Тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бірқатар лауазымды қызметкерлеріне қатысты тәртіптік іс қаралды.

Әдеп жөніндегі кеңес ең алдымен, облыстық білім басқармасы мен Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшылары Б.Ізбасарова мен Б.Жүсіповтың  жемқорлыққа қарсы  күрес бағытындағы жүргізіп жатқан жұмыстары жайындағы есептерін тыңдады. Мектеп мұғалімдері арасында жемқорлыққа қатысты заңнамаларды түсіндіруге бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіліп тұрады.  Әдеп кеңесі мүшелері тарапынан түрлі шараларға қатысты мұғалімдердің балалардан ақша жинау жағдайлары жайында сауалдар қойылды. Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, мұндай жайлар орын алған жағдайда жедел тексеру ұйымдастырылып, оқиғаның анық-қанығы анықталады және кінәлілер заң шеңберінде тиісті жауапкершілікке тартылады. Өкінішке орай, облыс мектептерінде осындай келеңсіз жайлар ара-тұра болып тұрады екен.
Әдеп кеңесі облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қ.Біржекеевке, осы басқарманың табиғат қорғау бағдарламалары бөлімінің басшысы Б.Қалабаевқа және бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы Р.Қаухинге қатысты тәртіптік істі қарады. Басқарма тапсырыс беруші ретінде биыл көктемде Ақкөл ауданындағы Жарлыкөл көлінің айналасын абаттандырып, демалыс аймағына айналдыру жұмыстарын жүргізу үшін тендер өткізген. Конкурс бойынша «Нұр және Д» серіктестігі жеңімпаз деп танылып, жұмысты жүргізуді қолына алады. Жалпы құны 81 миллион теңге болып белгіленген абаттандыру жұмысы шілде айында басталып, қарашада аяқталуы тиіс болған. Дегенмен, прокуратура тарапынан жүргізілген тексеру барысында жол берілген заңсыздықтар анықталып, сот шешіміне сай жұмыс үш айдай тоқтап тұрған. Заңсыздық жойылғаны анықталғаннан кейін жұмыс қайта басталған.  Өткен жылдың қарсаңында  бітуі тиіс жұмыстың оннан бір нұсқасы да атқарылмаған. Бар істелген шаруа көл жағалауы сүріліп тегістеліп, төселетін плиткалар әкеліп жинап қойылған. Кейін құзырлы органдар тарапынан жүргізілген тексерулер көрсеткендей, бүгінгі күні  құжатта көрсетілгендей 16 миллионның емес, 9 миллион теңгенің жұмысы атқарылған және сатып алынды деп жазылған 40 миллион теңгенің орнында, құрылыс нысанында 1,7 миллион теңгенің ғана тауары болған.  Осылайша аяқталмаған жұмыс үшін тапсырыс беруші табиғи ресурстар және табиғатты  пайдалануды реттеу басқармасы мердігерге 71 миллион теңге ақшаны аударған.
Әдеп кеңесі алдында басқарма басшысының орынбасары Қ.Біржекеев және бөлім басшылары Б.Қалабаев пен Р.Қаухин өз уәждерін айтты. Сатып алынған абаттандыруға қажетті материалдар Астанада мердігер фирманың қоймасында сақтаулы, – дейді басқарма басшысының орынбасары. Ал, жұмыстың уақытында аяқталмауына сот шешімімен үш айға тоқтатудың себебі болған көрінеді.
Әдеп кеңесі бюджет қаржысын орынсыз жұмсап, заң бұзушылықтарға жол берген жоғарыда аталған басқарманың үш жауапты қызметкерін сөгіс түрінде тәртіптік жазаға тартуға шешім қабылдады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар