала қалған кезде жергілікті атқарушы органдар тарапынан іске асырылатын  шұғыл әрекеттері сараланды.
Сонымен қатар, ТЖД басшысының ағымдағы жылдың 17-ші ақпанындағы №27 бұйрығына сәйкес департамент бөлімшелері мен құрамы жоғары деңгейдегі дайындыққа көшті. Қазіргі кезде 200 қап құм, 600 тонна инертті материалдар мен бетон блоктар жеткізілді. Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары жалғасуда.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар