Тұғыры биік азамат

Жаңаболат аға! Ол кісіні көптен білемін. Жаны жайсаң, пейілі кең бір адам болса, тап осы ағамыздай болар. Барға асып-таспайтын, жоққа қанағатшыл мұндай жандардың көпшіл мінезі, елшіл кейпі сонау жандарына соғыс салған жарадан ба деп ойлайсың кейде. Өйткені, басынан ыстық-суықты көп өткізген адам айналасына да рақымшыл, орнықты келеді. Әйтеуір, қашан көрсең де  адамгершіліктің, өзіне тартып тұрар кісіліктің ізетті иірімдерімен баурайтын осы бір жайма-шуақ жанның кескін-келбеті көңіліңде  өз игілікті ізін қалдырмай қоймайды.

 

Сондайда  осындай ағаларымыздың арамызда жүргеніне, мына өмір атты ұлы көштің бір бәйтерегі болып бой тартып, айналасына ізгілік нұрын шашқанына шүкір дейсің. Әкесі Ұлы Отан соғысының қанды қасабында жоқ болған жалғыз баланың бір үйдің бас көтерері, елдің азаматы  болып қалыптасуының ара-арасында қаншама бұралаң да бұлтарысты, қиын да азапты жолдардың жатқандығын басынан кешкен, соның бәрін сана-сезімінен  өткізген жан ғана біледі. Жаңаболат ағамыз да осылай жетілген сол соғыстың сормаңдай балаларының бірі. Жау бейбіт елдің шырқын бұзғанда небары 5 жаста екен. Нені танып, нені біледі дейсіз ғой. Бірақ, сұм соғыс бала екеш баланы да ерте есейтіп, бұрын үлкендердің пешенесіндегі қара жұмысқа бұғанасы қатпай бойлатып жіберген. Сөйтіп, соғыстың аяғына қарай бұл да өгіз айдап, шөмеле салып, тылдың тауқыметіне көндіге берген.
Анасы Қалила жазмыштың дегеніне көніп, оқытып та, тоқытып та, қатарынан қалдырмаған Жаңаболат осылай ерте есейді. Оны есейткен жоғарыдағы заман сынағының өзі еді. Алдымен  Отан алдындағы әскери борышын өтеп, 1959 жылдың басында өзі туып-өскен  Зеренді ауданында сауда саласындағы еңбек жолына сәтімен қадам басты. Бүгінде өзіміз ағалап қоятын жақсы жандардың көбі осындай жадау көңіл, жыртық иін, кешегі қанды қасап соғыста опат болғандардың соңында қалған бір-екілі тұяқтарынан шыққан. Алдағы күнге талпыныс, ерік-жігер, нағыз мектепке барар кезі ауыртпалықпен өткесін бе, білімге деген құштарлық біздің кейіпкерімізді де өмір иірімінің өріне  жетелейді.
Сөйтіп, Петропавл есеп-экономика техникумын бітірген Жаңаболат аға да осы мамандықтың тізгінінен ұстап, Чкалов ауданындағы Севас-тополь астық қабылдау пунктінің жоспарлау бөлімінде 17 жыл бойы бір орында жемісті еңбек етеді. Бойындағы екінің бірінде кездесе бермейтін іскерлігі, өзіне тиесілі шаруаны жөнін біліп барып шешетіні, айналасына түзу көзқарасы бірте-бірте ел аузына ілігіп, көпшілікке таныла бастайды. Мұндайда ел жақтаған адамды жоғарыдағы басшылар да жақтайтыны белгілі. Жаңаболат Зиядаұлының осы аудандағы «Тихоокеан» совхозына директор болып баруының сыры да осында еді деп айтсақ, ешкім жоққа шығара қоймас. Сан ұлттың өкілі тұратын, сонау тың игеру жылы құрылған үлкен шаруашылықты 1979 жылы қабылдап алып, он сегіз көктем, он сегіз күзді тапжылмай осы қызметте өткізген Жаңаболат ағаның директорлық асу-белесінің ұзақтығы сол өз бойындағы, жан дүниесіндегі кең пейіл мінезден, шаруаның қыбын келтіріп, қолындағы жұмысын  дөңгелетіп отыруынан еді. Осы уақыт аралығында салынған көптеген тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени, өндірістік құрылыстар, алынған тау-тау астық, мыңғырған табын-табын малды айтпағанның өзінде, адамдармен тіл табыса білген өрелілігі, үлкен-кішіге қамқор көңілі, Атымтай жомарттай кең пейілі  Жаңаболат ағаны аудандағы белгілі  де беделді директорлардың бірі емес, бірегейіне айналдырғаны анық-ты.  Аудандағы өзге басшы інілері ұстаз тұтатын, ақыл сұрап, әділ сөзіне жүгінетін жақсы атағы бір шеті облысқа да жетіп жататын.
Сол аудан, облыс көлемінде талай хатшы ауысса да, өндірістік көрсеткіштерді жоғары ұстап, елдің қамын ойлап, әрқайсысының алдында өзін орнықты, ойлы, іскер азамат ретінде көрсете білген Жаңаболат Зиядаұлы әрине, түптің-түбі сол өздері басқарған шаруашылықтар  су құрдымға кетеді деп ойлап па. Бір үміт, бір күдік алма-кезек түсіп, халықтың титықтаған тұрмысы шегіне жетіп тұрған 1996 жылы өзі сан жылдар күнді түнге ұластырып, абыройын ойлаумен ғана болған «Тихоокеан» совхозының тізгінін өз еркімен қолынан бергенінде, мұнда 2206 қара мал, соның ішінде 72 сауын сиыр,  100-ге тарта жылқы, 72 трактор, 44 комбайн, 37 жүк машинасы бар болатын. Одан арғы жағдай бәрімізге белгілі ғой.
Осындайда адамның арғы тегін, шыққан ортасын да ойлайсың. Жаңаболат ағамыздың осылай жақсы-жайсаңның  бірі болып жүргені бәлкім, осал атадан емес, Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллинге нағашы болып келетінінен шығар. Біздіңше, дәл солай.  Өзі директорлықтан кейін заман ағымымен құрған шаруа қожалығының да «Мәлік» аталуы жиеншарына деген осы бір мақтаныш сезімінен, құрметінен  екені даусыз.
Еңбек ардагері бүгінгі таңда Көкшетау қаласында тұрып жатқанымен, туған топырағы Туражол мен басшылық қызметте өзінің айшықты ізі қалған  Тихоокеан ауылдарын, екеуін де  ұмытпайды. Осы күні жұрты ғана бар Туражолға ата-баба зиратына тәу ете барса, екіншісіне кешегі ат үстіндегі ел үшін аянбай қызмет еткен ұмытылмас күндерін сағынып,  қазіргі жағдайын біле барады. Аяулы жары Күлғиза жеңгей екеуі осында екі ұл, бес қыздарын тәрбиелеп өсіріп, оларды еңбекке баулып, ұядан ұшырып, қияға қондырғаны күні кеше ғана сияқты  еді. Одан бері де аумалы-төкпелі заман кінәратты жүрегіне біраз сызатын салыпты. Өмірлік қосағының да бақилық болғанына міне, бір жыл. Көз алдына елестеп  тұра қалса, біреу-міреу бір ауыз жақсы сөзімен есіне алса, жанарына мөлтілдеп жас келеді. Осылай ой сорабы әрі-бері байыз тапқызбайды, қотанында  шырайлы  күндері өткен бір кездегі іргелі ауылдың бүгінгі қыр гүліндей солған жұпыны тірлігін, тозған жолын ойлайды.
Қан майданнан оралмаған әке қасіреті де ауық-ауық жанын жегідей жеп, маза бермейтін. Ақыры, нақты жерленген жерін тауып, биыл күзге салым тележурналист, елгезек азамат  Қалымбек Мұхамеджановтың жанына серік болуымен нар тәуекел деп сонау Украинаға бір-ақ тартты. Содан әке қабірінің басында болып, Туражолдың қос уыс топырағын салып, толқып-тебіреніп, көзіне жас алып, өмір бойғы арманына жетіп оралды. Оған қоса, сексеннің сеңгіріндегі ой өрімдері, көңіл көгенінде сақталған тарау-тарау өмір жолдары сырға толы жан сезімі болып, кітапқа да айналып отырған  жайы бар.  Баспадан шыққан бұл   еңбегі де Қараөткел мен  Көкшенің  айтулы бір  ел ағасы Жаңаболат Зиядиннің тағылымды өмірінен «өскелең ұрпақ, үлгі алыңдар» деп тұрғандай. Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері  Қорғанбек Аманжолдың қаламынан дастан болып шығандаған ардагер өнегесі қай жағынан алып қарасақ та, олқы соқпастай.  Иә, 12 немере, 6 шөберенің аталаған дауысы бір бөлек болса, ел құрметі қашанда бір бөлек. Соны сезінген асыл аға жүрегі сеңгірлі сексенінде де мына өмірге құштар, арайлап атқан әр таңға асық. Солай бола түссінші!..
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар