Судың да сұрауы барын ұмытпайық

Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастықтың алдында табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, қоршаған ортаны ластауды шектеу, ол үшін «Жасыл экономикаға» көшуді  жеделдету сынды көкейкесті мәселелер тұр. Әрине, бұл проблеманы әр мемлекет өзінше шешуге талпынуда. Алайда, мұндай жалпы адамзат үшін өте ауқымды проблеманы дұрыс жолға қою үшін бірлесе қимылдаған абзал. Бұл жағдайға бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы да өз үлесін қосуда.

Осыған орай, БҰҰ Даму бағдарламасы «Жасыл экономикаға» көшуге орай, 2015 жылы «Қазақстанның жасыл экономика моделіне көшуіне қолдау» атты бірлескен жобаны қолға алған болатын. Осы жоба аясында 600 000 евро грант бөлінді. Аталмыш грант бағдарламаға өз ұсыныстарын ұсынып, байқауда жеңіске жеткен 14 үкіметтік емес ұйымға бөлініп берілген еді.
 Сондай-ақ,  «Water in Aul» атты жастар арасында өткізілген байқауға 43 бизнес жоба мен 46 жеке жоба ұсынылған болса, оның алғашқысы бойынша 4 жоба жеңімпаз деп танылып оларға
1 300000 теңге берілді. Ал, жеке жобалар бойынша 18 қатысушыға 50000-300000 теңге аралығында қаржы бөлінген.
Міне, осы жобалар аясында облысымыздың Степногорск қаласы мен Аршалы ауданында бірнеше жоспар жүзеге асырылды. Мәселен, Степногорск қаласындағы «Айгөлек» балабақшасында су үнемдегіш құралдар орнатылса, мектеп-гимназияда «Таза су» бағдарламасы аясында үнемдегіш құралдармен қатар, су тазалайтын қондырғылар орнатылды.
Жалпы, аталмыш жобалар су тұтынуды 20 пайызға азайтуға мүмкіндік берсе, су тазалаудың оннан астам тәсілдері ұсынылады. Осындай қондырғылар Аршалы ауданындағы Арнасай ауылындағы орта мектеп пен Ақкөл ауданы орталығындағы балалар үйінде де іске қосылды.
Сайып келгенде, «Жасыл экономикаға» көшу, ауыз суды үнемдеу бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Яғни, бұл мәселеге үкіметтік емес ұйымдардың, оның ішінде әсіресе, жастардың бұл тұрғыдағы жобаларға белсене араласып, өздерінің бизнес-жоспарларын ұсынулары қуантады.
Талғат ҚАСЕН.
Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар