Сыңғыр шолпы шашбауың, жарасады таққаның

«Достар» мәдениет сарайында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының және облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен бұрымды бойжеткендер арасында «Шашбаулым» атты облыстық байқау өтті. Инабаттылық пен ибалық, кішіпейілділік пен кісілік, ізеттілік пен ізгілік бір бойынан табылатын сегіз ару өз өнерлерін ортаға салды.

 

«Әшекейі жоқ әйел жапырағы жоқ ағашпен тең» демекші, қолаң шашына шолпы таққан, бұрымын әсемдеп шашбаумен өрген қыздарды сирек кездестірсек те, шындығында бұрымды қыздар жоқ емес екен. Қазақ халқы қыз баланың шашына қайшы тигізбеген. Осы бір қазақы дәстүрді бұзбай, қолаң шашын бақытына балаған аталмыш шараға қатысқан қыздар байқауда өз өнерлерін ортаға салып, көрермен қошаметіне бөленді. Арулардың  барлығы сахна мәдениетін жақсы меңгерген, үстіне киген киімдері де келісті көрінді.  
Қатысушылар сайыс шарты бойынша алғашқы кезеңде өзін-өзі таныстырды. Сән-салтанаты жарасқан сұлулар қазақ қызы үшін бұрымның қасиеті ерекше екендігін мақтанышпен жеткізді. Келесі кезеңде көрікті қыздар өз өнерлерін ортаға салды. Бірі мың бұралып билесе, енді бірі тамылжыта ән шырқады. Өзі медициналық колледжінің студенті болса да, монолог оқығанда алдына жан салмай, әртістік қабілетімен ерекшеленген Гүлнәз Бөкештің өнері көрерменді тәнті етті.     
Сегіз қыздың ішінде бота көзі мөлдіреп, тал шыбықтай бұралған, бұрымы беліне, иманы жүзіне төгілген  Көкшетау қаласындағы №12 орта мектебінің оқушысы Әнел Қадырова байқаудың жеңімпазы атанып, жүлделі І орынды иеленді. Ал,  облыстық дарынды балаларға арналған №3 мектеп интернатының оқушысы Жәмила Хаджымұратова ІІ орынды иеленсе, жүлделі ІІІ орын Көкшетау медициналық колледжінің студенті Гүлнәз Бөкейге бұйырды. «Көрермен көзайымы» аталымын Зеренді ауданындағы қазақ орта мектебінің оқушысы Аққу Аманжолова жеңіп алды. Байқауға қатысушылардың барлығына ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.      Ұлттық құндылықты ұлықтаған әдемі кеш алда да жалғасын тапса екен дейміз.            
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген  Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар