Төрт ауданның тіршілік тынысы

Облыс әкімі Сергей Кулагин Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың аудандарында болып, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен және селолық округ әкімдерімен кездесті. Кездесу барысында бүгінгі күннің өзекті мәселелері талқыланып, көктемгі егіс науқанының қарқынын ширата түсу тапсырылды.

Өңір басшысы диқандармен жүздесу барысында гербицидтердің бағасын арзандатуға бағытталған мемлекеттік субсидия мәселесінің ерекше бақылауда екендігін айтып өтті. Бұл мақсатқа деп облысқа бөлінген қаржы барлық сұранысты қанағаттандыра алмайды. Шамамен алғанда әлі де 3 миллиард теңгеге жуық қаржы жетіспейді. Бұл орайда, облыс әкімі қажетті қаржыны іздестіретіндігін, бірақ, әркім өзінің қаржылық міндеттемелерін мүлтіксіз орындауы қажет екендігін атап өтті.
Тұтас облыстың тыныс-тіршілігі туралы сөз сабақтаған облыс басшысы кейбір салалардағы көрсеткіш бойынша республикада алдыңғы қатарда екендігін тілге тиек етті. Содан соң елді мекендерді абаттандыру мәселесі туралы бірқатар ескертулер жасады. Серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының басшылары тарапынан ауыл шаруашылығы жерлерін барынша тиімді пайдалану мәселесі де көтерілді. Бұл орайда, мән-жайды толық әрі түсінікті етіп атап өткен өңір басшысы ел игілігі үшін жұмыс істеп жатқан диқандардың ешбір теріс ықпалға салынбайтындығына сенім білдірді.
– Облыста ауыл шаруашылығына лайықты 10,5 миллион гектар жер бар. Соңғы он жыл ішінде осы жердің небары 0,8 пайызы ғана жекеменшікке өткен. Жер шетелдіктерге сатылған емес, сатылмайды да. Мұны сіздер жақсы білесіздер, – деді облыс әкімі Сергей Кулагин, – қазіргі күні біздің шаруаларды жерді сатып алу мәселесі емес, жалға алу мәселесі көбірек толғандырады.
Облыс әкімі Атбасар ауданында алдымен аудан орталығының абаттандыру және көгалдандыру мәселесіне көңіл аударды. Аудан әкімі
Андрей Никишовтың айтуына қарағанда қаланы абаттандыруға аудандық бюджеттен 10 миллион 380 мың теңге қаржы бөлінген, 18 қоғамдық кеңес құрылған. Соңғы бір айдың ішінде 13 мәрте жалпы қалалық сенбілік өткізілген. Оған алты мыңға жуық адам мен 63 техника қатыстырылған. Қаладағы 72 автобус аялдамасының 32-і жөнделген. Жыл басынан бері қаладан 5301,14 текше метр қоқыс шығарылған.
Өңір басшысы Жабай өзенінің жағасындағы бөгетті қарап көрді. Бөгет біршама берік салынғанына қарамастан, су тасқыны кезінде ішінара бұзылып, кейбір үйлерді су алған. Өңір басшысы аумақты қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді.
Облыс әкімі Жақсы ауданының ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларымен кездесіп, көктемгі егістің барысын пысықтады. Көктемгі егіске тыңғылықты дайындалған ауданның диқан-механизаторлары қазіргі күннің өзінде дала жұмыстарын еңсеріп тастаған.
Облыс әкімінің Есіл ауданындағы жұмыс сапары аудан орталығындағы бу қазандығының құрылысымен танысудан басталды. Құрылыс қарқыны туралы мердігер ұйым басшысы Марат Ахметов баяндап берді. Оның айтуына қарағанда геодезиялық жұмыс аяқталған, вахталық қалашық орнатылған. Бүгінгі таңда қазандықтың іргетасы қалануда. Жобаны жалпы құны – 6,9 миллиард теңге. Қазандықты салу аудандағы жеке үй секторын, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазандық салынып біткен соң он ұсақ бу қазандықтары жұмысын тоқтатады. Бұл жұмыс 2018 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.
Мұнан соң облыс әкімі Калачи және Красногорск елді мекендерінің тұрғындары үшін салынған 73 пәтерлі көп қабатты үйдің тұрғындарымен кездесті. Бұл үйде  36 пәтер әлі бос тұр екен. Сол бос үйлерді жетім балаларға беруді тапсырды. Тұрғындар өздеріне берілген пәтерлерді жекешелендіру мәселесін көтерді.
– Біз сіздердің бұрынғы елді мекендеріңіздегі жағдайды адам өміріне қауіп төндіретін жағдай деп қарау туралы ресми ұсыныс білдірдік. Бұл жай сіздерді тегін пәтермен қамтамасыз етуге негіз бола алады. Демек алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін табуы әбден мүмкін, – деп атап өтті өңір басшысы.
Жарқайың ауданының Державинск қаласында салынып жатқан емхананың құрылысын аралап көрді. Қазіргі күні ғимараттың ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы мердігер компанияның жетекшісіне орын алған кейбір кемшіліктер төңірегінде ескертулер жасады және ғимарат Астана күнінің қарсаңында 6 шілдеге дейін пайдалануға берілуі қажет деп тапсырды.      
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар