Су тасқынынан зардап шеккен

атбасарлық тұрғындарға 45 пәтерлік 12 үй салынады

 

Бұл – облысымызда табиғат апаты салдарынан  баспаналары жарамсыз болып қалған отбасыларына нақты көмек көрсетіледі
деген сөз.

 

Журналистерге бұл сапарды да өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырды. Бүгінгі таңда сараптама қорытындысы шығарылып, аудан бойынша су басқан 623 тұрғын үйдің 467-і апатты жағдайда деп танылған. 168 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Қазір сараптамашылар тұрғындарға зерттеу актісін таратуда. Кейін тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге және су алған тұрғын үйлерді жөндеуге қомақты қаржы бөлінбек. Жаңа тұрғын үйлердің құрылысы маусым айында басталады деп жоспарланған. Су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарына «Таза қала» қоғамдық бірлестігінің қорынан қаржылай көмек көрсетілуде. Бұл қордан баспанасыз қалған тұрғындардың пәтер жалдау ақысы төленуде. Атбасар қаласының әкімі Нұржан Қамбатыровтың айтуынша, су тасқынының зардабын жою мақсатына 321 миллион 665 мың теңге бөлінген. Бұл қаржыға 45 пәтерлік он екі тұрғын үй, модульдік бу қазандығы және инфрақұрылым құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары жасалуда. Осы қаржыдан тұрғын үйлердің жағдайын бағалаған сарапшылардың еңбекақысы да төленген.
–Қазір инфрақұрылымдар мен жолдар жөнделіп жатыр. №1 орта мектеп пен «Есіл» сауықтыру кешенінің ғимаратын күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Бұл жұмыстарға қаржы бөлу үшін бюджетке өтінім жасалады. Сарапшылар аудан орталығындағы 367 тұрғын үйді апатты жағдайда деп бағалады. Тұрғын үйлер жаңа шағын ауданға салынады. Бұл үйлерге су тасқынынан зардап шеккен қала мен селолық округтердің тұрғындары кезең-кезеңмен бір жылдың ішінде қоныстандырылады деп жоспарлануда. Әзірше баспанасыз қалған тұрғындарға арнайы қордан пәтер жалдау ақысы төленуде,– деді қала әкімі бізбен әңгімесінде. Жалпы «Таза қала» қоғамдық бірлестігінің есеп-шотына 18 миллион 269 мың теңге түскен. Бірлестіктің өкілі Надежда Райле өз сөзінде пәтер жалдаудың 218 келісім-шарты жасалғанын,124 келісім-шарттың төлемақысы төленгенін айтып өтті.
Су тасқынынан зардап шеккендердің бәріне 11 миллион теңгеге бағаланған  қайырымдылық көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар зардабын жою жөніндегі аудандық штаб бөлімінде кездескен Таисия Хижинскаяның саман үйін 2005, 2007, 2014,  2017 жылдары су алған. Ол өз сөзінде апатты жағдайдағы үйіне техникалық қорытынды алғанын, бір айдан бері қор жалдаған пәтерде отбасымен тұрып жатқандарын айтты. Бұдан кейін біз су тасқынынан зардап шеккен бірқатар тұрғындардың үйінде болдық. Солардың бірі – №2 облыстық коррекциялық мектептің мұғалімі Светлана Любицкая қолұшын созған атқарушы органдар мен қайырымдылық көрсеткен жандарға алғысын білдірді.
–Алдағы уақытта жаңа пәтерде тұратыныма сенімдімін. Әзірше  «Таза қала» қоғамдық бірлестігінің қоры жалдаған пәтерде тұрып жатырмыз. Бізге азық-түлік, төсек-орын және киім-кешек тәрізді қайырымдылық көмек бірнеше мәрте көрсетілді,– дейді ол.
Жабай өзенінен бір шақырым қашықтықта тұратын кәсіпкер Андрей Шумилиннің жаңа салған үйін жарты метр су басқан. Сарапшылар бұл тұрғын үйге 900 мың теңгенің күрделі жөндеуін жүргізу қажет деп қорытынды шығарыпты. Қаржы бөлінгенше кәсіпкер өз күшімен жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар баспанасыз қалмайтындарына сенімді.

Атбасар ауданы.

Рамазан Тілеуов.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар