Түркістан сапары

Түркістан! Қасиетті де киелі Атамекен! Барша қарға тамырлы қазақтың тоғыз торапты жолмен төрткүл дүниенің төрт бұрышынан ағылып келіп ат басын тиер ата жұрты. Ықылым ерте дүниедегі нар аударып жететін кезден бастап, қас пен көздің мезетіндегі зымыран жылдамдықпен Қараспанынан тіке қонатын шаққа дейін алп-алп басқан ауыр уақыттың ғана таразысы куә тәмсіл дүниенің шегі-қиыры жоқ дария дүниесі айналған жеке бір әлем.

Қараспанның әр төбесі, әр белесі ертегі,
Топырағын басып қалсаң бір ертегі шертеді.
Мына төбе қанды айқастың іздері ғой кешегі,
Бұл арада бір кездері қала болған деседі…
Түркістан – адамға ғаламның барша тарихын уыз қалпында алдыңа жайып салатын, мың жылдықтар шежіресін әулиедей әсер ете отырып көз алдыңа әкелетін, санаңа саңылау салып әлдебір сыбызғы әуенмен себезгілей тербетіп, көкірегіңе күмбірлетіп домбыра күйді қайнаған қорғасындай құятын, қабырғаңды қақырата сөгіп, талша мойныңды қылша қылып идіріп, жанарыңа жас үйіртіп, есіңді кіресі шығасылы бейуақ әсерге елітіп қобыз сарынымен диуана кейіпке енгізіп, елжіретіп, елітіп, емірентіп, бойыңдағы алпыс екі тамырыңды балқытып, күретамырыңды қайнататын киелі ЕЛ!
Сәті келді. Сағыныштың сарғайған сарша тамыздағы сағымындай созылған уақыттың үлесіне ғана тәуелді шаруаның реті келіп, Арқадан аттанған бір дүйім ел аттың басын Түркістанға тіреді. Мақсат – ұлы бабамыз Жәпек батырдың рухына тағзым етіп, аруағына бас иіп, ұрпағының атынан ас беру еді. Тарлан тарихтың қойнауын ақтарып, ұзақ уақыттан бері іске асырылмай жүрген парызды өтеу. Біз жиналған жоқпыз, бізді бабамыздың өзі шақырғандай, басымызды біріктіргендей әсер кештік. Өз басым талай рет Түркістан топырағын басып, қасиетті кесене – Қожа Ахмет Яссауиде болғанда «неге біздің бабамыздың аты аталмаған, қалайша есімі ескерілмеген деген ой маза бермей, жүрек түкпірінде шер болып қала беруші еді. Бәріне де уақыт таразы екен ғой. Сол уақыт туып, ұрпақтары бас қосып, бабасы жатқан жерге зиярат етіп, қайтты.
Абылай ханның сенімді серігі, жорық жолдасы болған, жоңғармен болған жаугершілік замандағы қазақ батырларының ішінде белгілі болған Атығай Жәпек батыр Дәуітбайұлының тарихтағы орны ерекше. Ұлы Шоқаннан бас-
тап, тарихшы В.Моисеев, Үмбетей жырау, Толыбай, Шал ақындар, Мағжандар жырына қосқан, І.Есенберлин, Қ.Жұмаділов тарихи романдарына арқау еткен, бүгінгі Иран Ғайып, Төлеген Қажыбайлар тарихи драма, дастандар жазған. Бүгінгі сөзімізде батыр Жәпек бабамыздың тұлғасы жайындағы тарихи жылнамаларды тәптіштеп толық жазуды мақсат тұтпадық. Ол туралы академиялық кітап шығару мәселесі қолға алынды. Біз тек батыр бабаның бейнесін насихаттаудағы, бүгінгі ұрпаққа жеткізудегі алғашқы іс – Түркістан сапарын ғана тілге тиек етіп отырмыз.
Жәпек батыр Дәуітбайұлының Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің іргесінде жерленгенін «Әзірет Сұлтан» атындағы мәдени-тарихи қорық мұражайының ғылыми кеңесі ұсынылған тарихи деректі материалдарға сүйене отырып растап бергенін айта кетуіміз керек. Түркістанның небір қиян-кескі соғыстар, ауыр шапқыншылықтарды басынан өткергені белгілі. Бірде жоңғар, бірде Қоқан, бірде Хиуа хандықтарының иелігінде қалған қала өзінің 1500-2000 жылдық тарихында орасан зор оқиғаларды басынан кешірді. Ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі, атпал азамат Берік Қыстаубайұлының айтуынша Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңында үш жарым мың қазақтың хан-сұлтандары, бектері мен бекзадалары, батырлары мен әулие би-шешендері жерленген екен. Арнайы тіркеу кітабының осы күнге дейін табылмай отырғандығы, болжам бойынша өзбектерге қолды болғандығы туралы да айтылып өтілді. Тіпті, Түркістан тарихындағы қазақ есімін жою мақсатында сол маңдағы барлық зираттар мен қорымдар жермен жексен етіліп, құлпытастар талқандалып, тіпті ондағы жазулар қолмен өшірілгендігі белгілі болып отыр. Тек тәуелсіздік жылдары ғана Абылай хан бастаған азын-аулақ тұлғалардың сүйектері анықталып, антропологиялық ғылыми-зерттеулермен дәлелденгені анық. Ал, мәңгілікке байыз тапқан қазақтың қалған ұлы тұлғаларының сүйектері ортақ жерленгені де айтылып өтілген еді осы бас қосуда. Түркістан топырағына шөккен қазақтың батырлық дәуірінің тарихын аз ғана сөзбен жеткізу мүмкін емес сияқты.
Ештен кеш жақсы деген. Үш жүздің баласы Түркістанда жерленген өз ұлыларын ұлықтағалы біршама уақыт өтті. Біздің бабамызға да пантеоннан орын беріліп, аты жазылды. Жәпек батырдың бүгінгі ұрпақтарын бастап барған, исі қазақ елі таныған, медицинадағы еңбегін Еуразия мен Еуропа, Жапония мен Қытай мойындаған, бүгінгі ұлттың маңдайалды марқасқаларының қатарында жүрген қайраткер Абай Қабатайұлы Байгенжин болды. Ағаның алқалы топ алдында ақтарыла сөйлеген сөзі асқа жиналған қауымды ерекше тебірентті. Адал абыройының арқасында соңынан ерген елі ерен құрметке бөленді. Баптардың бабы – Арыстанбаб әулие жатқан бөлме, ұстаз, данагөй данышпан Қожа Ахмет Яссауи жатқан қасиетті бөлме арнайы ашылып, зиярат етіліп, құран оқылды. Бұл ұлы бабамыздың құдыреті болды. Айрықша тебірендік, алқымыңа тығылған жан толқытар сезімді жеткізу оңай емес. Батыр бабамыздың Арғын Атығайдың 1000 түтінін оңтүстік өлкеден Арқаға бастап барып (бұл Қытай дерегі), елін Көкшенің
Айыртау жеріне орнықтырып, қалың естектің етегін түріп, көз бейнелі туын тігіп, бар ғұмырын аттың жалында Абылайдың қасында қиық көзді жоңғармен шайқаста өткізіп, артынан киелі Түркістанның жер бесігіне бөленуі ғажайып құбылыс, шынайы шындық.
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой, –
деп Мағжан бекерге айтпаған. Түркістан біздің жүрегімізде жатталды, көкірегімізде сайрады, көңілімізді орнықтырды. Санамызды шаң басқан маргиналданған жанымызды тазартып оралдық елге! Бұл да болса батыр бабамыздың рухы, ұлылар мәңгілік тыным тапқан өлкенің өнегелі өрісі. Сол өлкеден өңірге шамшырақ жағып қайттық, сол арайлы сәуле бүгінгі ұрпақтың жүрегіне жылылық орнатып, нұр себелесін. Батыр бабасының рухынан қайраттанып, жігерленіп намысын жанысын.
Әр қазақ ең әуелі шет елге асық болмай, өз туған елінің төрт киелі жерін көріп алуы парыз деп есептеймін. Ол – Абай елі – Жидебай, Шыңғыстау, Бекет ата – Маңғыстау, Абылай елі – Көкшетау және Қожа Ахмет Яссауи – Түркістан. Бүгінде сакральды мекендердің алдыңғы қатарында тұрған осынау жерлерді көріп, содан рух алып, намысын жанып, санасын жаңғыртып, сенімін бекітіп барып өзге әлемге құлаш сермеген қазақ баласының ішкі жан дүниесінде нағыз ұлтжандылық тағлым ұялайтынына кәміл сенемін.
…Түркістан тағы да бір тарихының парағын ашты. Біз аяулы атамекенмен қимай қош айтыстық. Рухың мызғымасын қасиетті Түркістан.

Нұртас АХАТҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты, педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *