Төрт жылғы еңбектің жемісі

Атбасар қаласындағы №1 индустриалды-техникалық колледжінің «Арлан» әскери-патриоттық клубы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Шымкент қаласында өткен «Жас Ұлан» республикалық әскери-патриоттық ойындарында жүлделі екінші орынға ие болды.  Жүлдегерлерді Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник  Жанат Ережепов құттықтады.

 

– Биылғы жыл облыс үшін табысты да жемісті жыл болып отыр, Жақында ғана Алматы қаласында өткен әскери-қолданбалы көпсатылы жарысында Бурабай ауданының «Намыс», сондай-ақ, республикалық әскери-патриоттық жиынға қатысқан Степногорск қаласының «Батыр» әскери-патриоттық клубтары өздерінің жеңісті сәттерімен бізді қуантқан еді. Бүгінде олардың сол игі дәстүрін  Шымкент қаласында колледж студенттері арасында өткен «Жас Ұлан» республикалық әскери-патриоттық ойындарына қатысып, облысымыздың абыройын қорғаған Атбасар қаласының №1 индустриалды-техникалық колледжінің «Арлан» әскери-патриоттық клубы жалғастырып, жүлделі екінші орынды иеленіп отыр. Клуб жетекшісі мен оның әр мүшесіне алғысымызды білдіреміз, – дей келе департамент бастығы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп  жатқан жұлдызды 25 күннің мән-маңызына тоқталып, залға жиналған қауымды еліміздің атаулы мерекесімен құттықтады. Колледж студенттері арасындағы осындай ойын бірінші рет өткізіліп жатқанын атап өткен жөн. Себебі, бұл ойын биылғы жылдың еліміздегі басты мерекесі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Ойын барысында қатысушылар пневматикалық винтовкадан ату, АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинақтау, жеке қорғаныс құралдарын кию, кермеге тартылу, 100 метрге жүгіру сияқты 5 спорт түрінен додаға түсіп, бақ сынаған.  
«Арлан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері облыстық, аудандық көлемде ұйымдастырылатын ойындар мен жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған. Олардың дене жаттығуы және қару-жарақты қолдану, жинау бойынша дайындықтары жоғары клубтардың деңгейінде. 100 метрге жүгіруден жеке есепте Аман Сұлтанов бірінші орынды, кермеге тартылудан Роман Матвеев екінші орынды, ал, пневматикалық винтовкадан атудан Сергей Минец үшінші орынды иеленді. Жігіттер осы жетістіктерін өздерінің тәлімгері Талғат Молдыбаевтың арқасы деп біледі.  Клуб жетекшісін сөзге тартқанымызда, ол клубтың осыдан төрт жыл бұрын жасөспірімдерді әскери-патриоттық тұрғыдан тәрбиелеп, оларға Отан қорғау парыз екендігін түсіндіру, туған жерді,  шекараны күзетуге деген ынта-жігерлерін, туған елге, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылып, ашылғандығын баяндап берді.
Шара соңында жүлдегерлерді Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалының төрағасы Мұса Елеусізов құттықтап, клуб жұмысына сәттілік тілеп, ізгі ниетін білдірді.

Ырысалды Шамшиева.

Суретте: жарыс жүлдегерлері атанған  «Арлан» әскери-патриоттық клубының мүшелері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар