Тәрбие жұмысында жиі пайдаланамыз

Ұлттық ойындар – қазақ халқының ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтарының бір түрі.

Ол ата-бабаларымыздан жеткен байлығымыз, асыл қазынамыз. Оны күнделікті тұрмыста пайдаланудың пайдасы орасан зор. Әр ұлттық ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, ілгері талпындыра түседі.
Белгілі педагог В.А.Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда: «Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады».
Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құштарлық пен еліктеудің маздап жанған оты. Тынысын кең алғызатын, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиял мен қанат беретін осындай ғажап нәрсе ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.
Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» – деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.
Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайықтары «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақ серек-Көк серек», «Айгөлек», «Ақ сандық», «Көк сандық», «Ақ сүйек». Ойындар ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдыққа үйрету іске асырылады. Ұлттық ойын баланың дамып жетілуіне, адамгершілік қасиеттерінің артуына және де психикасына оң әсер тигізеді. Ұлттық ойындар арқылы ол өз халқының тарихын, ата-баба жерін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, қонақжайлылығын танып біледі. Ұлттық ойындарды балаларға үйретуде оларға өмір туралы мағлұмат беруге болады. Балаларға ұлттық ойындарды үйрету арқылы олардың әділдік, достық, сыйластық, кішіпейілдік, яғни, адамгершілік қасиеттері де дамиды. Басқа да ойындар сияқты қазақтың ұлттық ойындарының да бұлжытпай орындалуы тиісті тәртібін сақтай отырып, әр бүлдіршінді тәртіпке, әділдікке, жинақылыққа, адалдық пен қайырымдылыққа, батыл, өжет болуға тәрбиелеуге болады.
Біздің бала бақшада осы бағыттағы тәрбие жұмыстары көптеп жүргізілуде. «Халық айтса қалт айтпайды» демекші, тәрбие басын тал бесіктен бастағанның өзі де еліміздің ертеңін ойлау, яғни, атадан балаға жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлеу. Баланы сәби кезінен осыған баулыған жөн.

Лаура АУГАПАСОВА,
Көкшетау қаласындағы
№1 «Арман» бала бақшасының
«Балапан» кіші тобының тәрбиешісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *