Тағылымды дәріс

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде филология факультетінің 1 курс студенттеріне «Елдің асыл тірегі  – Ата Заң» атты тақырыпта дәріс оқылды.

Дәріске университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Аманай Сейітқасымов пен оқу ордасының  ардагерлер кеңесінің төрайымы Тыныштық Ахметова қатысты. Тағылымы мол дәрісті аталмыш университеттің заңтану кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Ерлан Наурызбаев оқыды.
– Кез-келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Тәуелсіздігіміздің тұғырын жария ететін, еліміздің символы мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, құрметтеу – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының  парызы. Тәуелсіздік бұл – біздің ең басты байлығымыз болып табылады. Өскелең ұрпақ, сіздер, осы басты құндылығымыздың бағасын біліп, әрбірің Отанның нағыз патриоты болуларыңыз керек, – деген пікірді тілге тиек еткен оқытушы студенттердің  Ата Заң жөнінде түсініктерін тереңдетіп, Конституцияның сипаты мен маңызы, оның қалыптасу тарихының кезеңдері және  ерекшеліктері туралы білімдерін кеңейте түсті. Сонымен қатар, ұлттық болмысымызды бейнелейтін заңдық қағидалар мен ережелерді жастардың бойына сіңіріп, оларды Ата Заңды құрметтеп сыйлауға шақырды.
Мағыналы дәрістен алған әсерімен бөліскен аталмыш университеттің ағылшын тілі бөлімінің 1 курс студенті Әйгерім Мараттың айтуынша, осындай шаралардың жастарға берер тәлім-тәрбиесі өте зор. – Әрбір  адам өз ұлтының тарихын жіті білуі керек деп есептеймін. Жүрегі елім деп соққан жастан келешекте өз Мемлекеті үшін маңдай тер, күш-қуатын аямайтын нағыз елжанды азаматтар шығатынына сенімдімін. Қай жағынан алып қарасаңыз да біз өркениеті дамыған озық елдердің қатарындамыз. Өскелең ұрпақ осы үдеден шығуы тиіс, – деп ойын сабақтады ол. Пікірталас түрінде өткен дәрісте студенттер көкейде жүрген сұрақтар қойып, оларға жан-жақты жауаптар алды.
Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар