Су тасқынына – тосқауыл

Биыл қыста қар қалың түспегенімен, топырақ қабатының қатып қалуы салдарынан кей аудандарда су тасқынының қаупі мол. Дәл қазір табиғат апатын алдын алуда қауырт шақ туып отыр. Аудандар мен қала әкімдіктері төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесіп, жергілікті жерлерде су тасқынын болдырмау мақсатында қауіпті елді мекендерді толығымен бақылауға алып, өзен-көлдерде мұз жару жұмыстарына барлық күшті жұмылдыруда.

ЦЕЛИНОГРАД. Аудан елді мекендеріндегі су көп жиналатын көшелердің тізімі жасалды. Бұл көшелерде жыл сайын қиындықтар туындайтын болғандықтан, басты күш осыларға жұмсалуда. Бүгінгі таңда аудан бойынша 3725 текше метр қар сыртқа шығарылып, 105 текше метр материал төселген. Оған қоса, ұзындығы 650 метр арық қазылды. Семеновка ауылы арқылы өтетін «Алматы – Екатеринбург» тас жолында, сондай-ақ, «Жасыл Аймақ» орман алқабынан Есіл өзеніне дейін арық қазылды. Қосшы ауылдық округіндегі «Лесная поляна» тұрғын үй кешенінде жəне Қоянды ауылдық округінде 480 текше метр еріген қар суы сыртқа ағызылды. Сондай-ақ, Нұресіл ауылдық округінде «Жасыл Аймақ» коммуналдық кәсіпорнының орман алқабында да арықтар қазылды.
ЗЕРЕНДІ. Шағалалы су қоймасы ерекше бақылауда ұсталуда. Осыған байланысты су ресурстары комитетiмен бiрлесiп, артық қарғын суды ағызудың кестесi жасалды. Гидротехникалық қондырғыларда шлюздердiң, көтергiш механизмдердiң және тағы басқа құрал-жабдықтардың қатып қалмауына жол бермеу үшiн алдын алу шаралары қарастырылуда. Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында ауылдық округтерде қажетті жасақтар мен құрал-жабдықтар қоры жасалған. Оған барлығы 400-ге жуық адам, 266 арнайы техника, 14 суда жүзу техникасы тартылады. Сонымен қатар, жанар-жағар май қоры, инерттік материалдар, қапшықтар да әзірленді. Тұрғындар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіретін 22 орын анықталды. Денсаулық сақтау нысандары мен жедел жәрдем қызметінің дайындығы пысықталып, тұрғын үйлердің аулалары, арықтар, көшелер қар мен еріген қар суынан тазартылуда.
АТБАСАР. Ағын судың көптеп келуіне байланысты «Атбасар-Сочинское» бағытындағы жол уақытша жабылды.
Аудан әкімдігі тарапынан су тасқынын болдырмау мақсатында алдын алу шаралары жоспарға сай жүргізілуде. Соның нәтижесінде Сепе, Сочинское, Ярославка ауылдарына апаратын жолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Алайда, бұл елді мекендерге ешқандай қауіп туып отырған жоқ. Шамамен бірнеше сағаттан кейін су деңгейі төмендеген соң жол ашылып, көлік қозғалысы қайта жанданды. Қазіргі кезде аудан бойынша су тасқынының алдын алуда барлық күштер мен техника Атбасар қаласына жұмылдырылуда. Әзірге ауданда жағдай қалыпты.
Аслан ОСПАНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *